Басты жаңалықтар

Қазақ тілінің жаңа әліпбиі желтоқсан айына дейін бекітіледі

Әліпби

Жуырда Ақтөбе қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл — қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы латын әліпбиі негізіндегі жаңа емле ережелері жобасының сынама жұмыстарын жүргізді. Сынама қоғамдық пікірді зерттеу арқылы жаңа емле ережелерін әзірлеуде туындаған мәселелерді шешуге бағытталған. Осы орайда біз Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл — қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Тілешовпен сұхбаттасқан едік.

  • Биыл шілде айында ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтары «Латын графикасы негізіндегі жаңа емле ережелерінің жобасын» сараптап, талқылаудан өткізді. Осы бағытта атқарылған жұмыстар туралы айтып берсеңіз.
  • Жаңа әліпби емлесін жасауда, ең алдымен, ғалымдар сол емле жасаудың принциптері жөнінде келісіп алуы қажет болды. Себебі қазақ тілінің емлесін жасауда ұстанатын бірнеше принцип бар. Атап айтсақ, Ахмет Байтұрсынұлы ұстанған дәстүрлі принцип, фонетикалық принцип, фонематикалық принцип және морфологиялық принцип. Бұл тек латын әліпбиіне ғана қатысты емес, жалпы емлеге қатысты дүние. Емле ережелерін даярлау барысында ұстанатын басты принципті белгілеу ұғымы сонау Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлы — авт.) кезінде басталып, Нәзір Төреқұлов, Құдайберген Жұбанов өз ұстанымдарын білдірген болатын. 1940 жылдары Сәрсен Аманжолов, Ісмет Кеңесбаев, Әбдуәли Қайдардан Рабиға Сыздықоваға дейін ауық-ауық осы мәселе көтеріліп келді. Жалпы емле ережелерін даярлауда қандай принципті ұстанамыз деген мәселе қазақ тіліне ғана емес, басқа да тілдерге тән. Мәселен, түріктерді алып қарасақ, олар 1928 жылдан 1988 жылға дейін, 60 жыл бойы, қандай принципті ұстанамыз деген мәселе төңірегінде пікірталастар жүргізіп келді. Тіпті қазірдің өзінде кейбір түрік ғалымдарының ішінде түріктің әліпбиіне, оның емлесіне келіспейтіндер бар. Сондықтан мұндай мәселенің бізде де болуы қалыпты құбылыс. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап Әлімхан Жүнісбеков, Сапархан Мырзабеков сияқты тіл білімінің жетекші ғалымдары кирилл әліпбиіндегі біздің емлемізді дұрыстау керек деген мәселені көтерді. Латын әліпбиіне көшу мәселесі қозғалғанда бұл әңгіме белсенді түрде көтеріле бастады. Осы және қордаланған өзге де мәселелерді шешу үшін біз биыл маусым айында «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты емле қалыптастырудың принциптеріне арналған арнайы конференция өткіздік. Конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли жаңа әліпби емлесінің концепциясын көпшілікке таныстырды. Қазақ орфографиясы ережелерінің концепциясы — латыннегізді қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазу ережелерінің ғылыми негіздерін айқындайтын лингвистикалық нормативті құжат. Емле концепциясында тұжырымдалған қағидалар қазақ жазуының емле ережелерін, орфографиялық сөздік, орфографиялық анықтағыш, басқа да ортологиялық құралдар жасауда негізге алынады. Концепцияда жазу мәдениеті жақсара түсу үшін қазақ тілінің табиғатын сақтауға мүмкіндік беретін басты принцип ретінде фонематикалық принцип басшылыққа алынды.

Таныстырылым барысында жаңа емле ережесінде фонематикалық принцип негізге алынып, соған сәйкес, сөздер үнемдеу принципі арқылы жазылатынын, қажет тұстарда фонетикалық, морфологиялық, дәстүрлі принциптер де ескерілетінін жеткізді. Және бұл пікірді ғалымдардың 80-90 пайызға жуығы қолдады. Осы жерде фонематикалық принциптің дәстүрлі принциптен айырмашылығын қысқаша айқындап кеткіміз келеді. Дәстүрлі принципті ұстанатын Әлімхан Жүнісбеков және сол кісімен пікірлес ғалымдар сөзде неше дыбыс естілсе, сонша әріппен жазылу керек деген ой айтады. Мысалы, «су» деген сөзді «сұу» деген үш таңбамен жазайық дейді. Өйткені айтылу барысында «су» деп екі дыбыспен дыбыстамай, «сұу» деп оқимыз. Сондай-ақ «ит» деген сөзді де «іит» деп айтамыз. Немесе Рымғали, Рысты дегенде «р» дыбысының алдында жасырын «ы» дыбысы келеді. Бірқатар ғалымдар осындай сөздерді естілуі бойынша, яғни ашып жазайық деген пікірді ұстанады. Бұл — дәстүрлі принцип. Бірақ Нұргелді Уәли, Анар Фазылжанова, Құралай Күдеринова сияқты ғалымдар егер таңбаны ашып, көбейтіп жазатын болсақ, халық арасында түсінбеушілік туатынын, латын әліпбиі арқылы 4 таңбамен жазылатын сөздер 5-6 таңбамен жазылып кететінін айтып, өз уәждерін ортаға салған болатын. Мұндай күрделендіру балалардың латын әліпбиін қабылдауына кері әсер етеді.

Ғалымдардың басым көпшілігі фонематикалық принципті қолдағандықтан жаңа емле ережелерін түзу барысындағы басты принцип ретінде фонематикалық принцип алынып, 4-10 шілде аралығында Ақмола облысы Зеренді кентінде бір апта ішінде жетекші ғалымдардан тұратын жұмыс тобы жаңа емлені сараптаудан өткізді. Бұл шараға Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық, әдістемелік жұмыс тобының мүшелері, тілші-ғалымдар тартылды. 25 адамнан құралған жұмыс тобы даярлаған жаңа емле ережесінің жобасы жасалып, пікірталас тудырған мәселелер сынамаға шығару үшін ұсынылды. Емле ережесі, әсіресе оны жалпы жұртшылықтың игеру қолайлылығы бойынша туындаған мәселелер 6 сауалнама төңірегіне топтастырылып, еліміздің әр өңірінен сынамадан өткізу жұмыстары басталды. Бұл — мәселенің бір жағы. Екіншіден, емле ережелерінің таза теориялық мәселелерін қамтитын сұрақтарды қазақ тіл білімінің жетекші мамандары мен білікті ғалымдары арасында сынамадан өткізу қажеттілігі де ескерілгені жөн деп шешілді. Сала мамандарына арналған сауалнамаға 15 сұрақ еніп отыр. Оларды біз еліміздегі барлық жоғары оқу орындарындағы қазақ тілі кафедраларына жіберіп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы аптада да жалғаспақ. Атап айтсақ, 22-24 тамызда Алматы қаласында 30-ға жуық ғалым пікірлесу алаңында тағы да бас қосады. Осы кездесуде сынамалардың қорытындысы жасалып, халыққа жария етіледі.

Жалпы емленің көлемі 30 беттен асады. Негізінен, халықтың, мамандардың, ғалымдардың айтқан пікірлерін әдістемелік топ сараптап, кемшіліктер мен олқылықтарды ескеретін болады. Негізгі мақсат — қазақ тілінің төл табиғатын сақтау. Аталған топ жұмыс қорытындыларын 25 тамызда өтетін семинар-кеңесте жариялап, 4 жұмыс тобы тарапынан берілген ұсыныстарды енгізе отырып, ұлттық комиссияға жолдайды. Соңғы шешімді ұлттық комиссия шығарады. Қазақ тілінің жаңа әліпбиі, оның емлесі биыл желтоқсан айына дейін бекітіледі деп жоспарланып отыр. Келер жылы орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер даярланып, «Тіл — қазына» атты портал іске қосылады. Порталға 15 томдық қазақ әдеби тілінің сөздігі, қазақ тілінің терминологиялық қоры, орфографиялық және басқа да сөздіктер орналастырылады. Латыннегізді ұлттық әліпбиімізбен 2019 жылдан бастап дайындық сыныптары оқытылады деп күтілуде. Сондай-ақ жоғары сыныптарға латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиіне байланысты қосымша пәндер кіргізілетін болады. Сонда оқушылар мектеп бітіргенде тек кирилл әліпбиін қолданумен шектеліп қалмай, жаңа әліпбиді тез-ақ меңгеріп, көз дағдысы мен қол дағдысын қалыптастырып шығады.

— Бүгінге дейін еліміздің бірқатар өңірінде латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиіне арналған жаңа емле ережелерінің қанатқақты жобасына сынама жұмыстары жүргізілді. Осы сынамаларда қандай мәселелер талқыланды?

— Сынамада, негізінен, араб, парсы тілдері және басқа да тілдерден енген сөздер ұсынылып, олардың жазылу барысын жұртшылықтың қалай қабылдайтынын анықтау көзделген еді. Мысалы, «мінәжат» деген сөз кейде «мінажат» деп те жазылды. «Сарыағаш», «сарыарқа» сөздерінің жазылуында да біркелкілік жоқ. Бүгінгі қолданыстағы ереже бойынша егер екі дауысты қатар келсе, сөз бөлек жазылуы тиіс. Ал бірге жазылған жағдайда, бір дауысты дыбыс түсіп қалуы керек. Себебі қазақ тілінде екі дауысты дыбыс қатар келмейді. Сондай-ақ «Асхат», «хат» деген сөздердегі «х» дыбысын кейбір ғалымдар «қ» дыбысымен алмастырайық деген ұсыныстарды айтуда. Сондықтан біз осы сынама арқылы біріккен, кірме сөздердің жазылуы туралы көпшіліктің ойын, пікірін, ұсыныстарын білгіміз келді. Сол арқылы қолданыс барысында қай нұсқаның қолайлы екенін анықтауға болады. Қандай сынама болмасын статистиканың маңызы зор. Тілді басты тұтынушы — халық. Тіл қатынас құралы болғандықтан, оны қолдану барысы да анағұрлым жеңіл болғаны дұрыс. Біз осы жағынан халықпен санасуды жөн көрдік. Сөйлеу тілі — қоғамдық мәселе, ол тілшінің ғана мәселесі емес. Сол себепті қоғаммен ақылдасып тұрғанның терістігі болмайды деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда еліміздің кейбір өңірлерінде қоғамдық орындардағы көрнекі жарнамалық материалдарды, баспа өнімдерін латын графикасымен жазу үрдіс алды. Бұл дұрыс па, әлде?..

— Жалпы мұның екі жағы бар. Мысалы, «ертең бір таңба өзгеріп кетіп, жазғанымның бәрі далада қалады» деген ой тұрғысынан келер болсақ, асығыстыққа бой алдырмаған дұрыс. Десек те, халықтың жаңалықты қолдап, өз өнімдерін жаңа әліпбиге бейімдеуі құптарлық іс. Бұл жұртшылықтың қоғамдағы реформаға бейжай қарамайтындығын білдіреді. Мәселен, дүкеннің, газеттің атауын латынша жазса, оны ауыстыру қиын емес. Бұл жерде сол адамдар жақсы нәрсеге өз үлесін қосып жатыр деп қабылдау керек. Жақсы дүниеге, бастамаға асыққан адамды кеудесінен итеруге болмайды. Мен бір мысал келтірейін, осыдан бір ай бұрын Қарағанды қаласында «Ұлытау» саябағы ашылды. Сол саябаққа ұлы тұлғалардың Ұлытау туралы айтқан нақыл сөздері ілінді. Біз сол жұмыстардың сапалы жазылуына көмектестік. Біз саябақты жасақтаушыларға: «Әліпби әлі бекітілген жоқ, жазып бере алмаймыз» — деп айтқан жоқпыз. Жазсын, онда тұрған ештеңе жоқ. Қайта бірте-бірте жаңа әліпбимен жазылған маңдайшалар көбеюі керек. Қазір латыннегізді графикамен жазып жатқандарды сынап, қарсы пікір білдіріп жүргендер де бар. Мен оларға ренжімеймін. Олардың солай сынап жатқанына да рақмет айтамын. Себебі олар бұл мәселеге немқұрайлы қарамайды. Демек, олар қазақ тілінің, елдің болашағына алаңдайды.

  • Осыған дейін латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыланғанда: «Оқулықтарды аударуда көп қиындықтар болады, әсіресе мектептегі балалардың жағдайы қандай болады?» деген пікірлер айтылғанын білесіз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
  • Мектепке байланысты айтар болсақ, мысалы, 2020 жылы 1-сыныпқа баратын оқушы сол жылы әліппе, ана тілі, математика, еңбекке баулу, ән-күй, барлығы бес оқулықты оқиды делік. Сол бес кітапты жаңа әліпбиге көшпегеннің өзінде бәрібір жыл сайын кирилл қарпінде шығарамыз ғой. Қаржы бәрібір бөлінеді, екеуіне де бірдей қаражат жұмсалады. Енді қараңыз, егер латынша оқулық шығарсақ, ол бұрынғыға қарағанда жұқа болады. Себебі 42 таңба мен 32 таңбаның арасында едәуір айырмашылық бар. Бұл — бір. Екіншіден, әдеби мұра оқылмай қалады, шықпай қалады деген сөз бекер. Мен бұл жөнінде мақала да жаздым. Мен қазаққа қанша әдеби кітап керектігін ойлап, сараптадым. Санамалап қарсақ, Абайға дейінгі дәуір екі том, мейлі төрт том болсын, Абайдың өзі бір том болады. Одан бері төңкеріске дейін қазақ тіліндегі авторлық әдебиеттерді елу том деп алайық, ауыз әдебиетін алсақ, елу том, одан бері кеңес заманындағы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Мұқағали Мақатаев сияқты ақын-жазушылардың шығармалары жүз том болады, тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет жүз том, оған баспасөз, энциклопедияны қоссақ, барлығы бес жүз том кітап болсын. Бұл еліміздің экономикасы үшін қиын шаруа емес. Бес жүз том кітапты үш аптада шығаруға болады.    Сонымен қатар біз «Тіл — қазына» порталында конвертор дайындап жатырмыз. Аталған конвертор арқылы порталдағы кез келген материалды кирилл қарпінен латын қарпіне немесе керісінше оп-оңай аударып алуға болады. Келесі жылдан бастап елімізде осы бағытта ұялы қосымша жарыққа шығады. Өзіңіздің мәтініңізді сол қосымша арқылы латыншаға еркін аударып аласыз. Мүмкіндік болса, біз, тіпті, араб тілінен, төте жазудан латын графикасына аударатын конверторды шығаруды жоспарлап отырмыз. Мәселен, Қытайдағы 2 миллионнан астам қазақ төте жазуды қолданады. Сонда олар да қажетті материалды пайдалану мүмкіндігіне ие болмақ. Қазіргі конвертормен кирилл графикасымен терілген «Абай жолын» он бес секундта латыннегізді жаңа әліпбиге аударуға болады. Қазіргі заман онлайн-кітаптың дәуірі. Кез келген кітапты ұялы қосымша арқылы жүктеп алу да қиындық тудырмайды. Сондықтан әдебиеттерді, оқулықтарды латын әліпбиіне ауыстыру соншалықты күрделі процесс деп ойламаймын.

Ал компьютердің пернетақтасына келсек, бұған дейін де пернетақтаны өз әліпбиімізге ыңғайлы етіп жасап келдік. Бұл жерде компьютер емес, пернетақта ғана өзгеріске ұшырайды. Яғни, ұлттық комиссияның шешімінен соң, емле ережелер бекітілгеннен кейін, пернетақталар латын қарпіне сай жасалады.

Сөз соңында айтарым, қай елде болмасын жаңа реформа басталған уақытында қиындықтар болатыны рас. Әрине, басында қиналамыз, алайда уақыт өте келе қайта қалпымызға келеміз. Бәрі — уақыттың еншісіндегі дүние. Сол сияқты латын әліпбиіне көшудің де алғашқы кезде өз қиындықтары болуы қалыпты.

                                                            Сұхбаттасқан Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button