Жаңалықтар

«Қуаныш» қызмет көрсетуге әзір

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» телеграмм желісінде чат-ботын іске қосты. Телеграмм-бот арқылы тәулігіне 24 сағат бойы «тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» деопозитіңіз, несие жағдайы туралы барлық сұрағыңызға жауап алуға болады. Банк қызметкерлері бұл ботқа Қуаныш деп ат қойыпты. 

«Қуаныштың» қызметін қолдану үшін сізге Telegram-ға кіріп, іздеу жолында Quanysh bot немесе ЖССБ Бот деген мәтінді теру керек.

— «Қуаныш» депозит, несие және арнайы шот бойынша жеке мәліметтерді алуға көмектеседі. Оның ішінде депозит бойынша баламалы код, шарттық сома, шоттың ашылған күні, шоттағы қалдық, шоттың 20 мәнді IBAN нөміріне қатысты ақпараттарды алуға болады. Ал несие бойынша баламалы код, қазіргі сәттегі несие бойынша қарыз, несие бойынша ай сайынғы төлем мөлшері, ағымдағы шоттың қалдығы, сақтандыру сомасын біле аласыздар. Арнайы шот бойынша шоттағы қалдық, шоттың 20 мәнді IBAN нөмірі, шот бойынша үзінді көшірмелерге қол жеткізуге болады.  Бұл деректерді алу үшін «Қуаныш» телефон нөміріңізге арнайы СМС-код жібереді. Хабарламаны алған соң, көрсетілген кодты чаттағы жауап терезесіне енгізу керек. Куәлік немесе төлқұжат нөмірі арқылы жеке басыңызды куәландыруға дайын болу керек, — дейді банктің Ақтөбе облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің бірінші санаттағы маманы Мақсат Заитов.

Сонымен қатар чат-боттың көмегімен банктің бағдарламалары мен өнімдері туралы біліп, картадан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жақын орналасқан бөлімшелері мен терминалдарының мекенжайын да көруге болады.

Банк қызметкерлерінің айтуынша, бұл тұрғындардың ақпаратты банк бөлімшесіне келмей-ақ, тез әрі жылдам алуына көмектеседі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button