Жаңалықтар

Ғалым жолы

Мерей

Балалық шақтағы тарих пен әдебиетке құштарлық оны ғылымға әкелген еді. Бүкіл саналы ғұмырын ол ғылымның кенжелеп қалған саласы саналған қазақ философиясына үлес қосуға арнап келеді, сонымен қатар, жоғары оқу орындарындағы ұстаздық қызметтен де қол үзген емес. Философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының академигі, әуезовтанушы Алтай Тайжанов 70 жасқа толып отыр.

Оқушы кезінде әдебиет пен тарихты ерекше сүйіп оқыған, мектептегі тарих үйірмесіне жетекшілік еткен жастың мамандық таңдауға келгенде, рухани-дүниетанымдық мәселелерді зерттеумен айналысатын философ болуға тоқтам жасауы кездейсоқтық емес екені түсінікті. 1975 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің философия факультетін бітіріп, жолдамамен Қостанай облысына аттанды. Металлургия саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинатын мамандармен қамту мақсатында Қостанай облысының Рудный қаласында Қазақ политехникалық институтының филиалы ашылған болатын. Кейіннен ол Рудный индустриалды институтына айналды. Алтай Тайжанов жоғары мектептегі педагогикалық қызметін осы жерден бастапты.

— Бұл мен үшін үлкен шыңдалу мектебі болды. Жұмысым да өзіме ұнайтын, оның үстіне үй кезегі де көп күттірмеді. Алайда политехникалық институттың Рудныйдағыфилиалы ұжымында екі қазақ қана еңбек еттік. Жалпы, қалада қазақ отбасылары өте аз болатын. Іздестіре жүріп, 10-11 отбасын тауып, араласып тұрдық. Менің туған жерім — Атырау облысының Қызылқоға ауданы. Қазақы ауылда туып-өскен соң, қазақы ортаны аңсамай тұра алмайсың, оның үстіне, ағайын-туысыңа да жақынырақ болғың келеді. Сөйтіп, 1977 жылы Ақтөбе медициналық институтына ауыстым. Сол кездері қазақтардың үлес салмағы жағынан Ақтөбедегі жағдай да аса мәз болмаса керек. Сірә, 40 пайыздан жоғары бола қоймас. Алайда базарға барсаң, қаптаған ауыл қазағы, көшеде де қазақтар жиі кездеседі, сондықтан болар, Рудныйдан кейін, Ақтөбе маған нағыз қазақы қала болып көрінді, — деп еске алды Алтай Тайжанұлы.

1982 жылы ҚазМУ-дың философия факультетінің аспиранты атанды. Ол —  қазақтың философиясы, дүниетанымы туралы айтылмайтын кезең еді. Қытай, орыс, грек, неміс халықтарының ұлы ойшылдары, «маркстік-лениндік» философия бар да, алайда«қазақ философиясы» деген термин ауызға алынбайтын. Алтай Тайжанов аспирантураны мерзімінен бұрын бітіріп, кандидаттық диссертациясын «Мұхтар Әуезов — ойшыл» деген тақырыпта қорғады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында докторлық диссертациясынқолға алғанда да, осы тақырыпты жалғастырды. Докторлық диссертация 1995 жылы «Мұхтар Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық өзектері» тақырыбында қорғалды. Жалпы, ғалым еңбектерінің бір бөлігі ойшыл-жазушы Мұхтар Әуезов шығармашылығының дүниетанымдық аспектілерін зерттеуге арналған. Бұл қазақ халқының дүниетанымын тереңнен түсіндіру, насихаттау ниетінен туған қадамдар екеніне біз күмәнданбаймыз.

— Қағаз бетінде, кітапта қалмады екен деп, қазақ философиясын жоққа шығару — түбегейлі қате түсінік. Мысалы, қазақ фольклоры «Бабалар сөзі» 100 томдығына жинақталғанын білесіздер. Ата-бабаларымыздың дүниеге, қоршаған ортаға деген көзқарасы, таным-түсінігі, даналық қазынасы осы 100 томда тұр. Біздің салт-дәстүрлеріміз де үлкен философиялық мәнге ие: келіннің ата-енесінің, әулет үлкендерінің атын атамауы, тіпті бес жастағы ұл бала болғанның өзінде де, атқа қонған ер адамның жолын әйел адамның ешқашан кесіп өтпейтіні…Қазақтың философиясы —саяси астарлардан ада, өмірді ерекше мәнді ететін ынтымақ-бірлік пенсыйластыққа негізделген өзгеше әлем, — дейді профессор Тайжанов.

Ол — 15 монографияның, 8 оқу-әдістемелік құралдың, жалпы көлемі 480 баспа табақ болатын жүздеген ғылыми мақалалардың авторы. Сондай-ақ, көптеген ұжымдық еңбектерге де атсалысып келеді. Мысалы, 20 томдық «Әлемдік философиялық ой тарихы» және 30 томдық «Ежелгі дәуірден қазірге дейінгі Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойдың тарихы» , т.б. еңбектерге оның мақалалары енді. Ғалым-философ ретіндегі еңбектері елімізден тыс жерлерге де мәшһүр.

Қазақстандағы алғашқы «Этнопедагогика» кафедрасы Ақтөбеде профессор Алтай Тайжановтың жетекшілігімен ашылған болатын. Кафедра сол кездегі Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры Мұхтар Арынның ықпал етуімен ашылды. Осы тұста орыс тілінде оқитын студенттерге арналған «Этнопедагогика» оқулығын жазып, жарыққа шығарды. Осылайша, өткен ғасырдың 90-жылдарында ұстаздық қызметін Ақтөбе педагогикалық институтының қабырғасында жалғастырды. Бұл  оқу орны кейіннен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне айналғаны белгілі.Алтай Тайжанов университеттің мәдениеттану және этнопедагогика кафедрасының жетекшісі, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, ғылыми-зерттеу және инновациялық-әдістемелік орталықтың директоры, әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ал 2003 жылдан бері М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетініңәлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі болып еңбек етіп келеді.Оның жетекшілігімен диссертация қорғаған шәкірттері бүгінде Қазақстан мен ТМД-ның жоғары оқу орындарында оқытушылық қызметте жүр.

Алтай Тайжанов — қоғамдық ой тарихын зерттеу ісімен айналыса жүріп, қоғамдағы, әсіресе, ұлттық мүдде тұрғысынан өзекті мәселелерге шынайы жанашырлықпен араласып келе жатқан, ұлттық мүддеге әрдайым сергек қарайтын азамат. Ол  — сонау серпіліс лебі ескен жылдарда жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде алғаш лекция оқыған ұстаздардың бірі, сондай-ақ, рухани келісімге қол жеткізу бағытындағы істерге, облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі ретінде жер-су, елді мекендерге тарихи атауларын қайтару, ұлт қайраткерлері есімдерін есте қалдыру ісінеқомақты үлес қосты. Бүгінгі күні ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған «Қазақтану» жобасы аясындағы іс-шараларға өз үлесін қосып келеді.

Ол бүкіл саналы ғұмырын арнаған білім саласының болашағына көбірек алаңдайды. Бұл орайда өз пікірін:

— Білім — стратегиялық ең маңызды сала. Болашақта осы саланы ақсатып алмау үшін бізге өз төл білім жүйеміз керек. Әлемдік озық үлгілердің бар екені сөзсіз, бірақ оларды көшіріп алуға болмайды, — деп әрдайым ашық айтып келеді.

Ол — отбасында өмірлік серігімен бірге екі ұл тәрбиелеп өсірген бақытты әке. Үлкені Алмас — әлеуметтанушы, бүгінгі күні «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуын АҚШ-та жалғастырып жүр, ал кішібаласы Айдос — ІТ саласының маманы.

Профессор Алтай Тайжановтың ұзақ жылдар бойғы еңбегі лайықты бағаланып, ол «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атақтарына ие болды, 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2016 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал биылғы Тәуелсіздік күні қарсаңында, облыстық мәслихаттың шешімімен Алтай Тайжановқа «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Біз ғалымды мерейлі жасымен құттықтай отырып, «Ұзағынан сүйіндіргей!» дейміз.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button