Ақтөбе — 95Басты жаңалықтар

 «Ақтөбені» мерейтойымен құттықтады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин кеше Баспасөз үйінде болып, облыстық «Ақтөбе» газетінің ұжымы мен ардагерлерін басылымның 95 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Газет 95 жылдық тарихында алғаш рет өз мерейтойын өзінің жеке ғимаратында қарсы алды. Мерейтойға орай редакцияға арнайы келген облыс әкімі алдымен бірі ғасырдан астам, екіншісі ғасырға жуық уақыт бойы өңір шежіресін жазып келе жатқан «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тарихынан сыр шертетін музейді аралап көрді.

Редакция ұжымы мен ардагерлер облыс әкімін Баспасөз үйінің конференц-залында қарсы алды. Газеттің 1996-2000 жылдардағы бас редакторы Идош Асқар бастаған ардагерлер қатарында Зияш Телеуова, Айдос Шөкіш, сондай-ақ, осы басылымда ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Аманқос Орынғалиұлы, т.б.  есімдері оқырманға жақсы таныс журналистер болды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова қатысты.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин газеттің тарихы, осында еңбек еткен белгілі ақын-жазушылар, басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде баяндады:

— «Ақтөбе» — еліміздегі байырғы басылымдардың бірі. Қуандық Шаңғытбаев, Тобық Жармағамбетов, Ізтай Мәмбетов, Мұқтар Құрманалин, Есенбай Дүйсенбайұлы, Қажығали Мұханбетқалиұлы сынды қазақтың белгілі ақын-жазушыларының біздің газетімізде еңбек еткенін айрықша мақтан тұтамыз. Бүгінгі күні ұжымда ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, аға буын өкілдері мен жас журналистер бірлесе еңбек етіп жүр, — дей келіп, ол алғашқы құттықтау сөзді облыс әкіміне берді.

— «Ақтөбе» — қазақ баспасөзіндегі көне басылымдардың бірі, газеттің шыға бастағанына, міне, тұтас бір ғасырға жуықтап қалыпты. 95 жыл уақыттың ішінде қоғам қаншама өзгерістерді бастан өткерді? Кеңес заманында түрлі аласапыран кезеңдер болды, одан соң еліміз тәуелсіздік алды, қоғамдық-экономикалық формациялар алмасты. Ал соның бәрінде де газет тек халыққа қызмет етуді  мұрат етті, осы мұраттан айныған жоқ, — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Облыс басшысы күнделікті жаңалықтарды, айтулы істерді, ел тарихында қалатын, өңір шежіресін айшықтайтын маңызды оқиғаларды жұртшылыққа жеткізу мақсатында ауа райымен, уақытпен санаспай жұмыс істейтін журналистерге өзінің ризашылығын жеткізді.

— Өмір болған соң, қоғам болған соң, әртүрлі жағдайлар болады. Дегенмен, біз үшін ең маңызды іс, ең басты мақсат — тұрақтылықты сақтау, сол тұрақтылықты сақтау арқылы еліміздің тәуелсіздігін баянды ету. Осы мақсат жолындағы істерге «Ақтөбе» газетінің ұжымы да өз үлесін қосып келеді. Сол еңбектеріңіз үшін бүгін сіздерге рақмет айтамын, — деді ол.

Облыс басшысы журналистерді газеттің 95 жылдық мерейтойымен құттықтап:

— Бүгін сіздердің араларыңыздан ардагерлерді де, аға буын өкілдері мен жас журналистерді де көріп тұрғаныма, сіздердің әрдайым бірге, ынтымақтаса еңбек етіп келе жатқандарыңызға қуанамын. Қатарларыңыз азаймай, керісінше, орталарыңыз тола берсін! — деп, өзінің ақ тілектерін жеткізді.

Бұдан кейін Оңдасын Оразалин ардагер журналистер — Идош Асқар мен Зияш Телеуоваға Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына арналған мерекелік төсбелгілерін табыстады. Газеттің бүгінгі абырой-биігіне айрықша үлес қосқан ардагер журналистердің тағы бір тобы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Атап айтқанда, Нұрқайыр Телеуов, Айдос Шөкіш, Аманқос Орынғалиұлы, Жанғабыл Қабақбаев, Сатыбалды Сәуірбаев, Ертай Ашықбаевтар облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

Сондай-ақ, Идош Асқар «Ойыл ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды. Осыған орай, арнайы төсбелгі мен «Ойыл ауданының құрметті азаматы» куәлігін аудандық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Айсұлу Мәмбетова салтанатты түрде тапсырды.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов та газет ұжымын басылымның 95 жылдығымен құттықтап, бұл мерейтойдың Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Ол газет ұжымына Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына арналған белгі — естелік-сыйлықты табыстады.

Ардагерлер атынан Идош Асқар мен Зияш Телеуова сөз сөйлеп, облыс басшылығына өздерінің ризашылығын жеткізді.

Осы орайда Идош Мұсақұлұлы облыс әкіміне арнап:

— Газеттің туған күнімен құттықтап келу — үлкен қамқорлықтың белгісі. 95 жылдың ішінде бұл газетте елге, жұртқа қалтқысыз қызмет көрсетуді мақсат тұтқан көптеген қаламгерлер еңбек етті. Олардың біразы қазір өмірден өтіп те кетті. Ұжымға деген бүгінгі ықыласыңызды, бір жағынан, солардың аруағына құрмет деп те қабылдаймын, — деді.

Сондай-ақ, ардагерлер газеттің бүгінгі ұжымына деген тілектестіктерін жеткізді:

— Бүкіл саналы ғұмырымыз осы газетте өткендіктен, редакция бізге әрдайым өз үйіміздей көрінеді. Сондықтан өткен жылы облыстық газеттерге жеке ғимарат берілгенде, қатты қуанған едік. Раукен Отыншиннің басшылығымен ұжымның осы ғимараттың іші-сыртын әсемдеп алғанын көріп, міне, тағы да қуанып отырмын. Сіздерге алдағы уақытта зор шығармашылық табыстар тілеймін, — деді Идош Асқар.

Газеттің 95 жылдық мерейтойын кеңірек атап өту алдағы қыркүйек айына жоспарланып отыр.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button