Жаңалықтар

Балаларға қайырымдылық көрсетілді

2 сәуір — Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні. Осыған орай Астана ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласындағы «Киндер лэнд» отбасылық кафесінде қайырымдылық шарасы өтті.

Бұл күні аутизмге шалдыққан 25 бала мен оның ата-анасына дастарқан жайылып, ұйымдастырушылар көңілді кеш өткізді.

Ақтөбеде 2017 жылдың қыркүйек айында аутизмге ұшыраған балалардың ата-аналарының «Растемка» қоғамдық бірлестігі құрылды. Қоғам құрамында қазір 50-ге жуық бала бар. Балаларға облыстық білім басқармасымен бірігіп, инклюзивті білім беру жұмыстары жүргізіледі. Аутизммен ауыратын балалардың өзгелермен тең жүруіне, тиісті білім алуына барлық жағдайды жасауымыз қажет, — дейді аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Салтанат Кенжебекова.

Облыста аталған диагнозбен 200-ден астам бала есепте тұр. Олар үшін өткен жылы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдайтын «Аяла» орталығында арнайы емдеу жұмыстары басталды.

— Қызым Нұрайымның жасы 8-ге толды. №68 мектептегі инклюзивтік сыныпта білім алады. Білікті мамандар мен дәрігерлерден кеңес алып келеміз.

Балалардың көңілін көтеріп, оларға ерекше қуаныш сыйлайтын мұндай шаралардың маңызы зор. Бұл ретте Астана ауданы әкімдігіне ризашылығымды білдіремін, — дейді ата-аналардың бірі Сәуле Сейдазимова.

Айта кетейік,  бұл күні дәл осындай қайырымдылық шарасы Алматы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен де өткізілді. Шараға 25 бала қатысып, «Панда» батут орталығы әкімшілігінің демеушілігімен оларға көтеріңкі көңіл күй мен демалыс ұйымдастырылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button