Жаңалықтар

Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы сайланды

Облыстық қоғамдық кеңестің жаңа сайланған құрамының алғашқы отырысын облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова ашып жүргізді.

Жиын барысында қоғамдық кеңестің 34 адамнан тұратын құрамы облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 1 наурыздағы №395 шешімімен бекітілгені айтылды.

Қоғамдық кеңестің төрағасы болып «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, қоғам қайраткері Бағлан Баймағамбетов, хатшылығына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова сайланды.

Жергілікті өкілді органның өз құзыретіндегі мәселелер бойынша қызмет атқаратын консультативтік-кеңесші, байқаушы орган — қоғамдық кеңестің құрамында бес комиссия жұмыс істейтін болады. Олар құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін, әлеуметтік-мәдени даму, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, экология және табиғатты пайдалану, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, заңдылық, құқық тәртібі, сондай-ақ жұртшылықпен жұмысты қамтиды.

— Мен мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда, басқару қызметінде болып, халықпен жұмыс істеудегі тәжірибемді енді жаңа бағытта пайдаланатын боламын. Бұл ретте жергілікті атқарушы билікпен, үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен, депутаттармен тығыз ынтымақтастықта қызмет атқарамын деп сендіремін, — деді қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы Бағлан Баймағамбетов көпшілік алдында сөйлеген сөзінде.

Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы облыс аудандарында болып, жұртшылықпен кездесіп, олардың ой-пікір, ұсыныстарын ескеретін болады. Кеңес құрамында кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдардың, жастардың, этномәдени бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Н.ДОСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button