Ақтөбе — 95

Идош Асқар, Қазақстанның құрметті журналисі: Сөз-қаруды тек жақсылық үшін, ізгілік үшін пайдалану керек!

Биыл Ақтөбе облысының жылнамасына айналған, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары өңірде тұңғыш рет қазақ тілінде шыға бастаған облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетіне 95 жыл толады. Алғашқы саны 1924 жылы 7 маусымда жарық көрген басылым осы уақыт аралығында талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтті: кеңістік пен уақыт қойған талаптарға жауап бере отырып, халықпен бірге болуды мұрат етті. Бір ғасырға жуық мезгілде осы мұратынан айныған жоқ. ХІХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары кеңестік идеологияны жұртқа тарату мақсатында құрылған басылым қоғамдағы өзекті проблемаларды да көтерді, ұлттық мүддені де ұмытқан жоқ. Зиялыларды «халық жауы» ретінде әшкерелеген сонау отызыншы жылдары, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары да, соғыстан кейінгі қайта құру кезеңдерінде де газеттің дауысы көпке жетіп жатты. Тоқсаныншы жылдары тәуелсіздік алып, еліміз еңсесін тіктегенде де, қуаныштың көз жасы жаңа мемлекет құрудағы қиындықтармен ұштасып жатқанда да басылым оқырманына қызмет ету ырғағынан жаңылған жоқ. Бүгінгі «Ақтөбе» — бір ғасырға жуық үзілмей келе жатқан ағалар бастаған көштің жүгін құлатып алмай, жаңа қоғамға, бүгінгі оқырманына адал қызмет етіп отырған басылым.

«Ақтөбенің» 95 жылдық тойы тұсында газетке 1971 жылы қарапайым тілші болып келіп, тоқсаныншы жылдары бас редактор ретінде қол қойған белгілі қаламгер, ардагер журналист, Қазақстанның құрметті журналисі, «Ақтөбе облысына еңбегі сіңген атағының иегері» Идош Асқармен сұхбаттасқан едік. «Газет тарихы дегеніміз — сонда қызмет еткен адамдардың тарихы, сол елдің тарихы, сондықтан мен осы жерде жұмыс істеген адамдарды газет тарихынан бөліп қарай алмаймын», — дейді ол. Бүгін — Идош Асқардың туған күні — 80 жасқа толып отыр. «Менің өмірім де осы газетпен біте қайнасып жатыр, бұл жерде отыз жылға жуық еңбек еттім, сондықтан әңгіме мен туралы емес, газет туралы болуы керек», — дейді И.Асқар.

— 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны 1963 жылы тәмамдағаннан кейін Ақтөбе облыстық телевизиясына жұмысқа келдім. Ол уақытта жұмысқа жолдамамен жіберетін еді, облыстық газетке барғым келгенімен, газетте орын болмады. Телеарнада, Алға аудандық газетінде, аудандық атқару комитетінде жұмыс істеп, 1971 жылы облыстық газетке жұмысқа орналастым. Газетке қарапайым тілші болып келдім. Біз жұмыс істеген жылдар өте бір күрделі кезеңдер болатын. Жалпы, газет ғұмырын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады: ол ұрпақ алмасатын уақытпен парапар. Бүгінгі күнге дейін облыстық газетте шамамен үш ұрпақ ауысты, қазір төртінші ұрпақ жұмыс істеп жатыр. Газет алғаш шыға бастаған 1921 жылдан бастап бірінші кезең десек, соғыстан кейінгі жылдары екінші кезеңі басталды, ал жетпісінші жылдары үшінші кезеңге аяқ басты. Мен осы үшінші кезеңде қызмет еттім. Біздің уақытта тақырып аясы да тар болатын: елдегі шаруашылық жайы, егін егу, шөп ору, шабу науқаны, еңбектегі екпінділер, өндірістегі озаттар, кәсіптегі таңдаулылар, социалистік жарыстың жеңімпаздары… Сол кездегі жүйенің, қатаң идеологияның талабына сай бола отырып, оқырманға адал еңбек етуге, оқырман іздеген ақпаратты беруге тырыстық. Әр уақыттың, әр жүйенің өз талабы, өз мақсаты болады. Біз сол жүйенің бір механизмі ретінде жұмыс істеуге тиіс болдық. Ол жылдары істелген жұмыстарға уақыт өзі сарапшы болады…

1985 жылы басшылыққа Михаил Горбачев келген жылдары қоғамда қайта құру белең алды. Барлық сала өзгеріске сұранып тұрды. Біз де газетімізде өзгерістер жасауға, тақырыптар аясын кеңейтуге тырыстық. 1996 жылы газетке бас редактор болып тағайындалдым. Келген бетте газетімізді жақсарту жағына баса назар аудардым, ұжым болып соған кірістік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің басына түскен қиындықтармен, ауыртпалықтармен де тарихта қалатыны белгілі. Бұл жылдар біздің редакция үшін де оңай болған жоқ. Адамдардың газетке жазылу түгілі тамақ алатын ақшасының қат кезі. Осы кездері біздің редакция қызметкерлері де айлап жалақы ала алмаған кездері болды. Енді не істеу керек? Ауыл-ауылдарға барғанда газетке жазылған жұрт малын, тарысын, күрішін, темір-терсек беріп жатады. Оларды Ақтөбеге алып келіп, базарға апарып, өткізіп, ақшасын жалақы қылатын едік.

Редактор Идош Асқардың басшы ретінде, ұйымдастырушы ретінде ұстанымы қандай болды? Өзіңіз айтып отырған қиын-қыстау кезде, тоқырау кезеңінде ұжымды ұйытып отырудың өзіне үлкен жігер керек екені белгілі. Бұл сыннан қалай сүрінбей өттіңіз?

— Рас, айлық алмай жұмыс істеген кездері бірқатар адам газеттен кетіп, басқа салаға ауысты. Ал редакцияда қалғандары сол қиындықты бірге көтерісті. Мен де кемедегі капитан секілді ұжымды тастап кете алмадым. Соғыстан кейінгі жылдары газетте редактор болған Смағұл Мұқашев деген ағамыздың бір сөзі бар: «Осы редакцияда жұмыс істеп, газет арқылы байыдым деген адамды көргенім жоқ, алайда осы жерден жарлы боп кеткен адамды да естімедім. Қалай болғанда да бұл жерге адам байимын деген ниетпен келмейді, іштей өсемін, рухани толысамын деп келеді», — деген сөзі есімде. Расында, газет редакциясында бір жұмыс істеген адам оның «шырмауынан» шығып кетуі қиын, себебі бұл жердің өзінің қызығы, қызықтыратын тұсы бар: журналистің бір күні екінші күніне ұқсамайды, бүгін далада жүрсең, ертең елдің ішінде боласың, бүгін ауыл шаруашылығы саласындағы бір мекемелерде жүрсең, ертең өндірісте, арғы күні дәрігерлердің, ғалымдардың, басқа да сала мамандарының ортасында жүресің. Осының барлығы адамның таным көкжиегін кеңейтеді, іштей өсіреді…

Халыққа сөз айтамын деп жүріп, өзің үйренесің — газеттің жақсы жері осы. Маған қымбаты — газеттің, газет редакциясының өзі, онда қызмет жасаған, бүгін еңбек етіп жатқан адамдары. Мен бұл жерге өз үйіме келгендей келемін!.. Бізді адам ретінде қалыптастырған, азаматтықтың сабақтарын, тәрбиесін берген негізінен осы жер, сондықтан бұл жер мен үшін өте қымбат!..

Мен редактор ретінде ең алдымен ұжымдағы татулықты бірінші орынға қойдым, бұл жерде бөлісе алмайтын ештеңе жоқ, ешкім ешкімді күндемей, қызғанбай жұмыс істесек дедім. Жұмыс оңай болған жоқ, қара майдың ортасында жүрдік: мақалаларды машинкамен тердік, баспаханада әріптерді қорғасынмен құйдық. Әлі есімде, сол кездердегі партияның бірінші хатшысы Никита Хрущев Целиноградқа келіп, ауыл шаруашылығына қатысты баяндама жасады. Ол кісі кемінде 3-4 сағат баяндама жасайтын еді. Кейін оның баяндамасын астанадағылар аударып, телетайп арқылы жібереді. Телетайппен келген мәтінде қателер өріп жүреді, әрбір қатені түзетіп отырудың өзі көп уақыт алады. Осындай кездері бір газетті шығару үшін екі күн бойы жүретін едік.

— Қате демекші, газет болғасын қате міндетті түрде кетіп қалады ғой. Сіздердің кездеріңізде, әріпті линотиппен құятын кездерде қате тіпті көп кеткен шығар?

— Қате деген ұры ғой. Бірде газеттің бірінші бетіне шыққан мақаланың тақырыбынан қате кетті. Сол уақыттарда Швецияда Ульф Пальме деген министр болды. Газеттің бірінші бетіне шөп шабу науқаны туралы мақала бердік. Оған Ульф Пальменің мүлде қатысы жоқ болатын. Алайда, газет шыққан күні бірінші бетте «Ульф Пальме Ақтөбе облысында шөп шауып жүр» деген тақырып шығып тұр. Бақсақ, бірінші бетте кеткен әріп қателерін саламын дегенде тұтас сөздер қосылып кетіп, әлгіндей өрескел қате кеткен… Мұндай мысалдар баршылық еді. Қазір керемет қой, әрбір журналистің алдында бір-бір компьютерден бар, барлығы автоматтандырылған. Қазіргі журналистиканың аясы да кең, біздер секілді таптаурын тақырыптарды жаза бермейсіңдер, құлашты кеңге сермеп жазуға болады.

— Өзіңіз айтпақшы, бүгінде «Ақтөбе» газетінде төртінші ұрпақ қызмет етіп жатыр, сәйкесінше, басылым төртінші кезеңге аяқ басты. Бүгінгі ұрпақ өз несібесіне тап болған уақыттың талабына сай еңбек етіп жатыр. Ардагер журналист ретінде кейінгі буынның жасап жатқан жұмысына көңіліңіз тола ма? Жалпы, қазіргі қазақ баспасөзінің міндеті не болуы керек?

— Қазақ журналистикасы күш алып келеді, ойы ұшқыр, пікірлері өткір, сауатты тілшілер баршылық. Біздің кезімізде кеңестін идеологияға ұнайтын тақырыптар ғана жазылатын, тақырып аясы тар болғанын айттым, ал ондай жерде журналистика дамымайды. Бізге сондай уақыт бұйырды. Бұл сала қазір жақсы дамып келеді. Бүгінгі ұрпақтың да ұтатыны — осы, қазіргі журналистер халықтың ойынан шығатын тақырыптардың барлығын қаузай алады.

Қазіргі қазақ баспасөзінің міндеті — елді біріктіру, қоғамдағы татулықты сақтау болуы керек деп ойлаймын. Бұл ниет журналистің жазатын мақалаларында көрініп тұруы тиіс. Газет арқылы оқырман өзін тәрбиелей алатын мақалалар жазылуы керек. Өкініштісі, қазір елімізде қоғамның тек көлеңкелі тұстарын жазатын ақпарат құралдары баршылық. Сөз салақтығы да бар. Бір-екі мысал айтайын, кейбір газеттерде «зиялы қауым» деген сөз қолданылады. «Бұл жиынға әкімдік қызметкерлері, мұғалімдер және зиялы қауым өкілдері қатысты» деген секілді сөйлемдер кездеседі. «Зиялы» деген дұрыс, бірақ «зиялы қауым» дегені мүлде дұрыс емес. Зиялы адам әкімдік қызметкерлерінің де, мұғалімдердің де ішінде болуы мүмкін, сондықтан бөліп-жарып айту өте қате. Немесе «қыз-жігіттер» деген сөзді алайық. Негізінен сыпайы жігіттерді «қыз жігіт», «қыздай екен» деп айтады, ал бұл жерде журналист «жігіттер мен қыздар» деп дұрыстап жазуы керек. Қазір ақпарат тасқыны көп, еркін жазуға, өз ойын еркін айтуға мүмкіндік бар, дегенмен, жаңағыдай сөз салақтығына жол беріп алатындар да бар.

— Биыл өзіңіздің газетіңіз — «Ақтөбенің» шыға бастағанына 95 жыл толады. Осы той тұсындағы лебізіңіз?

— Құрамында екі облыстық газет, бірнеше журнал мен ақпараттық сайттары бар «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үшін өткен жыл есте қалатын жыл болды. Серіктестік дербес ғимаратқа көшіп, баспаналы болды. Былтыр «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығы тойланды. Биыл «Ақтөбенің» 95 жылдығы. Бір ғасыр бойы қолтықтасып, бірге келе жатқан екі газеттің 100 жыл бойы қолы жетпеген — жеке ғимаратқа көшуі газеттің қазіргі ұжымы үшін де, ардагер журналистер үшін де үлкен қуаныш болды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев журналистердің ұзақ жылдарға созылған бір мұқтажын шешіп берді. Осы шаруалардың басы-қасында жүрген серіктестік басшысы Раукен Сағызбайұлына рақмет. Баспасөз үйінің ішінен ашылған музейдің өзі қандай керемет: басылымдардың ғасырлық тарихын, өңірдің жылдар бойы тасқа басылған жылнамасын осы жерден көруге болады. Жоғарыда айтып кеткен үш буынның еткен еңбегі, естеліктері де осы музейде тұр. Биылғы «Ақтөбе» газетінің тойын да ұжым жақсы атқарады деген сенімдемін.

— Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен майталман, ардагер журналист ретінде кейінгі буынға айтарыңыз бар ма?

—   Ең алдымен, сөз тазалығына мән беру керек, тіл тазалығын сақтау керек, себебі сөз — мәңгілік, темір тозады, тас мүжіледі, тау шөгеді, бірақ сөз артта қалады. Қазір ақпарат құралдарында жұмыс істейтіндердің барлығы өзін журналиспін деп есептейді. Меніңше, журналистік зерттеу жүргізе алатын, тың ой айта алатын, қоғамда пікір туғыза алатындар ғана нағыз журналистер, қалғаны жай ғана бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері. Сөздің құдіретін түсіну керек. Қасиетті төрт кітаптың бірі «Інжілде»: «Әуелі сөз болған. Ол құдаймен келген. Сөз — Құдайдың өзі» делінген. Алайда, бұл «Інжіл» түскеннен бұрын, Гермес деген пайғамбар тұсында айтылған сөз деседі. Сондықтан сөз-қаруды тек жақсылық үшін, ізгілік үшін пайдалану керек!..

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button