Жаңалықтар

Көпбалалы әйелдерді қабылдады

«Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында қоғамдық қабылдау өтті. Шараға көпбалалы және жалғызбасты аналар қатысып, толғандырған сауалдарын қойды.

Тұрғындарды облыстық мәслихаттың депутаты Жеңісгүл Мұхамбетпайызова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», облыстық денсаулық сақтау және білім басқармасының өкілдері қабылдады.

— Бүгін бізге бекітілген кесте бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың аналарымен қабылдау жүргізіп жатырмыз. Менің қабылдауыма таңертеңнен түске дейін жиырмаға жуық тұрғын келді. Оның ішінде Хромтау, Мұғалжар аудандарынан келгендер де бар. Тұрғындар, әсіресе, тұрғын үй және баспана мәселесі бойынша көптеген сауалдар қойды. Сондай-ақ мүгедек бала асырап отырған аналар сапалы қоларба, кейбірі шипажайда емделуге жеңілдіктер қарастырылуын сұрады. Біз бірінші кезектегі қажеттіліктерін анықтап, олардың мәселелерін шешу жолдарын қарастыруға тырысамыз.  

Жақында Елбасының қатысуымен өткен «Nur Otan» партиясының 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған кезекті XVIII съезіне қатыстым. Республикадан бөлінетін бюджеттің 45 пайызы әлеуметтік саланы құрайды екен. Президентіміз осы салаға ерекше назар аудару керек екендігін атап өтті. Бүгінде бұл бағытта біздің өңірімізде де түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы биыл шілде айынан бастап өседі деп күтілуде. Енді жаңа реформаға байланысты ұлттық қордан қосымша қаражат қарастырылып жатыр, — дейді облыстық мәслихаттың депутаты Жеңісгүл Мұхамбетпайызова.

 

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button