Басты жаңалықтарСпорт

8 жастағы спортшы жаңа рекорд орнатты

Ақтөбелік 8 жастағы спортшы Мұса Тұрқымбаев Қазақстанның Рекордтар кітабына енген. Ол бір мезетте белтемірде 42 рет тартылып, 1000 рет кеудесін жерден көтере алады. Жақында Ақтөбе қаласында спорттың күштік түрінен өткен «G-STRONG POWER FEST» IV республикалық ашық фестивалінде 1013 рет кеудесін жерден көтеріп, жаңа рекорд орнатты. Бұл — 8 жастағы бала үшін ең жоғарғы көрсеткіш.

Стрит воркаут — адамның өз дене салмағымен жаттығу жүргізуді қамтитын спорт түрі. Негізгі жаттығулары белтемірлер мен спорттық құрылымдарда орындалады. Біздің елімізде аталған спорт түрі 2009 жылдан бастап дамып келеді. Бүгінде Ақтөбе қаласында да жастар арасында ерекше қызығушылыққа ие.

Мұса 3 жасынан бастап стрит воркаутпен айналысады. Батыл бала ғаламтордан түрлі жаттығулардың бейнероликтерін көріп, қайталап, өз бетінше үйренеді. Тіпті, кейбір ересектер жасай алмайтын жаттығулардың өзін әп-сәтте қағып алады екен. Екі қолымен жерді тіреп, аяғын көтеріп жүру, белтемірде тепе-теңдікті ұстап тұру секілді жаттығуларды орындау Мұсаға еш қиындық тудырмайды.

— Мұсаның жеке рекорды — 1600 рет кеудесін жерден көтере алады. Негізгі жаттықтырушысы анасы Салтанат Қосанова. Жуырда Конституция күнінде өткен фестивальде кеудесін 1013 рет жерден көтеріп, алматылық 9 жасар Әмір Махметтің рекордын жаңартты. Соған жаңа рекорд орнатқандығы туралы арнайы сертификат табысталды.

Балама спортпен шұғылданған ұнайды. Төрт-бес жасында еш қиналмастан денесін жерден 40-50 рет көтеріп, жаттығу жасады. Үйде стрит воркаутқа арналған спорт құрылымдарын орнатып қойдық. Күнделікті жаттығу жасаудан жалықпайды. Арнайы спорт залдарына да жиі апарып тұрамын.

Енді кәсіби спортпен айналысамыз. Алматы қаласындағы дзюдо академиясынан, таэквондо, аралас жекпе-жек (ММА), бокс спорт түрлерінен шақыртулар алдық.  Мұсаның өзі дзюдомен шұғылданғанды қалайды. Биыл жаңа оқу жылынан бастап Ақтөбедегі арнайы спорт мектебіне дзюдоға қатысуды бастадық, — дейді Мұсаның әкесі Асхат Тұрқымбаев.

Жас спортшы былтыр Астанадағы спорт клубының ашылуына арнайы қонақ ретінде шақырылды. Сондай-ақ Алматы, Астана қалаларында өткен республикалық жарыстарға қатысты. Былтыр Мәдениет және спорт министрінің, биыл Спорт күнінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолынан Алғыс хатқа ие болды.  Воркаут спорт түрінен өткен IV республикалық фестивальде жаңа рекордын орнатып, қала әкімі Ілияс Испановтың атынан Алғыс хат пен қаржылай сертификатқа ие болды.

Мұса қазір Ақтөбе қаласындағы №23 орта мектептің 2-сыныбында оқиды. Анасы Салтанат Қосанованың айтуынша, оқу үлгерімі жақсы. Үйдегі екі бауырына үнемі қамқор, үлгілі болып өсіп келеді.

— Менің ойымша, әрбір ер бала спортпен шұғылданғаны дұрыс. Себебі спорт баланың дамуына септігін тигізеді.  

Адамның тыныс алу жолдарына, өкпенің дұрыс жұмыс істеуіне, дененің сымбатты болып өсуіне белтемірге тартылудың пайдасы зор, — дейді Мұсаның анасы.

Жас спортшының ендігі мақсаты — әлемдік рекордты жаңартып, дүниежүзін мойындату. «Арманым — дзюдодан Олимпиада чемпионы атану», — дейді рекордсмен.

Бүгінде Қазақстанда стрит воркаут федерациясы құрылды. Еліміздің әр түкпірінде филиалдары ашылып, жастардың аталған спорт түріне қызығушылығы артып келеді. Мұса секілді дарынды жас спортшылар халықаралық деңгейдегі жарыстарда өңіріміздің, еліміздің атын шығаруы керек.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button