Жаңалықтар

Мектепке тағзым — ұрпаққа тағылым

Мерейлі шақ

Былтырдан бері Қуандық Шаңғытбаевтың есімін иеленген Қарабұтақ мектебіне биыл 90 жыл толып отыр. Өткен аптада осындай айтулы мерейтойға арналған «Мектепке тағзым — ұрпаққа тағылым» атты форум ұйымдастырылды. Оған осы мектепте қызмет еткен еңбек ардагерлері мен әр жылдарда оқыған мектеп түлектері қатысты.

Әуелі жұрт мектеп маңына орналасқан түлектердің көмегімен арнайы жасалған Қуандық Шаңғытбаевтың бюсті алдына жиналды. Бұл жерде ақын, публицист, «Адырна» әдеби журналының бас редакторы, Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлықтың иегері Мейірхан Ақдәулетұлы сөз сөйледі. Сосын Қарабұтақты көп жылдар бойы басқарған бұрынғы әкім Зоя Бөлекова екеуі бюстті салтанатты түрде ашты.

Одан соң Қ.Шаңғытбаев атындағы мектеп мұражайы ашылды. Оның лентасын осы мектепті 2005-2012 жылдары басқарған Бағдаш Таласова қиды. Ал Достан Жапаров атындағы тарих кабинетін жабдықтауға балалары көмектесіп, үлкен шкаф тарту етіпті.

Сонымен қатар, Фирдауся Юсупова атындағы орыс тілі мен әдебиеті кабинеті салтанатты түрде ашылды. Еңбек ардагерлері Айымгүл Айтмағамбетова мен Баян Қойлыбаева бірге лентасын қиып, өз сыйлықтарын тарту етті. Ал Әлфия Юсупова анасының атындағы кабинетке стенд жасатып, сыйлады.

Қуандық Шаңғытбаевтың шығармашылығына арналған «Маржан жырдың мәртебелі дегдары» атты конференция өтті. Форумға арнайы шақыртумен келген филология ғылымдарының кандидаты, доцент Өтеген Жақыпов «Сыршыл да, шыншыл ақын» деген тақырыпта баяндама оқыды.

Туған жерін сағынған түлектер ауылды аралап, «Әкелер саябағында» серуендеп, ауылдағы мұражайды көрді.

Бұл шараға Әйтеке би ауданы орталығындағы «Целинник» мәдениет үйі жанынан құрылған «Замандас» халықтық театры арнайы келіпті. Осы театрдың режиссері Гүлдана Қалмағамбетова да Қарабұтақ мектебінің түлегі.

  • Мен де осы мектептің түлегімін. Мектебімнің мерейтойына тартуым ретінде ұжымыммен келіп, өнер көрсеттік. Қуандық Шаңғытбаевтың «Ой, жігіттер-ай» комедиясын сахналадық. Түлектер форумына келген ақын, публицист Мейірхан Ақдәулетұлы біздің театрдың өнеріне риза болғанын айтып, ұжымға ақ батасын берді. Бұл — біз үшін үлкен мәртебе! — дейді ол.

Қойылым түлектер шеруіне жалғасты. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Шыныбаеваның айтуынша, форумға жан-жақтан келген түлектер мектепке сыйлықтарын тапсырыпты.

  • Мысалы, кәсіпкер Гүлжанат Ембергенова өз атынан мектепке 1 миллион теңге тарту етсе, Рая Сұлтанова 200 мың теңге беріпті. 1992-1993 жылғы түлектердің бірі Гаухар Айтқұлова бір кездері оқыған мектебіне интерактивті тақта сыйласа, кәсіпкер Жасталап Жанбауов мектептің жылу жүйесіне қатысты құжаттарды реттеуге көмектесетінін айтты. Түлектер тарту еткен қаражат мектепті жөндеуге жұмсалатын болады, — дейді Л.Шыныбаева.

Қарабұтақтың шетінде Төрт үй аталып кеткен жерден бастау алған, ғасырға жуық тарихы бар мектепте осы жылдар ішінде қаншама шәкірт білім алды, қаншама түлек ұшты? Араларынан танымал тұлғалар да қанша шықты десеңізші. Жазушы Тахауи Ахтанов та, ақын Қуандық Шаңғытбаев та, медицина ғылымының докторы, профессор Айзада Нәубетиярова, ақын, публицист Мейірхан Ақдәулетұлы, қоғам қайраткері Жасарал Қуанышалин секілді қаншама елге таныс аға-апалар осы ауылдың мектебінде оқыған.

Облыста осындай тоқсан жылдық тарихы бар ескі мектептер санаулы-ақ. Ендеше, осындай мектептің мерейтойы облыстық көлемде аталып өтсе де артықтық етпесі анық. Себебі, тіпті ауыл әкімдігінен ештеңе сұрамай, тек қана мектеп ұжымы мен түлектер қолдауымен өтіп отырған форум басқа мектептердің ұжымына да үлгі боларлықтай.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button