Басты жаңалықтар

Ақтөбенің Астанаға сыйы — «Бейбітшілік қабырғасы»

«Астанада монументтің бой көтеруі тарих сабақтарынан тәлім алып, оны ұмытпауға және еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақты бағалауға үндейді. «Бейбітшілік қабырғасы» бейбіт өмірдің құндылығын дәріптеуді және өткен тарихымыздың қасіретті кезеңдерін қайталамауды замандастарымыздың есіне салып тұратын нысан».

 Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ

монументтің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінен.

 Монументтің авторы өзінің жұмысы туралы не айтады?

Өткен аптада ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу салтанаты өткенін, бұл — Ақтөбенің Елорданың 20 жылдығына жасаған тартуы екенін жазған едік. Осы орайда «Ақтөбе» газетінің тілшісі аталған жобаның авторы, сәулетші Юрий Смирновпен сұхбаттасып, аталған монументтің жарыққа шығу тарихы мен құрылыс ерекшеліктері туралы білген болатын, сондай-ақ, өңірлердің бас қалаға не тарту еткенін бағамдап көрген-ді.

 «Әлемде баламасы жоқ» 

 «АСС» студиясының жетекшісі, сәулетші Юрий Смирнов — «Бейбітшілік қабырғасының» авторы. Ол аталған монументтің адамзатқа айтар ойы, тәрбиелік мәні ерекше екенін атап өтті.

— Дүниежүзі елдері арасында жыл сайын 3-4 қақтығыстың болып, соның салдарынан жүздеген, тіпті мыңдаған жазықсыз адамның жапа шегетіні жасырын емес. Сондықтан бүгінгі таңда да бейбітшілік ұғымы аса қастерлі. Мен салған монументтің негізі осында жатыр. Мемориалда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған. Ал зәулім жапырақ тәріздес композиция арқылы сан ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында біріктірген Қазақстанды көрсетуге тырыстық.

Қытайда әлемге әйгілі қорған болса, Берлинде жер-жаһанға белгілі қорған бар. Миллиондаған туристер көбіне-көп сол жерлерге барып, естелік суретке түседі. Енді мұндай сәулетті қабырғаны Қазақстаннан да табуға болады. Монументтің жалпы ұзындығы — 111 метр, ені — 18,4 метр, биіктігі — 17,5 метр. Оны тұрғызуға жалпы аумағы 6 000 текше метр болатын 1200 тонна гранит пайдаланылды, — дейді Юрий Смирнов.

Әңгімелесушіміз өзі басшылық ететін топта Литва, Германия, Ресей мемлекеттерінің сәулетшілері барын, яғни «Бейбітшілік қабырғасын» халықаралық деңгейдегі құрылыс саласының мамандары тұрғызғанын баян етті. Оның компаниясы бұған дейін Германия, Ресей, Швеция және Қырғызстанда түрлі кешендерді салған. Бірақ құрылысы һәм идеясы дәл мұндай монумент — біреу-ақ.

Металл мен табиғи тастан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады: біріншісі — бөлшектеу мен оқшаулауды, екіншісі —  үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, ал үшінші бөлігі бейбітшілікті және ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді. Құрылымына келсек, аспалы  шатырдың ашық панельдері 2,5 миллион жарық нүктесі бар  616 текше метрді алып жатқан LED-жүйемен қамтылған. Бұл алдағы уақытта кез келген ірі шараны осында өткізуге болады деген сөз, — деп анық-қанығын түсіндірді сәулетші.

Ерекше айтып өтуге тұрарлық жайт, аппақ түстен жасалған монумент түн мезгілінде ерекше көз тартады. Бұл мақсатта Юрий Смирнов бастаған мамандар жарықшамдар, түрлі заманауи жабдықтарды көптеп орнатқан.

Өңірлер Астанаға не тарту етті?

Ақтөбе облысы Елорданың 20 жылдық мерейтойына «Бейбітшілік қабырғасын» тұрғызса, басқа өңірлер не сыйлады? Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, әр аймақ бас қаланың айтулы датасына бір-бір әлеуметтік маңызға ие нысандарды салып берген. Мәселен, Алматы қаласы 240 орындық балабақша тарту етсе, Алматы облысы Арай саябағы жанынан спорттық-сауықтыру орнын, ал Атырау облысы Есіл өзені арқылы өтетін велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірді тұрғызған.

Шығыс Қазақстан облысы атынан Ботаникалық саябаққа жарық-музыкалық субұрқақ, Қызылорда облысы «Ғарыш» тақырыбын қамтыған ашық алаңы бар гүлзар мен экспозиция тартуды жөн көрген. Өз кезегінде қарағандықтар елордада «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі мен жаяу жүргіншілер гүлзарын пайдалануға берді. Батыс Қазақстан облысы Жеңіс пен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысында су жаңа гүлзар сыйласа, Маңғыстау облысы Достық үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. ОҚО, СҚО, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстары есебінен қалалық саябақтан бастап Ильинка кентіне дейін қашықтығы 56 шақырым веложол қолданысқа берілді.

Осының ішінде ақтөбеліктердің сыйлығы ерекше екені даусыз. Өйткені Қазақстан — әлемде бірінші болып ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл көрегендігі елімізді талай қауіп-қатерден құтқарды. Қазір әр-әр жердегі соғыс салдарынан берекесі кетіп жатқан елдерді көріп отырған әлем халықтары үшін ең қажеті — бейбітшілік. Міне, осы тұрғыдан келгенде, Астанадағы «Бейбітшілік қабырғасының» мән-мағынасы тіпті зорая түседі.

Дереккөздерге сүйенсек, жыл соңына дейін Астананың 20 жылдық мерейтойына орай бас қалада 700-ге жуық мәдени-көпшілік шара өткізу жоспарланып отыр екен.

Астаналықтардың лебізі

Қуаныш СҰЛТАН,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Биыл Тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа астанасы — Астана қаласының 20 жылдығы бүкіл республиканың үлкен тойы болды. Соған әр облыс өзінің тартуын жасады. Елордада қазақ елінің ұйымшылдығын көрсететін осындай керемет шаралар өтіп, бірқатар ғимараттар салынды. Мысалы, Жетісу саябағы, Шығыс Қазақстан облысының субұрғағы сияқты нысандар халыққа үлкен қуаныш сыйлады. Бұлардың барлығы Астананың көрікті жерлерінен орын тепті. Соның бірі, міне, бүгін «Бейбітшілік қабырғасы» ашылып жатыр. Бұл — Ақтөбе облысының Астананың 20 жылдығына тартуы.

Елбасы ашылу рәсімінде оның маңыздылығын баса айтты. Оның тарихи-рухани маңызы шынымен зор. Ядролық қаруға қарсы күресті бастаған мемлекеттің бірі — Қазақстанның бейбітшілік, достыққа қатысты ұстанымы алабөтен. Соның бірден-бір белгісі бұл. Сондықтан біз осынау монументті жоғары бағалаймыз. Бұның тәрбиелік мәні де айтарлықтай. Астананың сәулетіне көрік берген ескерткіш-қабырғаның ашылуы бәрімізге құтты болсын!

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері:

— Сөзсіз, мұндай кешен Астана қаламызға керек. Әрі Тәуелсіздік алған күннен бастап ядролық қаруға қарсы шараларды қолға алған Қазақстанның тарихында бұл күннің ұмытылмайтыны хақ. Салтанатты ашылу рәсімінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының төрағасы Мирослав Лайчактың бейнеқұттықтау жолдауының өзі көп нәрсені аңғартып тұрғандай. Бұл істе ақтөбеліктердің еңбегі орасан.

Сәт санап көркейіп келе жатқан Астанамыздың одан сайын өрлей беруіне тілектеспін! Бабаларымыздың қаншама жылғы арманы осы еді.

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері:

— Астана қаласындағы Тәуелсіздік алаңының әдемі тұсына орнатылған «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің, Елбасы атап өткендей, жастарға беретін тәлімі мол. Өйткені осыдан 27 жыл бұрын Семей ядролық сынақ алаңы жабылып, Қазақстан ядролық қаруға һәм жарылыстарға қарсылығын білдіріп, оны тоқтатқан болатын. 29 тамыз — Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні ашылып отырған монументтің символикалық мәні айрықша. Өйткені Бейбітшілік қабырғасы» — бейбіт өмірдің құндылығын дәріптейтін, өткен тарихымыздың қасіретті кезеңдерін қайталамауды еске салатын нысан.

Бұның барлық әлемге әйгілі болып, туристердің көптеп келетін орнына айналатынына күмәнім жоқ. Осындай көрнекті монуметті салып берген Ақтөбе жұртшылығына алғысымыз шексіз.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Ақтөбе-Астана-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button