Ақтөбе — 95Басты жаңалықтар

Бір сағыныш бары анық…

«Ақтөбе» газетінің биылғы 95 жылдық мерекесі қарсаңында келген Халықаралық әйелдер күні осы ұжымда еңбек еткен аяулы апаларымыздың, олардың ізін қуған қыз-келіншектеріміздің есімдерін тағы да бір мәрте құрметпен атап өтуге негіз қалағандай.

Әдетте қай тақырыпты қозғасақ та, бастауынан өрбітеміз ғой.

«Ақтөбе» газетінде сонау 1924 жылдан бері желі тартатын әртүрлі кезеңде қызметте болғандар тізімін саралап қарағанымызда, олардың арасында бірсыпыра бізге бейтаныс жандар аты-жөні көрініп қалады. Егер көзбен шолып өтсек, олар — Мағрипа Аязбаева, Қаншайым Әлібекова, Маша Әбуталипова, Гүлнәфис Баязитова, Қания Бисенғалиева, Әмина Ерғарина, Дариға Есенбаева, Атлас Есқалиева, Мамық Жақина, Бәтима Нәжмеденова, Ұрхия Сәтенова… болып жалғасып кете берер еді.

Газетте негізгі жүкті қалам иелері — журналистер көтергенімен, олардан бір де қалыспай, күні ертең оқырманның қолына тиетін басылымның «бау-шуына» дейін реттестіруге үлес қосатын қызмет иелері де аз емес-ті. Осы арадан сәл тыныс алып, газеттегі журналист апайлар туралы айтатын болсақ, кешегі күннің тарихында Зияш Телеуова мен Күләш Қаракеева есімдері ғана көрінер еді. Олардың екеуі де «Коммунизм жолы» газетінде еңбек етті.

Екі апайымыз да журналистика саласында өзіндік қолтаңбаларын қалдырды деуге болады. Баспасөз қызметінің үздігі Зияш Телеуованың кезінде тіпті алыс ауданға іссапарға шығып, шаруашылықтарды атпен аралағаны аңыз болып айтылатыны бар. Облыстық газетте біраз жыл еңбек еткен ол одан кейін прокуратура саласында қызметте болды. Республикалық «Заң және Заман» журналында, «Құқықтық Қазақстан» газетінде мақалалары үзбей жарияланып тұрды. Беріректе шытырман оқиғалы шығармалар жазумен шұғылданып, республикалық баспалардан «Банкирдің өлімі», «Кәрім және оның достары», «АБКА тобы ашқан қылмыс», «Махаббаттың ажалы», «Құлаған үйдің құпиясы», тағы басқа туындылары жарық көрді.

Газеттің хат бөлімінде қызмет атқарған Күләш апайымыз сексенінші жылдардың ортасынан кейін отбасымен Жамбыл облысына қоныс аударды. Сол уақыттарда сонда облыстық телеарна ашылып, тележурналистика саласында еңбек етті. Телеарнада «Халық пен нарық», «Талбесік», «Өркен», «Денсаулық» хабарларын жүргізгенінен хабардар болғанбыз уақытында. Біраз жыл жемісті еңбек етіп, құрметті зейнет демалысына шыққан.

Осы екі апасының жолын беріректе Зәуреш Басығараева жалғастырды.

Бүгінде Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияның білікті мұғалімі, өзі де ардагер ұстаздар қатарына іліккен «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» Күләй Бекетова институттан кейінгі алғашқы еңбек жолын осы облыстық газеттен бастады. Ол газеттің штабы іспеттес секретариатта қызмет етіп, басылымның сапалы шығуы, материалдардың оқырман талғамынан шығатындай орналасуы тұрғысынан өз біліктілігін көрсетті.

Біздің шығармашылық тіршілігімізге компьютер енгенге дейін барлық жұмыс редакцияның машинка басу орталығында атқарылатын. Бұл істің де өз шеберлері болатын. Біздің алдымыздағы ардагер ағалар өздері тұстас Жұмаш Исағалиева әженің керемет шапшаңдығын айтып отыратын. Ол кезде журналистер мақаланы ақ қағазға қаламмен жазады. Көпшілігі түнімен отырып, үйден әзірлеп әкеледі. Алайда әркімнің жазуы әртүрлі.

Бір журналистің жазғаны маржандай болып, алыстан көз тартып тұрса, екіншісінің жазуы қайта оқығанда өзіне де түсініксіз болатын жайлар кездесетін. Ал машинка басатын апайлар қалай түсінетінін кім білсін, соның бәрін әп-сәтте басып шығаратын.

Жұмаш әженің жолын жалғастырған Жаңылай, Алма апайлар, олардан кейінгі буын өкілдері Жәмила, Алтын, Құлпырған секілді сіңлілері таңертеңнен қара кешке дейін тыным таппастан он саусақтары аппарат үстінде ойнап, сан түрлі жазуларға жан бітіріп отыратын.

Бір қызығы, қолмен жазылған мақалаң машинкадан шыққаннан кейін тіпті құлпырып көрінеді көзіңе. Редактордың қолынан өткен мақала атаулы енді баспаханаға жол тартады. Онда да бүкіл шаруа қара жұмыспен атқарылады. Қалам иелеріне әрдайым жылы жүзбен қарап, бала-шағасының, жан-жағының амандығын ерекше бір мейірімділікпен сұрап отыратын  беттеуші Балмайрам Бөрібаева апамыздың еңбегі тіпті ерен. Газет әбден басылып шыққанша тікесінен тік тұрып жұмысын істей береді.

Газеттің шығарылуы барысында корректорлар бюросы атқаратын қызмет ерекше. Олар ертең қалың оқырманға жол тартар баспа өнімінің қатесіз күйде жетуіне қатты көңіл аударады. Бұл ретте Жәния Боранбаева, Мәруа Мұхтарова, Клара Махамбетова, Рысты Қазиева,  Айғаным Мәмбетова, Ажар Тасқалиева, Ағлен Таласбаева секілді апалар мен тәтелер қолдарына газеттің алғашқы нұсқасы тиген сәтте айналадағы өзге дүниені ұмытып, шұқшиып отыра қалатыны көз алдымызда.

Жақсы журналист болу үшін көп ізденуің керек. Ол үшін тынысыңды кеңірек ашуға көмек көрсететін бір жол кітапханаға апарады. Оған жетекшілік ететін Әмина Айтмағамбетова апай қалаған кітабыңды қолыңа бірден ұстатып жібере салмайды. Егер алып кететін болсаң, әуелі тіркейді, сосын қай уақытта қайтаратыныңды белгілеп қояды.

Газетте түрлі қызмет буындары өзара сабақтасып жатады. Мысалы, бухгалтерияда Шолпан Ахметқалиева, Асылтас Бисенғалиева әпкелер сартылдатып есепшотын қағып жатса, Қарашаш Наурызбаева, Света Сүбалиева, Ләззат Қойшығұлова, Зәуре Бержанова, Гүлнар Едігенова, Галя Досқалиева, Қазима Иманғазина секілді қыз-келіншектер редакцияның әйтеуір бір кетігіне кірпіш болып қаланып жататын.

Ұжым мүшелері күні-түні газет шығарудың жолында жүре береді, басқа тірлікпен айналысуға мұршалары келмейді деп әсте ойлап қалуға болмайды. Кім-кімнің де үйінде қуанышы болады, тосын жайттар да кездесіп жатады, сондайда бәрінің аузы бір, бірге болу — қалыптасқан дағды. Сондайда түрлі әңгімелер айтылады. Қасыңда жүрген жанның тағдырындағы өзгеше бір кезеңдерді біліп қаласың. Мәселен, Алма апайымыз Жұрында кейін белгілі ғалым атанған Есет Жұбановпен мектепте бірге оқыған. Клара апайымыз — қазақтың белгілі ақыны, дүниеден ертерек кеткен Смат Қабылбаевтың жары екен.

…Уақытта тоқтам жоқ. Жылдар жылжып өтеді, ұрпақ алмасады. Сол тұстарда облыстық газетте қызмет атқарған бірқатар апаларымыз бүгінде мәңгілік тыныс тапты, енді бір тобы әже атанып, немелерін бағуда, қадірлі қарттық деңгейіне жетіп, ұрпақ қызығына бөленуде.

Алдыңғы буынның өнегелі істерін көз көргендер ұмытпайды, айтып отырады. Солай болуы керек те. Біз де сол ретпен мереке күні ізгі ниетімізді білдіру үшін аз-кем сөз қозғадық.

Біз газетте әр жылдарда қызмет атқарған апаларымызды, оларға жалғас қыз-келіншектерді ұмытпаймыз. Олар туралы бұрын да жазғанбыз. Биылғы газеттің 95 жылдық мерекесі қарсаңында сол айтқан әңгімелеріміздің бірсыпырасына қайта оралуға тура келді.

Сағындым сонау өзіңде өткен жылдарды,

Қаламгер етіп, қалыпқа құйған тұлғамды.

Қадірің мен қасиетіңді ұғып, сол кезде-ақ,

Жазған ем арнап жырларды, —

деп жазыпты Зияш Телеуова апамыз.

Сол сағыныш бүгінгі «Ақтөбе» газетінде әр жылдарда қызмет атқарған аяулы жандардың қай-қайсысының да көкірегінде сайрап тұрғанын сеземіз.

Сіздердің барлығыңызды көктем мерекесімен шын жүректен құттықтап, жақсы көңіл күй, отбасы шуағы мен шаттығын тілейміз.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button