Басты жаңалықтар

Расул МЕДЕТОВ: Әр мемлекеттік қызметшіде осы қасиеттер болса, ол үлкен жетістіктерге жетеді…

 

Мемлекеттік қызмет

Мемлекеттік қызметкер қандай болуы керек? Облыста бұл санатқа кіретін адамдардың саны қанша? Жыл басталғалы тәртіп бұзып, жұмыстан босатылғандар қанша? Осы және өзге де сауалдарға жауапты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Расул Медетовпен өрбіген екеуара сұхбат барысында білдік.

Расул Махмұдұлы, осы қызметке тағайындалғаныңызға 4 айдан асыпты. Бұл аралықта басшы ретінде не тындырдым деп ойлайсыз? Ой елегінен өткізіп көрсеңіз…

— Мемлекеттік қызметтегі жолымды 2009 жылы бастағанмын. Содан бері қоғамның игілігі үшін қызмет ету — басты міндетім. Дей тұрғанмен, жұмысыма баға беретін ең алдымен Ақтөбе облысының тұрғындары деп білемін.

Бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтсақ, агенттіктің бастауымен «20 игі іс» қайырымдылық акциясы бойынша ауыр халдегі және мұқтаж азаматтарға көмек көрсету мақсатында мемлекеттік қызметшілермен бірге қан тапсырылды, «Мерейлі сәт» жобасы бойынша зейнетке шыққан мемлекеттік қызметшілердің елеулі еңбегі атап өтілді, «Адал жол» марафон-эстафетасы бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шаралармен облыс тұрғындары қамтылды. Соның ішінде облыстағы мемлекеттік қызметшілердің қайырымдылық марафонының арқасында 1,5 миллион теңгеге жуық қаражат жиналып, Аружан Саинның қайырымдылық қорына аударылды. Cондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін мемлекеттік қызметтер көрсету саласы бойынша арнайы Брайль шрифтімен буклеттер таратылды. Аталған шаралар күнделікті жұмысымыздың бір бөлігі ғана, алға қойған жоспарларымыз көп.

— Бұны сұрап отырған себебім, еліміз бойынша осы қызметке лайық деп танылғандардың арасындағы ең жасы өзіңіз екенін білдік. Бұл, бір жағынан, зор жауапкершілік жүктейді емес пе?

— Мемлекеттік қызметшіге жүктелген жауапкершілік жас талғамайды деп ойлаймын. Қоғам мемлекеттiк қызметшiнің бiлiмi мен тәжiрибесiне, кәсiби қызметiне сенiм бiлдiредi. Сол себепті, өз жауапкершілігімді сезіне отырып, осы қызметте бар күш-жігерімді салып, сенімді ақтауға тырысамын.

— Сөз басында әлі де атқарылмаған, бірақ ойда жүрген жұмыс-жобаларымыз көп деп қалдыңыз…

— Әрине, біраз жаңалықтар енгізуді ойластырып отырмыз. Жаңа бастамалар және жобалар көп. Негізгі ой — қоғамның барлық тобын қамтып, олармен тығыз жұмыс істеу. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда отбасы рөлін күшейтуге бағытталған «Отан — отбасынан басталады»,  азаматтардың қоғамдық бақылауда белсенділігін арттыру мақсатында «Үздік бақылаушы» байқауларын өткізу жоспарда бар.

Сонымен қатар, жақын арада электрондық алаң жобасы іске асырылмақшы. Аталған жоба облыстағы мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бағалауға мүмкіндік береді.

— Өзіңіз басқаратын департамент мемлекеттік қызметкерлердің жай-күйіне, олардың талап-тәртіпті сақтауына ерекше мән береді. Сіздің ойыңызша, бүгінгі мемлекеттік қызметкердің портреті қандай?

— Елбасымыз «мемлекеттік қызметкер патриот, өте әділ, өз ісіне адал, сондай-ақ кәсіби білігі жоғары адам болуы қажет» деп айтқан еді. Мен бұл түйінмен толықтай келісемін. Егер әр мемлекеттік қызметшіде осындай қасиеттер табылса, ол қызметінде үлкен жетістіктерге жетеді.

Мемлекеттік қызметші — елдің айнасы. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылып, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде олардың мінез-құлық стандарттары көрсетілгені сондықтан.

— Облыста мемлекеттік қызметкерлердің саны қанша? Олардың жетіспеушілігі барын білеміз, сол жөнінде кеңірек айтсаңыз.

— Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облысымызда 4409 мемлекеттік қызметші бар. Бос орындардың үлесі — 6,9 пайыз. Бұны азайту мақсатында мемлекеттік органдармен бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына 677 конкурс жарияланып, оның 347-і бойынша жеңімпаздар анықталды. Қалған 330 бос орын конкурсқа қатысушылардың болмауы, үміткерлердің біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі себебімен толықтырылмай отыр. Сонымен бірге, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына арналған тестілеуге қатысқан 1595 үміткердің тек 35,3 пайызы шекті мәннен жоғары қорытынды алуы бұл мәселеге назар аударуды талап етеді.

Жалпы, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар көп. Мысалы, жоғары оқу орындарының түлектері арасында мемлекеттік қызметке қызығушылықты таныту мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Департамент бастамасымен болашақ мемлекеттік қызметшілерді даярлайтын «Мансап» Ақтөбе студенттік мемлекеттік қызмет мектебі үшінші маусымын аяқтады.

— Санайғақтарға тоқталғанда, осы жылдың I жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыстағы 559 мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айналып өте алмаймыз. Бірақ солардың 2-еуі ғана жұмысынан босатылып, 1-еуі қызметінен төмендетіліпті… Бұл жағынан тым кешірімшіл емеспіз бе?

— Тәртіптік жауапкершілікке байланысты шешім қабылдау барысында тікелей заңға жүгінеміз. Себебі тәртіптік жауапкершілікке тартпас бұрын, алдымен жасалған теріс қылықтың түрі анықталып алынады. Осы орайда мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану Қағидасына сәйкес, тәртіптік бұзушылықтар елеусіз, елеулі және өрескел болып бөлінеді. Осы 559 мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі елеусіз тәртіпбұзушылықтар жасағаны үшін, яғни жұмыс бабымен кішігірім кемшіліктерге жол бергендері үшін тартылған.

Сонымен қатар, атқарып отырған лауазымынан босату түріндегі тәртіптік жауапкершілікті қолдану үшін де өзінің нақтыланған тәртібі болады. Яғни, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңының 50-тармағына сәйкес, кейбір мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтарға жол беруі немесе бұрын-соңды тәртіптік жазасы бола тұра 6 ай ішінде қайталап теріс қылық жасаса қызметінен босатылуы мүмкін.

— Осы орайда мемлекеттік қызметкерге жұмыстан тыс уақытта нақты қандай әрекеттерге тыйым салынатынын білсек. Өйткені «тәуліктің белгілі бір уақытынан соң сыртта жүруге болмайды», «тойда суретке түсуге болмайды» дегенді де естіп жатамыз…

— Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге сіз айтқандай шектеулер қойылмаған. Алайда Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметкерге жұмыстан тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстану керектігі, соның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiне нұқсан келтіретін масаң күйде жүруіне жол берілмеуі керектігі көрсетілген.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілер өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауы қажет. Сол себепті, мемлекеттік қызметшілердің шетелдерде демалған суреттерін әлеуметтік желілерге жіберуге тыйым  салынады.

ҚЫСҚА-НҰСҚА…

— Мемлекеттік қызмет сізге не берді?

— Тәжирибе, кең көлемді таныстық, достар…

— Ерекше қабілет-қарымымен көзге түскен жұмысшының еңбегін қалай бағалау һәм атап өту керек деп ойлайсыз?

— Әріптестердің және халықтың оң бағасы, мадағы.

— Әр мемлекеттік қызметкер оқуы тиіс кітаптар…

— «Служение нации», «Самурай без меча».   

— Ал бойында болуы тиіс үш қасиет?  

— Патриоттық сезім, төзімділік, қайсарлық.

— Өзіңізді 10 жылдан кейін қандай қызметте елестетесіз?

— Өзім қажет болатын кез келген жерде жұмыс істеуге дайынмын. Оны халық пен басшылық шешеді.

— Тәртіп демекші, департамент жанынан Әдеп жөніндегі кеңестің жұмыс істейтінінен хабардармыз. Онда бірнеше мәселенің қаралып, заңбұзушылыққа барған мемлекеттік қызметкерге сіздердің тарапыңыздан қатаң сөгіс жарияланып, тіпті жұмысынан босату туралы ұсыныстың шығарылатыны бар. Дей тұрғанмен, бұның құзырлы мекемеге ұсыныс екенін ескерсек, оның кейде орындалмауы да мүмкін ғой?

— Әдеп жөніндегі кеңестің жұмыс регламентінің 45-тармағына сай, ұсыныстарды негізсіз орындамаған жағдайда тиісті лауазымды тұлғаның жауапкершілігін қарау туралы ұсынысты енгізу туралы шешім қабылдау мәселесі келесі кеңес отырысында қаралады. Яғни бұл жолданған ұсыныстардың барлығы жіті бақылауда деген сөз. Бүгінгі таңда орындалмаған ұсыныстар тіркелмеген.

— Сөз соңында тағы бір сұрақ: Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құзырына не кіреді?

— Мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы реттеуші мемлекеттік орган бұл. Ол мемлекеттік қызметті ұйымдастыру мен өткеру және мемлекеттік аппарат тазалығына мониторинг жүргізу мәселелерін реттеумен ғана емес, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылауды да жүргізеді.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button