Жаңалықтар

25 көшеге күрделі жөндеу жүргізіледі

Брифинг

Қалай күн жылынып, ауа рай түзеледі, солай Ақтөбе қаласының 25 көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 14 көшенің жөндеу жұмыстары өткен жылдардан жалғасып келеді. Бұған қоса 11 көшенің күрделі жөндеу құрылысы биыл жаңадан басталады.

Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Ибрайым Көзбаев, қалалық тұрғын үй және коммуналдық  шаруашылық, автомобиль жолдары бөлімі  басшысының орынбасары Руслан Төреғали осылай деп хабарлады.

Брифингте өткен жылғы қала көшелері мен жолдарын жөндеудің жай-күйі, осы бағыттағы ағымдағы жылы атқарылуға тиісті жұмыстар жан-жақты қамтылды. Кейіннен ақау шығып, сапасыз жөнделгені белгілі болған бірсыпыра көшелер қайтадан жөнделмек. Бұл құрылыстарды мойнына алған мердігерлер сот арқылы жауапкершілікке шақырылуда.

Облыс орталығындағы көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын қалыпты ұстау — аса маңызды іс. Жыл сайын бұл мақсатқа қыруар қаржы бөлінеді. Биылғы жылы да жөндеу жұмыстарына (орташа жөндеу, күрделі жөндеу және құрылыс) республикалық, жергілікті және облыстық бюджеттерден 4 065 385,3  мың теңге бөлініп отыр.

Баспасөз мәслихатында баяндалғандай, биылғы жылы Байқоңыр, Құлымбетов, Өтемісов, Мәметова атындағы көшелер, 312-Атқыштар дивизиясы даңғылынан Әбілқайыр хан даңғылына дейін, Ақжар-Родниковка тасжолы мен Ембі көшелері бойынша өткен жылы басталған құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталады. Мұнымен бірге күрделі жөндеу өткен 3 ірі нысан іске қосылады. Сонымен қатар өткен жылы

2 көшеге жүргізілген жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысын аяқтау көзделуде.

Бөлінген қаражаттың аясында жолдарды салу және қайта жаңғырту жалғасады. Мәселен, Батыс-2 , «Нұр Ақтөбе» шағын аудандарында ауқымды жол құрылыстары қолға алынбақ. Сондай-ақ қаланың негізгі магистралды көшелеріндегі кептелістерді азайту үшін өткелдер, автомобиль жолдарын салу және қайта жаңғырту  жобалары жүзеге асады.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button