Жаңалықтар

Инновациялық технологияларды қолдану — уақыт талабы

Ақтөбедегі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында «Жол саласында инновациялық технологияларды қолдану» тақырыбында семинар өтті.

«Қазақстанжол ғылыми-зерттеу институты» АҚ мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бірлесіп ұйымдастырған семинарға біздің өңір ғана емес, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай облыстарынан да мамандар қатысты. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов ашып, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру — алға қойылған басты міндеттердің бірі екенін, осы орайда, семинарда маңызды мәселелер төңірегінде аса қажет тақырыптар талқыланатынын атап өтті.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев жиналғандарды жолдарды жөндеу мен қайта салу бағытында Ақтөбе өңірінде жасалып жатқан жұмыстармен таныстырды.

«ҚазақстанжолҒЗИ» АҚ президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Телтаев «Жол саласында инновациялық технологияларды қолдану»тақырыбындажасаған баяндамасында автомобиль жолдарын салу, жолды жөндеу мақсатындағы жұмыстарды жүргізу барысында, инновациялық технологияларды енгізу, қажетті материалдарды жетілдіре түсу, т.б. бағыттарда институт мамандары жүргізіп жатқан зерттеулер мен олардың нәтижелеріне кеңірек тоқталды. Мысалы, өткен жылдар ішінде институт мамандары асфальт-бетон жамылғыларының 30 түрін жасап шығарған. Бүгінгі күні нанотехнологияларды қолдану арқылы төзімді жаңа материалдар жасап шығару мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Сондай-ақ, семинар барысында аталмыш ғылыми-зерттеу институтының мамандары «Жол активтерін басқару жүйесін құру», «Автомобиль жолдарын салу мен жөндеуге арналған заманауи технологиялар мен материалдар» тақырыптарында таныстырылымдар өткізді.

Семинар екі күнге созылады. «ҚазақстанжолҒЗИ» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Ләззат Әміржанның айтуынша, бүгін жан-жақтан келген мамандар біздің облыстың жолдарын аралап, сол бойынша талқылау өткізеді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button