Жаңалықтар

Қылмыс толық тексеріле ме?

Есеп беру

Кеше облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махамбет Абисатов тұрғындар алдында есеп берді. Өңірдің бас полицейі облыстағы қылмыстық жағдайға тоқталып, бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Сондай-ақ тұрғындардың жергілікті полиция қызметіне қатысты айтқан өтініш-шағымдарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалының ғимаратында өткен есепті кездесуге облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен облыс және қала тұрғындары қатысты.

Департамент басшысының айтуынша, тәртіп сақшылары биыл бірқатар бағыттар бойынша оң нәтижеге қол жеткізген. Облыстағы криминогендік жағдайға қатысты көрсеткіштер де едәуір төмендепті. Мәселен, облыстағы рецидивистік қылмыстар 39%-ға, қарақшылық — 38%-ға, топтасып жасалған қылмыстар — 34%-ға, ауыр қылмыстар — 24%-ға, ішімдік ішкен күйде жасалған қылмыстар — 22%-ға, ауыр және аса ауыр қылмыстар — 21%-ға, ауыр емес қылмыстар — 20%-ға азайса, көшеде жасалған қылмыс — 1,5 пайызға, кәмелет жасына толмағандар арасында жасалатын қылмыс — 8 пайызға төмендеген. Ал өңірдегі мал ұрлығы мен зорлау дерегі —

12 пайызға, бұзақылық — 4 пайызға және көлікті айдап кету 7  пайызға азайыпты.

Махамбет Абисатов қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күрес бойынша полиция тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айта келе,  ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша «Жол картасын» жүзеге асыру аясында 2019 жылға арналған басым міндеттерді де атап өтті.

Ішкі істер органдарын жаңғыртуда көзделген іс-шаралар нәтижесінде Ақтөбе облысы бойынша полиция департаментінде  287 штаттық бірлік қысқарып,  26 басшы орындаушылық санатқа дейін төмендетілген.

Ал облыс бойынша пәтер ұрлығының, сондай-ақ азаматтардың мүлігін ұрлаудың алдын алу мақсатында көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне 1167 бейнекамера орнатылған. Оның 1104-і Ақтөбе қаласындағы үйлерге тиесілі.

Есепті кездесуде облыс тұрғындары тікелей департамент бастығына өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Тұрғындар тарапынан учаскелік полиция инспекторларының қызметінен бастап, әлеуметтік мәселелерге дейінгі түрлі сипаттағы сұрақтар қойылды.

Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан көшесі № 49 үйдің тұрғыны көршілерінің бірі үйдің подъезінде анаша шегетіндігін айтып, учаскелік инспектор тарапына шағымын айтты.

— Біз бұған дейін анаша шегетін тұрғынның өзіне де, учаскелік полицияға да ескерттік. Ешқандай нәтиже жоқ. Подъезде, үйдің жертөлесінде үнемі бірнеше адам анаша шегеді. Балаларымыз үшін қорқамыз. Сондықтан бүгін осында келіп шағым айтуды жөн санадық. Қолымызда сурет, видео айғақтар бар. Осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймын, — деді Әбілқайыр хан көшесі №49 үйдің тұрғындарының бірі.

Ал Шалқар қаласынан арнайы келген тұрғын Асқар Оразалиннің мәселесі келесідей болды:

— 26 қаңтарда Шалқар ауданында болған топтық төбелестің нәтижесінде інімнің баласы пышақ жарақатынан қайтыс болды. Бүгінгі таңда сол қылмыстық іс тергеуші тарапынан дұрыс тергеліп жатқан жоқ. Күдіктінің қасында болғандар қылмысты жасырып отыр. Заң бойынша қылмысты жасырғандары үшін де жауап берулері тиіс. Ал мына жағдайда неге қозғалмай отырғаны біз үшін түсініксіз. Осы жағдайды бақылауға алсаңыз, — деген ол департамент бастығына мән-жайды толық баяндап берді.

Департамент бастығы өз баяндамасында мал ұрлығының 12 пайызға төмендегенін айтқанымен, кездесуде тұрғындар тарапынан мал ұрлығына қатысты айтылған шағым көп болды.

Ал Әйтеке би ауданының Талдық селосындағы «Құлагер» ЖШС құрылтайшысы Қамидолла Жүсіпов департамент бастығынан ауылдағы жылқы ұрлығына қатысты тергеуді тікелей бақылауына алуын сұрады.

— Мәселен, өткен 2018 жылы біздің ауылдың өзінен 21 бас жылқы жоғалды. Оның 13-і менің жауапкершілігі шектеулі серіктестігімнің жылқылары. Бүгінгі таңда осы іске қатысты ешқандай тергеу-тексеру амалдары жүргізілмей жатыр. Аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары барған сайын тергеушілердің жетіспеушілігін айтып шығарып салады. Кейін барлығын ысырып қойып, осы мәселе бойынша өзім кірістім. Жоғалған жылқымның біреуін тірілей Ембі қаласы маңындағы селодан алып келдім. Ал екеуін сойып тастапты. Бірақ барлығын көрсетіп беріп тұрсам да, ешқандай тергеу жүргізіліп жатқан жоқ. Жылына кішкентай ғана ауылдан 70-80 бас жылқы жоғалады. Бұл ірі қара малды айтпағандағы көрсеткіш. Осы істі өзіңіз тікелей бақылауға алсаңыз дейміз, — деді ол.

Тұрғындар тарапынан жолдаған арыз-шағымдардың барлығын тыңдаған Махамбет Абисатов барлығының тексеріліп, көп ұзамай жауабы берілетіндігін айтты.

Айта кетейік, есепті кездесуге дайындық барысында департаментте арнайы Call-орталық жұмыс істеді. Сондай-ақ шараға тікелей қатысуға мүмкіндігі жоқ азаматтар өз сұрақтарын электронды пошта, әлеуметтік желілер арқылы жіберу мүмкіндігін алды. Екі сағат ішінде Махамбет Абисатов залдан келіп түскен сұрақтарға, сондай-ақ электронды пошта арқылы келген сұрақтардың барлығына жауап берді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button