Жаңалықтар

Маусым: маңызды істер және мәнді мәселелер

ЖЕР АЯҒЫ КЕҢІГЕН, КҮН ӘБДЕН ҰЗАРҒАН БҰЛ АЙДА АЗ ШАРУА АТҚАРЫЛМАЙТЫНЫ БЕЛГІЛІ.

ЕГІСІ КӨКТЕЙ БАСТАҒАН ДИҚАН ҚАУЫМЫ ТАБИҒАТТАН ЖАҢБЫР ТІЛЕЙДІ.

АЛДАҒЫ ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ШАРУА МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУҒА КІРІСЕДІ.

БАЛАСЫ МЕКТЕП БІТІРІП ЖАТҚАН АТА-АНА ТҮЛЕГІНІҢ БІЛІМ СЫНАҒЫНАН СӘТТІ ӨТУДІ ОЙЛАЙДЫ.

ОСЫНДАЙ БІРІНЕ-БІРІ ЖАЛҒАСҚАН БІТПЕС ТІРЛІК АЛДАҒЫ КҮНДЕРДІҢ ИГІЛІГІНЕ БАҒЫТ ҰСТАУЫМЕН МАҒЫНАЛЫ. БӘРІ ДЕ СӘТТІ БОЛҒАЙ!

Қарапайым заттар экономикасы: алғашқы жоба

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы Ақтөбеде алғашқы қадамын жасады. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Forte банк» АҚ және «М-Трио» жиһаз компаниясы арасында үш жақты субсидиялау туралы келісімге қол қойылып, алғашқы жоба мақұлданды.

Халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарға көмектесу күн тәртібінде тұрғаны белгілі.

«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша жиһаз шығаратын «М-Трио» ЖШС директоры Төлеген Жақсылықов өз компаниясының 2015 жылы кәсіпкерлерді қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында бірінші рет несиеге жаңа жабдықтар алған.

«М-Трио» серіктестігі жобасы үшін кәсіпкер «Forte банкінен»  78 миллион теңге көлемінде 7 жыл мерзімге несие алып отыр. Бұл қаражатқа кәсіпкер жаңа жабдықтар алып, жеке жиһаз салонын ашуды көздеуде.

«Ақтөбеде жасалған»

Облыста тіркелген 57 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі арасында отандық нарықта өз орнын қалыптастырып, өнімін сыртқа экспортқа жөнелтетін ірі кәсіпорындар да бар. Осындай  тауар өндірушілерге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өнеркәсіптік сертификат беретін болды. Бұл арнаулы құжат аталған өндіріс орнына  мемлекеттік қолдау кепілдігін бере алады.

Жоспарға сай жақында облыстағы 10 ірі кәсіпорын өнеркәсіптік сертификатты иеленбекші.

Ақтөбеде алғашқы өнеркәсіптік сертификатты иеленген «Глобал-Спецодежда» тігін өндіріс кәсіпорны өзін нарықты көрсеткелі он бес жылдай уақыт болды.

Компанияның өндіріс орны Жапония, Қытай, Германия, басқа да дамыған мемлекеттердің заманауи қондырғыларымен жарақтандырылған. Жылына 250 мыңнан астам өнім шығаруға мүмкіндігіміз бар кәсіпорында жұмысшылардың саны 150 адамнан асады.

Өзен арнасы кеңейе ме?

Ақтөбедегі өзендер арнасын кеңейту жұмыстарына қатысты көпшілік арасында алаңдаушылық туындады. Бұл мәселеге Мемлекет басшысының өзі назар аударып, қазір арнайы комиссия жұмыс істеуде. Ақтөбеге Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ат басын тіреді

Ақтөбеде өзен арнасын кеңейту бойынша гидрологиялық жұмыстардың дұрыс ойластырылмағанынан экологиялық қауіпті жағдай қалыптасып отырғаны ресми түрде айтылды.

Ең бастысы — билік жұртшылық үніне жедел құлақ түрді. Бұған дейін қызу жүріп жатқан жұмыстар уақытша тоқтатылып, салмақты сараптамалар жасалуда. Өзен арнасы кеңейе ме — оны алдағы уақыт көрсетеді.

Айтып келмеген апат немесе көпшілік көмегі

Қазақта «Жамандығын айтып қой, жақсылығы жақын тұрсын» дейді. Кейде бұл тіршілікте қауіп-қатер барын ұмытып кетіп, күллі дүниеге салғырт қарайтынымыз бар.

Арыс қаласындағы әскери бөлімдегі жарылыс айналаны дүр сілкіндірді. Тын-тыныш ғұмыр кешіп жатқан шаһар тұрғындары бір мезгілде босып кетті.

Бұл қайғылы жағдай ешкімді де бейжай қалдырған жоқ. Ақтөбеліктер де алғашқы сәттен алаңдаушылық білдіріп, қолдан келген көмектерін жасауда. Осы оқиғаға байланысты арнайы құрылған комиссия қызу жұмыс істеуде.

Алғашқы кезеңде 24 тонна азық-түлік жиналды. Ірілі-кішілі компаниялар, ұжымдар, жекелеген адамдар қаржылай көмектесуде. Ақтөбедегі жазғы демалыс лагерьлері Арыстың кішкентай тұрғындарын қабылдауға дайын.

Иә, апат айтып келмейді. Арты жақсы болсын әйтеуір…

Журналистердің төл мерекесі

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде «Үкіметке Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде тапсырма бердім. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызды рөлін айқындайтын әділ шешім болмақ», — деп мәлімдеген болатын.

Сонымен, 28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі деп жарияланды.

Ақтөбелік журналистер де өздерінің төл мерекесін лайықты атап өтуде.

Алайда олар үшін ең басты мереке — халыққа шынайы ақпараттар жеткізу, бүгінгі күннің елеулі жаңалықтарын ізін суытпай көпшілікке ұсыну болып қала бермекші.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button