Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

«Әйелдің өмірін отбасы ғана мәнді ете алады»

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен биыл облыста республикада тұңғыш рет «Анаға тағзым» рухани-мәдени орталығының  құрылысы басталғаны белгілі. Көпшіліктің ықыласы ауған жоба туралы  «Ақтөбе» газеті тұрақты түрде жазып келеді.

Қыркүйек айында облысымызда Аналар слеті өткізілмек. Аталған шараға республиканың түкпір-түкпірінен өнегелі ұл-қыз тәрбиелеген аналар қатысады. Дініміз ұлықтаған, ұлтымыз ерекше қадірлеген Аналарға жасалатын құрмет еліміздегі айтулы оқиғалардың бірі болатыны сөзсіз.

Музей ісінің ардагері, өлкетанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рысжан Ілиясқызы — ұл мен қыз өсіріп, бүгінде немере, шөбере, жиендері жағынан шөпшек те сүйіп отырған қадірлі ана.

Ол музей ісіне 40 жыл ғұмырын арнап, ұзақ жылдар бойы облыстық тарихи-өлкетану музейін басқарды, сондай-ақ бұрынғы Торғай облыстық тарихи-өлкетану музейінің тұңғыш директоры болды. Музейдің күнделікті қат-қабат тірлігінен бөлек, туған өлкенің түкпір-түкпіріндегі ескерткіштерді зерттеп, оларға көпшілік назарын аудару үшін республикалық және облыстық басылымдарға мақалалар шығарып тұрды. Кейіннен зерттеулерін қайта ой елегінен өткізіп, қалың оқырманға «Қазына», «Арулар, аналар, даналар», «Ел иесі, жер киесі» сынды өлке тарихына арналған кітаптарын ұсынды. Өзі еңбек еткен салада үлкен жетістіктерге жете тұра, Рысжан апай әйел өмірінің басты мәні отбасы деп біледі. «Білікті маман болу, елге қызмет ету, табысты еңбек — мұның бәрі де керек. Бірақ әйел адамның өмірін отбасын құру, ана болу бақыты ғана мәнді ете алады», — дейді ол.  

— Рысжан апай, ұзақ жылдар бойы облыстық тарихи-өлкетану музейін басқарып, көптеген көрсеткіштер бойынша оны еліміздегі музейлер арасында ең үздік ұжымдар қатарына қостыңыз. Сізді өз ісіне шын берілген жан ретінде танып-білдік. Сонымен қатар, сіз — ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген анасыз. Сіздің пікіріңізше, әйел адам үшін отбасы мен қызметтің қайсысы бірінші орында болуы керек?

— Қашанда әйел өмірінің басты мәні — отбасы, жар атану, перзент сүю. Әрине, мен өз ісімді сүйіп атқардым. Музей дегеніміз, ең алдымен, өлке тарихының айнасы. Сол тарихтың бір-бір бөлшегіне айналған көне ескерткіштерді, халқымыздың даңқты тұлғаларын, соларға қатысты деректерді жұртшылыққа жеткізсем, танытсам деген мақсат мені әрдайым жаңа істерге жетелеп отырды. Дегенмен, қызмет бабындағы жетістіктер әйел адам үшін басты мақсат та, басты бақыт та бола алмайды. Тіпті жұмыс барысында өте маңызды болып көрінген жайттардың өзі отбасы мәселелерінің қасында өткінші ғана дүниелер екенін әрдайым сезінесің. Әйелдің жаратылысы солай…

Бүгінде ұлым мен келінімнің, қызым мен күйеу баламның, солардан тараған ұрпақтың ортасындамын. Басты тілегім де солар. Өткен жылы қызым мен күйеу балам шөбере сүйді. Ол мен үшін айтып жеткізгісіз қуаныш болды.

— Сіз өңір тарихында із қалдырған аналарымыздың өмір жолын, ел есінде қалған істерін, ерлігін зерттедіңіз. Сол зерттеулер барысында түйген ой-пікірлеріңізге сүйеніп, қазақ әйелінің бойындағы қандай қасиеттерді ерекше бағалар едіңіз?

— Ең алдымен, қазақ әйелінің бойындағы ерекше төзімділікті атап айтар едім. Бұл төзімді көнбістікпен, шарасыздықпен салыстыруға болмайды. Қазақ әйелінің сабырлылығы әрдайым даналық, қайсарлық сынды асыл қасиеттермен ұштасып жататынына сан мәрте көз жеткіздім. Мысалы, Ырғыз өңірінде өзім жас күнімнен үлгі тұтқан бір апай болды. Өте келісті, келбетті адам, отбасында көп бала тәрбиелеп отырған ана еді. Жолдасы басшылық қызметте істеді. Әрдайым жарқын, жан-жағына шуақ шашып жүретін оған баршамыз: «Осы кісінің арманы жоқ шығар?» — деп, қызыға қарайтынбыз. Кейіннен, 37-нің қуғын-сүргінінде жазықсыз жазаға ұшыраған арыстарымыз ақталып жатқан тұста, сол апай музейде ұйымдастырылған шаралардың біріне келді. Біз 37-де ұсталып кеткен азаматтардың суретін іліп қойғанбыз. Солардың бірі апайымыздың әкесі болып шықты. Әкесінің суретін көргенде, ол кісі көзінің жасын тыя алмады. Егіліп жылап жатыр, жылап жатыр. Ғұмыр бойы әкесінің тым болмаса аты-жөнін толықтай бір рет атасам деп армандаумен келгенін де сол жерде есіттік. «Бұл не деген ауыр мұң, не деген ащы зар?» — деп, тебіренбеген жан қалмады. Бірақ жүрегіндегі сол перзенттік мұң-зарын ешкімге сездірмей, жар, ана ретіндегі парызын ойлап, алдағы күнге ұмтылған, ұмтыла білген… Міне, қазақ әйелінің осындай мықтылығына сан мәрте куә болдым.

Бұрынғы аналардың кейінгіге үлгі-өнеге болатын тағы бір қасиеті — еріне деген адалдығы. Мен Жүргеновтің жары Дәмеш апайды көргенім жоқ. Бірақ көзін көргендерден ол кісінің: «Темірбектің атына бір көше беріліп, сол көшеде өлсем, арманым жоқ!» — деп айтқанын естігенде, қатты толқып едім. Бұрынғы аналарымыздың еріне деген ықылас-пейілінде шексіз бір даналықтың ізі жатқандай көрінеді.

Ал бұрынғы аталарымыз да өмірдің жарасымын сақтауда әйел даналығының жөні бөлек екенін түсіне білген, бағалаған. Бұған бір дәлел айтсам, біздің Ақтөбе өңірінде ананың құрметіне аталып кеткен 30 ру бар екен. Бұл аналарға рудың аты ерлерінің жамандығынан берілді деуге қисын жоқ, олардың бәрі де би, бай, батыр, яғни абыройлы кісілерге жар болған арулар. Мысалы, шөмекейлердің сырым тармағында «Кішенем» аталатын бөлімі бар. Бұл — «кіші енем» деген сөзден шыққан атау. Шөмекей руындағы Сырым деген аса сыйлы кісінің кіші әйелін ауыл-аймақтағы келін атаулы «Кіші енем» деп құрметтейді екен де, ақыры кіші әйелдің төрт ұлынан тараған ұрпақ сол атты біржола иеленіпті.

— Отбасындағы бала тәрбиесінде қандай ұстанымдарға сүйендіңіз?

— Басты ұстаным — балаға «абырой» деген ұғымды сіңіре білу болса керек. Жеке басының, отбасының абыройын ойлай білуге үйрету үшін, ең бастысы, өзің үлгі көрсетуің керек. Бұл жағынан, жолдасым Жанайдар — балаларына үлгі бола білген азамат. Жанайдар осыдан аз жыл бұрын өмірден өтті. Екеуміз жарты ғасырдан астам уақыт отастық. Ол арақ ішу, темекі шегу деген зиянды әдеттерді білмейтін. Қаншама жыл сауда саласында қызмет еткенде, бір сабақ жіпті де тегін алу жайлы ойламады. Адамгершілігі жоғары еді. Менің жұмысыма деген ықыласыма сыйластықпен қарады, кейде: «Неге жазбай кеттің?» — деп, жігерлендіріп те отыратын.

— Қазір қоғамда отбасы құндылықтарының төмендегені жөнінде жиі айтылады. Бұған келісесіз бе?

—  Бұл қазақтың ұлттық құндылықтарының, салт-дәстүрлерінің тамырына балта шабуға тырысқан кешегі идеологияның шырмауынан шыға алмай жатқандығымыздың көрінісі болар деп жорамалдаймын. Қаймағы бұзылмаған бұрынғы қазақы ауылда «ақсақал» деген ұғымның қадірі-қасиеті жоғары болды. Тым еркінсіп бара жатқан біреуді: «Енді ақсақалдың талқысына салайық, басқа амал қалмады» — десе, әлгі тентек сол арада есін жиятын, ертесіне түзеліп, басқа адам болып шыға келетін. Апармай-ақ, «апарамыз» деп, ақсақалдың атын ауызға алғаннан, мәселе солай оң шешіле қоятын. Қазір ағайын-туыс арасында ондай сыйластық жоқ. Ақсақал да, жас та, ата-ана да, бала да — бәрі тең болды…

Отбасы — қоғамның іргетасы, отбасы құндылықтары тапталған жерде, қоғамның болашағы бұлыңғыр.  Әрине, ұғынар, түсінер адам болса, басылымдар бетінде, әдеби шығармаларда отбасы құндылықтарының насихаты жүріп жатыр. Тәуелсіздік алғалы бергі уақыттың ішінде қаншама дүние жазылды? Бірақ бүгінгі жастар кітапты, газет-журналды оқи бермейтін секілді.

Сондықтан отбасы құндылықтары насихатын жандандыру жолындағы жаңа ізденістердің, жаңа жобалардың маңызы зор деп білемін. «Анаға тағзым» да осы бағыттағы үлкен жобалардың бірі. Сәттілік тілеймін!

 Әңгімелескен Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

БАЛАМАСЫ ЖОҚ ОРТАЛЫҚ

«Анаға тағзым» орталығы — халыққа қажет орталық. Бұл орталықтың маңыздылығы сол, облыстағы жас аналардың, қыздарымыздың рухани-адамгершілік тұрғыда жан-жақты дамуына үлкен серпін береді.

Бүгінгі күні елімізде аталған орталыққа ұқсас ешқандай ғимарат жоқ. Сондықтан біздің облыста осындай бірегей, өзгелерге үлгі болатын ерекше жобаның жүзеге асырылып жатқанына қуаныштымын.

Алдағы уақытта орталықта әйелдерге, аналарға арналып әртүрлі шеберлік кластары, тренингтер, кездесулер өткізіледі. Сондай-ақ өсіп келе жатқан ұрпаққа ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдеп-ғұрыптарымызды насихаттау мақсатында ұлттық тағамдар әзірлеп ұсыну жоспарланып отыр.

Қорыта айтқанда, тарихта болған, есімі елге танымал әйел-аналарымызды ұлықтау, болашақ аналарға жан-жақты тәрбие беру мақсатында қолға алынған бұл жобаның халыққа берері мол.

Күлшат МАСАЛИМОВА,

облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы.

  ҒИМАРАТТЫҢ ІШКІ КӨРІНІСІ ӘЗІРЛЕНІП ЖАТЫР

«Анаға тағзым» жобасы — республикада алғаш болып біздің өңірде қолға алынып жатқан бірегей жоба. Сондықтан бұл жобаға облыстағы кәсіпкерлер, белгілі азаматтар, дизайнерлер мен сәулетшілер өз үлесін қосып, қала тұрғындары қолдау көрсетуде.

Тарихта ерлігімен, игілікті істерімен есте қалған қазақ әйелдерін ұлықтап, оларға құрмет көрсету мақсатында салынып жатқан заманауи үлгідегі орталық — аналар мен қыздарымыздың басын қосатын, оларды рухани тұрғыда тәрбиелейтін, облыстағы сән-салтанаты келіскен, сәулетті ғимараттардың бірі де бірегейі болмақ.

Облыстағы бірқатар дизайнерлер осы орталықтың ішкі көрінісін ерекше етіп жасақтау үшін қазір жан-жақты жұмыс жасады. Біздің «Artmagik» дизайн студиясындағы мамандар да осы бағытта еңбек етіп, орталықтың кіреберісі мен төменгі қабатының ішкі көрінісін әзірледі.

Менің ойымша, аталған орталыққа келген әрбір әйел өзін жайлы, сенімді сезініп, бір уақыт күнделікті күйбең тірлікті ұмытып, ерекше әсерде болуы керек.

Айта кету керек, 2001 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Artmagik» дизайн студиясында бүгінде 7 адам жұмыс жасайды. Студия үйлердің, ғимараттардың, клиникалар мен мейрамханалардың ішкі көрінісін жасақтауда жан-жақты қызмет көрсетеді.

Аида ТІЛЕГЕНОВА,

дизайнер.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button