Жаңалықтар

Тұрғындардың тіршілік сапасын көтеру — басым бағыт

Съезден соң

Ақтөбеге Мемлекет басшысының Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде айтылған негізгі тапсырмаларын түсіндіру мақсатында келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Аңсар Мұсаханов, Марат Тағымов, Мұхтар Жұмағазиев Мәртөк ауданында болды.

Олар жұмыс бабындағы сапарын «Айс» ЖШС тауарлы-сүт фермасын аралаудан бастады. Мұнда қазіргі уақытта голштино-фриз тұқымды 2300 ірі қара бағып-күтімде ұсталуда. Жаңадан салынған сиыр қора мал басын 500-ге көбейтуге мүмкіндік берді. Фермада үш ай ішінде сауылатын сүт мөлшері 10 пайызға артты. Бүгінгі күні әр сиырдан орташа есеппен тәулігіне 33 литрден сүт алынады, тіпті жетпіс литрге дейін сүт беретін сиырлар да кездеседі. Бір мезгілде қатар тұрып 20 сиыр сауылады. Сүт сапасын анықтайтын заманауи шағын лаборатория жұмыс істейді. Бұрынғы кеңестік елдер аумағындағы мемлекеттерде мұндай лабораториялар екеу-ақ, бірі осында болса, екіншісі — Ресейде. Күн сайын зауытқа өңдеуден өткізуге 26,5 тонна сүт жөнелтіледі. Алдағы уақытта сиыр басын ұлғайтуға байланысты бұл мөлшер 30 тоннаға дейін жеткізілмекші.

Сенаторлар еңбек ұжымымен кездесу барысында агроөнеркәсіп кешені саласындағы мемлекеттік және салалық бағдарламалар жайын талқылады, әлеуметтік қорғаудың жаңа тетіктері туралы айтты. Сондай-ақ Елбасы саясатының айқын әлеуметтік бағыттылығы сөз арқауына айналды.

Депутаттар Қазан селосында тұрғындармен кездесіп, марал өсіру шаруашылығы жұмысымен танысты және «Зәру» санаторий-панто емдеу орнында болды.

Сенатор Марат Тағымов Қазақстандағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қандай қолдау шаралары көрсетілетіні жөнінде айтып берді. Оның айтуынша, әлеуметтік қызметтердің бірыңғай пакетін енгізу жүргізіліп, мектеп оқушыларын тегін ыстық тамақпен, мектеп құрал-жабдықтарымен, киіммен, көлікте жеңілдікпен жүрумен қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Бұдан басқа, аз қамтылған отбасылардағы балалар 18 жасқа дейін, оқуда болғанда 23 жасқа дейін ай сайын 20789 теңге мөлшерінде кепілдендірілген көмекпен қамтылады. Бұл орташа есеппен алғанда қолданыстағы көмек мөлшерін 40 пайызға ұлғайтады.

— Президент еліміздегі ахуал талдауынан туындатып, сондай-ақ уақыт пен нақты жағдайды ескере отырып, қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тіршілік сапасын көтеруге бағытталған бірегей және теңдессіз шаралардың қуатты жиынтығын ұсынды. Бұл құжатты зерделеп, түсініп оқу қажет. Ондағы бағыттарға тоқтала кетсек, төменгі жалақыға ие көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету және жаңа тәртіп бойынша қолдау, сондай-ақ еңбекақыны көтеру, 2-3 пайызбен әлеуметтік несиелер беру, тағы басқалары бар, — деді Марат Мырзағалиұлы.

Аңсар Мұсаханов Мемлекет басшысының әлеуметтік саланы дамытуға және әрбір азаматтың тіршілік сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөліп отырғанын атап көрсетті. Елбасының жаңа әлеуметтік бастамалары біздің республикамызды әлеуметтік дамудың жаңа деңгейіне көтеруі тиіс. Экономикалық жетістіктер бірінші кезекте әрбір адамның әл-ауқатын арттыруға бағытталуы қажет. Сенатор «Дипломмен — ауылға» бағдарламасын жүзеге асыру аясында мамандармен қамтамасыз ету және бірқатар жобаларды қаржыландыру мәселесіне тоқталды.

Мұхтар Жұмағазиев өз сөзінде «Ауыл — ел бесігі» арнаулы жобасына назар аударып, болашағы бар ауылдарды дамыту тақырыбын қозғады.

— Перспективасы бар ауылдар онда тұратын адамдардың санына, орналасу аймағына, даму әлеуеті мен басқа да факторларға қатысты анықталады. Ірі елді мекендер дами түсетін болады, ол жерлерде әлеуметтік нысандар салынады, инфрақұрылымдар жүргізіледі. Мысалы, сіздер тұратын Қазан селосы шағын болғанымен, болашағы бар. Мұнда газ, су құбыры жүргізілген, дәрігерлік пункт, балабақша, санаторий жұмыс істейді, мектеп күрделі жөндеуден өткізілген, жолы жақсы. Орналасқан жері аудан орталығы мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінен 3,5 шақырым қашықтықта, жол бойы сервисін жасақтауға қатысу мүмкіндігі бар. Жері құнарлы, яғни өсімдік және мал шаруашылығымен шұғылдануға қолайлы, — деді ол.

Сенатор сондай-ақ жергілікті жолдар құрылысы жайына да тоқталып өтті. Қазақстанда республикалық маңызы бар 12,5 мың шақырымдық жоғары жылдамдықтағы жолдар салынды, енді облыстық, аудандық және селолық жолдар қолға алынбақшы. Осы мақсатқа ауқымды қаржы бөлінуде.

Кездесу барысында «Зәру» шаруа қожалығы мен санаторий-панто емдеу орнының басшысы Бану Тілегенова сөз алып, өздері атқарып отырған жұмыс барысымен таныстырды.

— Марал өсіру шаруашылығында 5, санаторийде 18 жұмыс орны бар, сонымен бірге 7 бос орын жұмысшыларды күтуде. Бізге шаштараз, екі массаж жасаушы, екі медбике, қызметші, бухгалтер-кассир қажет. Біздер мамандарды өз есебімізден оқытқымыз келеді, адамдар соған да келмейді. Одан гөрі үйлерінде жұмыссыз отырғанды тәуір көреді. Бізге келушілер күні бойы ем қабылдайды, ал кешкісін шаштарын қидырып, массаж жасатқысы келеді. Косметолог Ақтөбеден келіп жұмыс істейді, апта бойы пантомен емдеу жұмысын атқарып, сенбі-жексенбіде ғана демалады. Оның жолдасы марал бағады. Біздің фермада 300-дей үй қояны өсіріледі, балапандар сатып алып, тауық өсірудеміз. Сонда табиғи таза тағамдар — жұмыртқа, құстың, қоянның еті, қаймақ, май, сүзбе — бәрі өзімізде дайындалады.

Көктемде бау-бақша салып, жеміс ағаштарын өсіреміз. Таяу уақытта панты өңдеу цехын ашпақшымыз, сол кезде бізге лаборанттар, мамандар қажет болады. Бізге фермаға жұмысқа келгендердің барлығына да жағдай жасалған, сондықтан олар өз істеріне ынталы. Ұжымда ауызбіршілік бар, мамандар тәжірибесін бөлісіп, жастарды тәрбиелейді, — деді ол.

Кездесуде облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Ақсұлу Жұбаназарова атаулы әлеуметтік жәрдем тағайындау туралы хабардар етті.

Сенаторлар сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында азаматтарды жеке қабылдауды ұйымдастырды.

 Елена ОНИСЬКОВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button