Жаңалықтар

Сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек төлене бастайды

Брифинг

Nur Otan партиясының  өткен съезінде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев аз қамтылған және көпбалалы отбасылар тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жайында елеулі мемлекеттік бастамалар ұсынған болатын. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға тиімді ықпал ететін бастамалар сәуір айынан жүзеге асырыла бастайды. 

Облыстық коммуникациялар қызметінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров баспасөз мәслихатын өткізіп, осы саладағы өзгерістер туралы толық мағлұмат берді.

— Елімізде аз қамтылған, соның ішінде көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында бірқатар өзгерістер орын алып отыр. Съезде айтылған ұсыныстар негізінде, біріншіден, елімізде кедейшілік шегінің мөлшері 50 пайыздан 70 пайызға дейін көтерілді, яғни бұрын кедейшілік шегі мөлшері 14 849 теңге болса, қазір бұл көрсеткіш 20789 теңгеге тең.

Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көпбалалы отбасыларға және «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ мүгедектігі бойынша балаларға төленетін жәрдемақылар, стипендия алынып тасталады.

Үшіншіден, атаулы әлеуметтік көмек алушы аз қамтылған отбасылардың әр баласына 18 жасқа дейін ай сайын 20789 теңге кепілді көмек төленетін болады. Егер бала студент болса, 23 жасқа дейін төленеді, — деді Қайрат Отаров.

Басқарма басшысының айтуынша, бұған дейін облыста осындай көмек шамамен 20 083 адамға берілетін болса, ендігі жерде 29 237 адамға берілмек. Бүгінде бұл мақсатта республикалық және жергілікті қазынадан 903,8 млн теңге қаражат бөлінген. Елбасы тапсырмасына сай, аз қамтылған көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында республикалық бюджеттен қосымша 3585,1 млн теңге қаражат қаралып отыр. Яғни облыста  отыз мыңға жуық адамға 4,5 млрд теңге көлемінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмақ.

— Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы мен аудандарда облыс әкімінің тапсырмасына сай, бірінші кезекте аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың жеке әлеуметтік картасын толтыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл картада әр отбасының қажеттілігі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жазылатын болады. Бүгінге дейін облыста құрамында 128105 адамы бар 27 920 отбасына әлеуметтік карта толтырылды. Бұл жұмыс қазір жалғасып жатыр, — деді басқарма басшысы.

Съезде көтерілген тағы бір бастама — мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын отбасыларды әлеуметтік қорғауды күшейту. Облыс бойынша бүгінде мүгедектігі бар балаларды және 18 жастан асқан бала кезінен мүгедек азаматтарды бағып отырған 3590 адам бар. Олардың жәрдемақысын 31,1 мың теңгеден 40,5 мың теңгеге арттыру жоспарланып отыр.

— Елбасының келесі бастамасы — ауылдағы көпбалалы отбасылар үшін гранттарға және шағын несиелеуге квота бөлу. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Біріншіден, ауылдардағы көпбалалы отбасыларды жұмыспен қамту, табыстарын арттыру үшін жаңа отбасылық бизнес ашу мақсатында 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант бөлінеді. Қазіргі уақытта облыс бойынша бизнес-идеяларын іске асыру үшін 86 адамға 21,6 миллион теңге көлемінде қаржы берілді, — деді Қ.Отаров.

Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар үшін құжат дайындау рәсімі барысында да жеңілдіктер қарастырылып отыр.  Бұл үшін ақпараттар Е-халық ақпараттық жүйесінен алынатын болады. Басқарма басшысының айтуынша, енді азаматтар құжат рәсімдеу барысында тек жеке басын куәландыратын құжатын ғана көрсететін болады.

— 1 сәуірден бастап құжат қабылдау жұмыстары бірнеше жерде жүргізіледі. Аудандарда халықты жұмыспен қамту орталықтарының, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің мамандары қабылдайды. Барлық ауылдық округтерде де арнайы мамандар жұмыс істейді. Ақтөбе қаласы бойынша құжаттар жеті жерде қабылданады: халықты жұмыспен қамту орталығында, халықтық кеңседе, Алматы, Астана ауданы әкімдіктерінде, Тургенев көшесіндегі халыққа қызмет көрсету орталығында, Қурайлы және Сазды ауылдық округтерінің бұрынғы ғимараттарында мамандар қабылдайды. Құжаттарды сәуір айының ішінде тапсырып үлгерсеңіз, сізге атаулы әлеуметтік көмек 1 сәуірден бастап тағайындалады, — деді Қ.Отаров.

 Мейрамгүл  РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button