Жаңалықтар

Сарбаздардың алғашқы легі аттанды

Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. 10 қыркүйек күні 27 ақтөбелік бозбала ҚР ҰҚК Шекара қызметіне әскерге аттанды.

Сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі облыстық жалпы жинақтау пунктінде өтті.

Шараға Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері және күзгі әскерге шақырту кезінде барлық сынақтан сүрінбей өткен 27 сарбаздың ата-аналары қатысты.

Жиын барысында  Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова мен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары

Әділбек Құлтаев құттықтау сөз сөйлеп, сарбаздарға ақ жол тіледі.

Әділбек Құлтаевтың айтуынша, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне дені сау, психологиялық тұрғыдан мықты бозбалалар қабылданады.

Сондай әскер қатарына алынған жігіттердің бірі — Қасымхан Жайқайратов. Биыл С.Бәйішев атындағы Ақтөбе колледжін бітірген ол, Отан алдындағы борышын өтеп келуді жөн санаған. Шекара қызметі сарбазы болатынын үлкен абырой санайды.

— Барлық ата-аналарға, туыс-бауырларға 1 жыл бойы сабырлық пен шыдамдылық тілеймін. Өз қалауыммен Отан алдындағы борышымды өтеуге бара жатырмын. Ел тыныштығын қорғап, Отан алдындағы борышын абыройлы атқару әр азаматтың міндеті деп білемін. Бұйырса, болашақта әскери маман болғым келеді, — дейді жас сарбаз.

Айта кетейік, Ақтөбеде күзгі әскер қатарына шақыру науқаны 30 желтоқсанға дейін жалғасады. Биыл күзде облыстың 1000-нан астам тұрғыны азаматтық борышын өтеуге жіберіледі.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button