Жаңалықтар

 «Адалдық алаңы» кеңсесі ауылдарда да ашылады

Сәрсенбі күні «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі алты айды қорытындылады. Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың төрағалығымен өткен жиналысқа еліміздің барлық өңірлері бейне-конференц байланыс арқылы қатысты.

Жиналыста алдымен сөз алған республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанар Тайжанова бір тоқсан бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып, нәтижелері бойынша есеп берді. Бұдан соң, өңірлер арасында үздік көрсеткішке ие болған облыс әкімдерінің орынбасарлары өздері атқарған жұмыстарымен бөлісіп, баяндама жасады.

Белгілі болғандай, бүгінгі күнге дейін «Адалдық алаңы» жобалық-кеңсесіне еліміздің 6 мыңға жуық тұрғыны өз өтініштері бойынша жүгінген. 300-ге жуық мемлекеттік мекеменің жұмысы  open space форматына көшсе, 1700-ге жуық мемлекеттік мекеме басшыларының кабинеттері бірінші қабатқа түсірілген.

Өз кезегінде сөз алған агенттік төрағасы Алик Шпекбаев «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қоғам үшін маңызына тоқталып, әр аудан мен ауылдық округтерде ашылуын тапсырды. Сондай-ақ ол еліміздің Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидиге ІІМ мен оның барлық құрылымдық бөлімшелерінде тезірек жобалық кеңселер ашу қажеттігін айтты.

Ақтөбеде 2018 жылдың 21 желтоқсанынан өз жұмысын бастаған «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі де бірқатар жұмыстар атқаруда. Жобалық кеңсенің басшысы Мұхтарита Сағындықованың айтуынша, жоба аясында бүгінгі күнге дейін 80 қала мектебінің басшылары дербес жауапкершілік құжатына қол қойып, оқу орындарындағы тәртіпті, алаңдарды тиімді пайдалану мақсатында облыстағы 399 мектептің 279 басшысының кабинеттері бірінші қабатқа  түсірілген. Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасы мен №2 емхананың басшылығы да өз кабинеттерін бірінші қабатқа көшірген.

— Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы орган басшыларының ашықтығын, халық алдындағы есептілігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл бағытта жобалық кеңсе open space форматында жұмыстар жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласының Алматы ауданының әкімдігімен қатар, Алға, Шалқар, Мәртөк, Темір аудандарындағы әкімдік ғимараттарында  ашық кабинеттер жасақталып, сол жерлерде халықты қабылдау, әртүрлі комиссия отырыстарын өткізу тәжірибесі жақсы нәтиже көрсетуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында бүгінгі күні барлық әкімдіктерге тапсырма берілді, — дейді М.Сағындықова.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button