Жаңалықтар

Аға буынға құрмет

Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек етіп, ел құрметіне бөленген Мерғали Үдербаевқа Әлия Молдағұлова атындағы ауылда көше атауы берілуін, құрмет тақтасы орнатылуын көпшілік құптап қарсы алды.

Мерғали атаның өмір жолы жас ұрпақ үшін өнеге боларлық. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында ол жалпы білім беру қорын ұйымдастырып, колхозшыларды оқытуға қызмет еткен. Ал соғыс жылдарында майданда 93-ші атқыштар полкі құрамында жауға қарсы шабуылдарға қатысып, ерлік үлгісін көрсетеді. Шайқас кезінде оң қолынан қатты жарақат алған ол елге оралып, он алты жыл бойы бір шаруашылықты үздіксіз басқарады. Одан кейінгі кезеңде ферма басқарушысы болып, беріректе Қарақобда ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Ал 1963 жылдан зейнет демалысына шыққанша Әлия Молдағұлова атындағы ұжымшардың №1 кешенді бригадасының бригадирі болды.

Мерғали Үдербаев зейнеткерлік жасқа жеткен соң да үйде қарап отырмайды. Жаңадан салынып біткен ауыл клубының, қазіргі облыстық патриоттық орталықтың маңайына ағаш отырғызумен айналысады. Мектеп оқушыларын ұйымдастырып, ауылды жасыл желекке бөлеу жұмыстарына бас-көз болады.

— Біздің тұрған үйіміздің айналасының өзі ботаникалық бақша сияқты болатын. Шырша емес, алма ағаштары өсіп тұрды. Біз де әкеміздің тәрбиесімен оның жақсы үлгісін жалғастыруға ұмтылдық. Қазір әкеміздің атындағы көшеде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Көшеге жарық беру жұмысын қолға алып, қондырғыны өз қаражатыма алып бердім, — дейді Мерғалидың ұлы, Қызыл Ай қоғамы облыстық филиалының директоры, Қобда ауданының құрметті азаматы Нұрлан Үдербаев.

Кезінде еңбегі лайықты бағаланып, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерін кеудесіне таққан аға ұрпақ өкілінің жақсы есімін бүгінде Әлия ауылының жас буыны да жақсы біледі. Олар да әкелер дәстүрін жалғастырып, уақыт ағымына сай еңбек етуге талпынуда.

Н.ДОСОВ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button