Ақтөбе — 150Басты жаңалықтар

Ыбырай мектептерінің бірі

Ақтөбе қаласының 150 жылдығы қарсаңында еш ұмытуға болмайтын көрнекті тұлғалардың бірі — Ыбырай Алтынсарин. Небәрі 48 жасында (1841-1889) аяқ астынан асқынған дерттен опат болған қазақ ағартушысы туралы орыс миссионері Н.И.Ильминский іле-шала дерлік (1891 ж.) Қазан қаласынан ыстық ықыласқа толы естеліктер жинағын шығарыпты. Ерекше жаралған ағартушы педагог одан соң да елеусіз қалған жоқ.

Дегенмен, әсіресе, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын әшкерелеуге толық мүмкіндік берілген бергі кезеңде найзаның ұшына алдымен ілінген танымал тұлғалардың бірі және Алтынсарин еді. Мысалы,  қазақтан шыққан алғашқы тарих профессоры, мемлекет қайраткері Санжар Аспандияров 1935 жылы жарық көрген «История Казахстана» деген оқулық-кітабының «Казахстан — колония российского империализма» деп аталатын екінші бөлімінде Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсаринді ерекше бөлектеп алып сынайды, былай дейді: «…Поэтому они причисляются казахскими националистами к обрусителям-миссионерам».

Уақыт өте келе бәрібір Ыбырай Алтынсариннің қызметіне орнықты баға беріліп, оның қайраткерлігі мойындалды.

Сөйтсе де еліміз тәуелсіздік алған алғашқы кезеңдерде бағзы отызыншы жылдардағы айыптаулар анда-санда болса да қайтадан айтылмай қалған жоқ. Сол кезде Ыбырай Алтынсаринді адал қорғап шыққандардың бірі профессор, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов еді. Зерделі ғалым «Ел қалай орыстандырылды (Мұхтар Әуезовтегі бір автоцензура тарихынан)» деген еңбегінде (1993 ж.) Ыбырайдың Н.И.Ильминский секілді тісқаққан миссионерлермен қалай арбасқанын, олар құрған тордан қандай дипломатиялық әдістермен сытылып шығып отырғанын егжей-тегжейлі баяндайды. Сөз арасында: «…Мысалы, қазір қазақ зиялылары Ыбырай алғаш рет қазақтың орыс графикасы негізіндегі жаңа алфавитін жасаушы деген жалған ұғымның шеңберінен де шыға алмай отыр. Бұл мәселе жан-жақты зерттелуі,  саяси астары бар құбылыстың түп төркінін сол кезеңнің тарихи болмысымен тікелей байланыста ала отырып, ғылыми негізде шын бағасы берілуі керек» дейді ғалым.

Қалай болғанда да, Ыбырай Алтынсарин қоғамдық қызметке араласқан шақ патшалық отаршылдық саясат әбден дәуірлеп, жері мен өзен-көлінен айырылған қазақ жұртының барар жері, басар тауы бұлдыр елеске айналған зарлы заман еді. Сол елес-тұманды жарып шығар сәулені Ыбырай ең әуелі білімнен іздеуді жөн көрді, сөйтіп, қазақ балалары үшін дүниелік ғылымдар негізін оқытатын тұңғыш қазақ мектептерін ашуға кірісті. Ұлы педагог озық елдермен терезе теңестіруге апаратын бір амал осы деп шешті.

Ақтөбе мектебі сол ұшқындардың бірі еді.

Бір ескерер жайт, тап сол шақта Ақтөбе бекінісінде балаларды оқытатын мектеп ғимараты болмағандықтан 1884 жылға дейін оқушылар Бөрте болысында мектепке ыңғайланған мекенжайда оқыды.

Торғай облысының соғыс губернаторына рапорт

Сіздің ұлы мәртебеңізге мағлұм болсын, уақытша Ақтөбе мектебін мен осы айдың 23-і күні аштым. Мектептің ашылуына қазақтар көп жиылды. Мектепті ашарда әуелі молда дұға оқыды, одан кейін мен қазақтар арасына орыс білімін таратудың тұрмыстағы және рухани пайдасын түсіндіріп, сөз сөйледім, ақырында мәжілісті шамалы қонақасымен аяқтадық. Мектеп ашқанымыз жиналған жұртқа өте жақсы әсер еткен сияқты көрінді. Мектепке баласын бергісі келетіндер өте көп болып шықты, өйткені белгіленген комплектінің, яғни уезд бастығы болыс басына үш баладан бөліп, қазына есебіне алынбақ 25 шәкірттің санын үш, төрт (және тіпті одан да көп) есе көбейтуге болатын болып шықты. Сондықтан мен жиналған қазақтарға: белгіленген комплектіден тыс тағы да 10 шәкірт алуға болады, бірақ олар өз есебінен оқитын болсын дедім, бұған сол мектепте болған жиналыста 8 адам ризалығын білдірді. Сонымен, осы айдың 23-і күні Бөрте болысының ауылдарынан қазына есебіне 6 бала, өз есебінен оқитын 8 бала алынып, мектеп сабағы басталып та кетті. Қалған шәкірттер ауылдарының алыстығынан мектепке әлі келе алмай жатыр; келгендерін мектеп меңгерушісі ала береді.

Бұған қоса айтарым, мен, арнаулы тапсырма чиновнигі Кейкин мырзаның көмегімен, мектептің шаруашылық жұмыстарын жайғастырып, оқытушыларға қазақ балаларына орыс тілін оқытудың әдістері және мектептің есеп жұмыстарын жүргізу тәртібі жайында, мектеп пен мұғалімдердің айналадағы халықпен және мұсылман медресесімен қатынасы қандай болуы керектігі жайында нұсқау беріп болғаннан кейін осы айдың 26-сында Ақтөбе мектебінен жүріп кетемін.

1881 жыл, 24 октябрь. Торғай облыстық  мектептерінің инспекторы Ы.АЛТЫНСАРИН.

Бөрте болысындағы мешіт.

Торғай облысының соғыс губернаторына рапорт

Өткен октябрь айының 24-і күні жіберген №88 рапортыммен Сіздің ұлы мәртебеңізге Елек уезінде уақытша Ақтөбе мектебінің ашылғанын, мектеп ашылған күні оған Бөрте болысынан қазына есебінен және өз есебінен кірген қазақ балаларының санын хабарлаған едім. Сонымен қатар бұл туралы Електің уезд начальнигіне де хабарлап, онан алыстағы болыстардың балалары мектепке алдымыздағы 1882 жылдың 1 январына дейін жеткізілуін болыстардан талап етуді өтінген едім, сонымен қа­тар егер бұлай болмаған күнде мектеп алатын балаларының бәрін тек жақындағы болыстардан ғана алуға мәжбүр болады деп ескерткен едім. Қазірде уақытша Ақтөбе мектебінің меңгерушісі маған, мен кеткен күннен бастап 9 декабрьге дейін мектепке тек Қараторғай болы­сынан 2 бала ғана жеткізілді деп хабарлап отыр. Сонымен, қазына есебіне алынған оқушылардың саны енді — 8, ал бұған өз есебінен Бөрте болысынан келген оқушыларды қосқанда, небәрі 16 бала болып отыр.

Ақтөбе мектебінің ашылғандығы және бұл мектепте оқитын балаларды жеткізу қажеттігі туралы болыстарға күн ілгері хабар берілді, ал мектеп ашылысымен, бала жеткізуге 22 октябрьден 1882 жылдың 1 январына дейін, яғни 2,5 ай шамасындай мерзім берілді; сондықтан ендігі жерде алыстағы болыстардан оқушылар келуін күте беру қолайсыз. Неге десеңіз, біріншіден, болыстарға жарияланғаннан кейін үш айдан астам уақыт ішінде оқушыларды жеткізбегеннің өзі бұл болыстардың уақытша Ақтөбе мектебіне балаларын бергісі келмейтіндігін дәлелдейді; екіншіден, мектеп ашылған кезде кірген оқушылар үш ай ішінде едәуір оқып, ілгері кеткендіктен, жаңадан кіретіндерге қалай дегенмен, класта дербес бөлімше ашу керек болады, өйткені бұларға бұрынғылармен бірдей сабақ беруге болмайды; ал егер оқушылар алуды 1 январьдан да әрі соза беретін болсақ және оларды әр мезгілде алатын болсақ, онда мектепте жаңадан бірнеше бөлімдер ашу керек болады; мектепте тек жалғыз оқытушы болып отырғандықтан, бұлай ету мүлде мүмкін емес.

Сондықтан, Сіздің ұлы мәртебеңізден, Ақтөбе мектебіне жақындағы болыстардан алдымыздағы 1882 жылдың 1 январынан бастап бала алуға рұқсат етуіңізді өтінемін. Ал егер менің бұл ұсынысым мақұлданатын болса, ол туралы маған және, уақыт ұту үшін, мектеп меңгерушісіне хабар етуіңізді өтінемін.

19 декабрь, 1881 жыл. Торғай облысы мектептерінің инспекторы Ы.АЛТЫНСАРИН.

Торғай қаласы.

Жоғалмай жеткен деректер

Жалпы жоғалмай жеткен бұдан да басқа бірқатар осындай түрлі жазбаларына қарағанда Ыбырай Алтынсариннің Ақтөбе мектебінің жағдайына  үнемі жоғары жақтың назарын аударып отырғаны анық көрінеді.

Жоғарыда толық мәтіні келтірілген екі рапорттан соң да Алтынсарин осы мәселеге қайта оралып отырады.

Мысалы, «1882 жылы Торғай облысындағы оқу жұмысының жайы туралы есебінде» Торғай облысы мектептерінің инспекторы Ы.Алтынсарин: «…Осы соңғы есепті жылдың аяғында ғана Ақтөбе мектебіне Гирьял станциясынан өз бетімен қатынап оқитын үш казак-орыс балалары алынды, алған себебіміз, бір жағынан, олардың ата-аналарының соңымыздан қалмай сұрауы болды да, ал екінші жағынан, бұл балалар қазақ балаларының орыс тілін сөйлесіп үйренуі үшін керек болды» деп жазады.

Осы есепте мектептердегі оқу және тәрбие жұмыстары туралы айта келіп, Ақтөбе мектебінің жайына сөз соңында бөлек тоқталып өтеді. Және бұл ретте инспектор сол кездегі оқу тәртібіне қатысты шетін жайды, яғни мектеп пен медресенің бейбіт қатар өмір сүру жағдайын тиянақтап түсіндіреді. Ұзақтау мәтін былайша өрбиді.

«…Бұл арада жұмысын 1881 жылдың ноябрь айында ғана бастаған Ақтөбе мектебінің оқу жұмысы айтылмай қалып отыр; бұл мектеп — қазақ медресесінің үйінде, қазақ молдаларының және жалаң дін сабағын оқып жатқан ересек шәкірттерінің арасында. Бірақ бұл мектептің оқытушысы  Мозохиннің аса зор қабілеттілігінің, жақсы мінезділігінің және ыждағаттылығының арқасында, бұл орыс мектептері үшін қолайсыз жағдайлар мектептің оқу жұмысын ойдағыдай жүргізуге ешбір кедергі жасаған жоқ. Молдалар мен шәкірттер тарапынан бәсеке, күндеушілік болады ғой деп ойлап едік, бірақ оның орнына, медресе шәкірттерінің өздері орыс-қазақ мектебіне кіре бастады.

Бұл мектепке кіріп оқуға талаптанушылар көп болғандықтан, Торғай облысының соғыс губернаторы осы есепті жыл ішінде Ақтөбе мектебіне келіп-кеткен сапарында Ақтөбе мектебіне штат бойынша белгіленген 25 баланың үстіне тағы да 10 оқушыға қоғамдық қаржыдан қаражат босатуға бұйрық берді. Бұл мектептің бірінші бөлімінде қазір орыс тілі, орысша жазу және есеп сабақтары басталып жүріп жатыр; екінші бөлімнің оқушылары диктовкамен әжептәуір дұрыс жазады, оқығандарын түсінікті түрде айтып береді, орыс тілінің негізгі грамматикалық ережелерімен қазірдің өзінде-ақ танысып қалды.

Бұл мектепте мен байқаған бір кемшілік — жергілікті қазақ қарттарының тілегі бойынша тағайындалған дін оқытушысы молда Құбынияз болып отыр. Бұл — бір өте сыңарезу, топас және өзіне берілген кеңесті де түсіне алмайтын адам. Сондықтан оны дін оқытушылық қызметінен мүлде босатып жіберген мақұл болар еді, бірақ олай етіп мектеп төңірегіндегі қазақтарды және олардың қарттарын ренжітіп алмайын дедім де, молданың өзінің ризашылығымен, сол Ақтөбе мектебінің өзінде өз жанынан келіп оқып жатқан, Мұхамбеттің дін оқуына жақсы таныс бір қазақты оның көмекшісі етіп тағайындадым. Ақтөбе мектебінде дін сабағын қазірде осы қазақ жігіті оқытып жүр».

Бұдан әрі Алтынсарин мектептің шаруашылық жағын айта келіп, тағы да Ақтөбе мектебіне қатысты мәселені айқындай кетеді:

«…Ақтөбе мектебінің жанында монша жоқ еді және бұл мектеп монша деген мүлде болмайтын қазақ болыстарының ішінде тұрғандықтан, жақын жерде басқа монша да жоқ еді. Сондықтан мен Елек уезд начальнигі мырзадан мектеп жанында шымнан монша салуға қоғамдық қаржыдан 50 мың сом ақша сұрап алып, оны қазір салдырып та қойдым.

Бұл Ақтөбе мектебінің қазақ болыстарының ішінде болуының тағы бір қолайсыз жері — жақын жерде дәрігер де, аурухана да болмағандықтан, ауырған оқушыларды емдеуге ешбір мүмкіндік болмады. Сондықтан, менің ұсынысым бойынша, Торғай облысының соғыс губернаторы мырза, Ақтөбе мектебі меңгерушісінің көмекшісі, фельдшер атағы бар Кейкин ауырған балаларды емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмек жіберілсін, ал ауруы қатты болған жағдайда, ондай оқушылар жақын жердегі ауруханаға жіберілсін; ал ауруханаға жіберу мүмкін болмаған жағдайда, бұл туралы Орынбор қаласында тұрған Елек уезінің дәрігеріне хабар берілсін, деген бұйрық берді».

Ыбырай Алтынсариннің тек мектеп ашу ісімен, ондағы тұрмыстық жай-жапсармен айналысып қана қоймай, педагогиканың талаптарын шебер меңгерген шын мәніндегі тәжірибелі маман болғаны «Ақтөбе екі кластық мектебінің меңгерушісіне нұсқау хатында» анық көрінеді. Осы хатында мектеп инспекторы оқушыларға және оқытушыларға оқу құралдарын жібере отырып, олардың төмендегідей төрт топқа бөлінетінін мұқият ескертеді: бірінші кластарға, екінші кластарға, оқушылармен кешке ауызша әңгімелесуге және оқытушыларға арналған оқулықтар мен әдістемелік кітаптар. Сонымен қатар хат иесі қандай ретте қандай оқулықтарды пайдалану керектігін талдап түсіндіреді. Олай тиянақтаудың себебі де жоқ емес екен. Алтынсарин кейбір жас оқытушылар оқу әдістері мен тәртіптерін беталды өзгерте беретінін, сөйтіп, өзі де адасатынын, оқушыларды да адастыратынын, ақырында әлгі оқытушы сұрағына жауап ала алмай, оқушыларға өшігуге дейін баратынын тәптіштеп-ақ жазады. Солай айта келе: «…Менің тәжірибемде мұндай оқытушылар педагогтар ұсынып отырған оқу құралдарымен ешуақытта дұрыс танысып алмайды, олардың ешбіреуін аяғына дейін оқып шықпайды, оқушылардың жалпы мінез-құлқына, ақыл-парасатына, онымен қатар, орыс балаларына қарағанда қазақ балаларының ана тілінде өзгешеліктер болатынына, ана тілінің басқалығына зер салмайды, осылардың бәрін еске ала отырып, шындап еңбек сіңірмейді. Мұның аяғы балаларды басы жоқ, аяғы да жоқ, бірдемеге ешбір тәртіпсіз оқытуға әкеліп соғады» деп тұжырым жасайды.

Әрине, көрнекті ағартушы, білгір педагог, ұлтжанды қайраткер Ыбырай Алтынсариннің сонау бір отаршылдық тәбет жұтып қойғалы тұрған заманда қазақты құтқарып қалу қамы үшін жасаған қыруар істері өз алдына бөлек әңгіме. Біз оның тек Ақтөбе мектебіне қатысты тұстарын ғана аз-кем сөз еттік.

«Ыбырай Алтынсарин. Таңдамалы шығармалар» кітабы (Алматы, «Ғылым баспасы, 1994) бойынша әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button