Әкімдер есебі

Жол мен жарық

Комсомол ауылы, Үшқатты, Жамбыл, Жабасақ ауылдық округтері тұрғындарының алдында есеп берген Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімет Ибрашев биыл аудан орталығында әкімшілік ғимараты мен спорт кешені құрылысы аяқталатынын айтты. Сондай-ақ Талдысай ауылына жүргізілетін газ құбырының жобалық- сметалық құжаттары дайын.

Есепте Комсомол ауылының тұрғындары қоқыс төгу полигонының тазалығы, вокзал жанындағы аллеяның жарықтандырылуы, ауылды көгалдандыру мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар осы жылы Жамбыл ауылдық округіне газ тартылып,  ауыл клубы күрделі жөндеуден өтеді. Ал Үшқатты ауылына ең қажеті  — газ бен ұялы байланыс. Үшқаттылықтар Мәлімет Ибрашевтан осы екі  мәселенің тез шешілуіне ықпал етуін сұрады.

Жабасақ ауылдық округі әкімі Тұрғанбай Жүсіпов Аққұм, Байжанкөл елді мекендерінің тұрғындарымен Жабасақта кездесті.  Құмқұдық жолынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан Жабасақ ауылында басқа елді мекендерге қарағанда ілгерілеушілік бар. Бұл ауылдың бір зәру мәселесі — жол. Жұрт Жабасаққа баратын көтерме жолды жөндеуді сұрайды. Өйткені 2017 жылы осы  күре жол тегістелгенімен, жұмыс бітпей қалды. Әзірше қыс жайлы әрі тегістелген жолдың арқасында Жабасақ тұрғындарының аудан орталығымен қатынасы үзілген жоқ. Әдетте қыс ортасында Жабасақтың жолы жабылып, қатынас қиындап кететін.

Екі жыл бұрын Жабасаққа ауызсу құбыры тартылып, бүгінде 142 үй таза суды пайдаланып отыр. Сондай-ақ 2017 жылы Аққұм елді мекенінен 5 шақырым, 2018 жылы Байжанкөл елді мекенінен 7 шақырым жерден тұщы су қоры  табылды. Осы екі ауылға су жүргізу үшін сметалық-жобалық құжаттарды  әзірлеу ғана қалып тұр.

Жабасақ елді мекенінің орталық көшесіне — 15, Аққұмға — 10, Байжанкөлге 9 көше шамы орнатылды. Осы үш елді мекеннің көшелерін жарықтандыруға бюджеттен бөлінген 1 миллион 300 мың теңге толық игерілді.

Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында Жабасақ ауылдық округіндегі «Бағдат» шаруа қожалығы 8,5 миллион теңге несие алып, оған 35 ірі қара, «Мақсат», «Қызғалдақ» шаруа қожалықтары  6 миллион теңге несиеге 32 асылтұқымды сиыр сатып алды. «Даму»  қолдау қоры арқылы 4 ауыл тұрғыны 6 миллион несие рәсімдеп, оған 22 ірі қара мен 4 жылқы алған.
Тұрғындар алдында есеп беру кездесулерінде айтылған жайлардың бірқатары  — осы.

Қонақбай ОРМАНТАЕВ,

Әйтеке би ауданы.
 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button