Жаңалықтар

Көмек тағайындаудың жаңа тәртібін түсіндірді

Nur Otan партиясының жуырда өткен ХVІІІ съезінде сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың аз қамтылған бөліктерін қолдауға бағытталған әлеуметтік саясат — басты басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап айтқан еді.

Осыған орай, облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен, мүмкіндігі шектеулі жандар мен мамандардың кездесуі өтті. Кездесуде мамандар көпбалалы отбасыларға атаулы көмек тағайындау және баспанамен қамту мәселелері бойынша өзгерістерді түсіндірді.

Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Көпенов жүргізіп отырды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Динара Достанова:

— Елбасы Үкіметке атаулы көмек көрсету өлшемдерін ең төменгі күнкөріс шегінен 70 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Бұрынғы өлшем — 50 пайыз, яғни 14 849 теңге болса, енді 20 789 теңгеге көтерілді. Сонымен қатар, көпбалалы отбасындағы әр балаға төленетін төлем 20 789 теңге көлемінде белгіленеді, — деді.

Динара Достанованың айтуынша, қазіргі күні облыста 20 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Ал жоғарыда аталған жаңа тәртіп іс жүзіне енгізілген соң, олардың қатары 1,5 есеге жуық артады деп болжанып отыр. Негізінен, олар төрт және одан көп баласы бар отбасылар болмақ.

Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында отбасының жиынтық табысы есептелгенде, мемлекеттік жәрдемақылар, студенттердің шәкіртақысы есепке алынбайтын болады.

Динара Достанованың айтуынша, алдағы уақытта мүгедек балаларды бағып-қағып отырған ата-аналарға төленетін жәрдемақы да 30 пайызға өседі.

Аз қамтылған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жылдық 2-3 пайыз өсіммен несие беру көзделген.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының маманы Айнагүл Смадиярова бұл жөнінде:

— Жеңілдікпен, яғни 2-3 пайызбен берілетін несиені 19 жыл мерзімге беру жоспарланып отыр. Ал алғашқы жарна үшін жиналған қаражат болмаған жағдайда, тұрғын үй сертификаттарын алуға болады, — деп түсіндірді.

Жиынға қатысушылар мамандарға өздерін толғандырған мәселелер төңірегінде сауалдар қойып, жауабын алды. Кенжебек Тәжімбетов, Шәмшедин Қыдырғалиев, т.б. азаматтар көпбалалы аналарды, әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау бағытындағы өз ұсыныс-пікірлерін де жеткізді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Суретке түсірген: Ербол ТЕЛІБЕКОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button