Жаңалықтар

Мақсат — жемқорлықтың алдын алу, құқықтың үстемдігі

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен қала әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссиялардың отырысы өтті.
Жиында үш мәселе қаралды. Бірінші — мемлекеттік білім мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлық және құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменов баяндама жасады. Оның айтуынша, білім мекемелеріне жоспар бойынша әр тоқсан сайын бақылау жүргізіледі. Ұстаздар мен оқушылардың арасында дөңгелек үстел, семинар, пікірталас  ұйымдастырылады. ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті ұйымдастырған «Саналы ұрпақ» жобасы аясында сатушылары мен кассалық аппараттары жоқ «Адалдық» дүкендерін ашу қолға алынған. Сондай-ақ қаладағы жеті мектептің директоры өздері отырған кең кабинеттерді шағын кабинеттерге ауыстырған.

Жиында қаралған екінші мәселе — көпбалалы аналарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Рамазанов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін барлық құжат электронды түрде қабылданып жатқанын айтты. Қала әкімі 24 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінде тұрғанын, олардың барлығын бір мезетте баспанамен қамтамасыз ету мүмкін еместігін, сондықтан бірінші кезекте шын мәнінде  мұқтаж, көпбалалы отбасыларға пәтер беруді қарастыру керектігін айтты. Жиынға қатысқан қоғамдық кеңестің тұрақты мүшелері мен депутаттар сұрақ қойды. Қаладағы кейбір тұрғын үйлерде проблемалардың бар екенін айтты.

Басқосуда қаралған үшінші мәселе — құқықбұзушылықтың алдын алу. Ақтөбе қаласы бойынша төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Айбат Жаңабергенов есеп берді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша басқарма тарапынан жүйелі жұмыс жүргізілген. Оның ішінде өрт қауіпсіздігінің алдын алу және өзге де тексерістер бойынша «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының облыстық филиалымен бірлесе кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Мәселен, кәсіпкер қауіпсіздікке қатысты талапты бірінші рет орындамаса, оған ескерту беріледі. Егер құқықбұзушылық бір жылда екі рет қайталанса, айыппұл салынады. Кәсіпкер айыппұлды жеті күннің ішінде төлейтін болса, оның елу пайызын ғана өтейді. Егер жеті күннен асып кетсе, толық төлеуге міндетті. Жемқорлықтың алдын алу бойынша басқармада 54-50-25 сенім телефоны жұмыс жасайды. Қала әкімі Ілияс Испанов басқарма басшысына бірқатар тапсырмалар берді. Ал қаладағы полиция басқармасы бастығының орынбасары Әбдіғали Орыналы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі күні жасөспірімдер арасындағы қылмыс бес есеге азайған. Алайда колледж оқушыларының арасында ұсақ ұрлық көбейіп тұр. Басқарма тарапынан профилактикалық шаралар ұйымдастырылып, ата-аналарға ескертулер беріліп жатыр. Тиісті орындармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде топ болып төбелесу дерегі біршама азайған. Депутаттар мен кеңес мүшелері баяндамашыларға сұрақ қойды. Кейбір проблемаларды жеделдетіп шешу керектігін ескертті.

Жиын соңында қала әкімі тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button