Жаңалықтар

Ғалымды еске алды

Зерде

Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназияның акт залында осы білім ордасының алғашқы «Алтын медаль» иегері, 1971 жылғы түлегі, Мұхаметжан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының кафедра меңгерушісі болған, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Сәтбай Қабақбаевты еске алуға арналған шара өтті.

Бұл жиынға ғалымның ағасы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе облыстық ұйымы төрағасының орынбасары, ҚР Құрметті журналисі Жанғабыл Қабақбаев, ардагер-ұстаздар, Сәтбай Жұмағалиұлының сыныптас жолдастары және мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қорғанбек Исаев өмірден ерте кеткен ғалым ағаның есімі, оның физика-математика ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Өз кезегінде Жанғабыл Қабақбаев осы мектептен болашақта елге белгілі тұлғалардың шығатынына сенім білдірді және шараны ұйымдастырып, өткізіп отырған мектеп ұжымына алғысын білдірді. Сонымен қатар мектепке сый-сияпаттар, кітапханаға кітаптар тарту етті және шақырылған қонақтарға жақында Ақтөбе қаласындағы «Ақжар-АБК» баспаханасында басылып шыққан «Қайран, Сәтбай!» атты кітапты табыстады.

Сәтбай Жұмағалиұлының сыныптас досы, ардагер-ұстаз Сауда Самаев оның жастайынан білімге деген құштарлығы, интеллектуалдық деңгейі, логикалық ойлау қабілеті өте жоғары болғанын айтып, мектептен оған арналып бұрыш ашылса деген ұсыныс-тілегін білдірді. Еңбек ардагерлері Сембай Қарин, Өрік Наурызғалиева, Нұрлан Майкупов шараның оқушылар үшін берер тәрбиелік мәні зор екенін тілге тиек етсе, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлдариға Әминова білім ұясынан осындай белгілі ғалым ағаның түлеп ұшқанын әр кез мақтан тұтатындықтарын айтты.

Шара мектептің өнерпаз оқушысы Ердәулет Ғанибеттің орындауындағы патриоттық әнмен аяқталды.

Сағымбек  ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button