«Бақытты бала»Басты жаңалықтар

«Бақытты бала» және Фин тәжірибесі

Конференция

Ақтөбеде «Бақытты бала» жобасы шеңберінде «Заманауи білімге жаңаша көзқарас: тәжірибе және даму болашағы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Ақбөбек» білім беру орталығы мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ Ақтөбе филиалы бірлесе ұйымдастырған шараға қала әкімі Ілияс Испанов, облыс аудандарынан, ел өңірлерінен, сондай-ақ Финляндия, Ресей сынды елдерден келген ғалымдар мен педагогтар қатысты.

 «Мақсатымыз — тәжірибе алмасу»

Ақпан айында облыс әкімі  Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен  биыл облыста Балалар жылы болып жарияланып, жыл бойы «Бақытты бала» жобасын ұйымдастыру қолға алынған болатын. Аталған жоба аясында өткізілген конференция барысында балаларға қазіргі заманға сай жаңаша білім беру, олардың талантын ұштау, жаһандану кезеңінде ұлттық тәрбиенің өзектілігін жоғалтып алмау сынды мәселелер кеңінен талқыланды.

— Мақсатымыз — халықаралық деңгейде білім саласы сапалы болып танылған елдердің тәжірибесімен бөлісу. Финляндиядан бірқатар ғалым келді. Неге Финляндия деген сұрақ туады? Біріншіден, Финляндия білім беру сапасы жағынан әлемдегі алғашқы үштікке енеді, жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуде де финдерден үйренеріміз көп. Осы мақсатта біздің мамандар Финляндияға барып, аталған саладағы жұмыстармен жан-жақты танысып келді, — дейді  «Ақбөбек» білім беру орталығы директорының орынбасары Шамшырақ Сайлагиева.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ Ақтөбе филиалының директоры Нұргүл Әбішеваның айтуынша, ғалымдардың шеберлік сағаттарына қатысу үшін 400-ден астам өтініш қабылданған. Оның пікірінше, Қазақстанда білім беру жүйесін реформалау мен жаңғыртуда фин тәжірибесін қолданудың ресурстары мен даму болашағын анықтау міндеті тұр. «Білім беру мекемелерінің басшылары мен педагогтары іс-шараға үлкен қызығушылық білдірді, шетелдік әріптестердің шеберлік сабақтарына қатысуға тілек білдіргендері өте көп болды. Халықаралық ынтымақтастық арқасында біздің қаламызда осындай қарқынды тәжірибе алмасу конференциясы ұйымдастырылды. Бұл педагогтар үшін үлкен олжа болғаны сөзсіз», — дейді Нұргүл Әбішева.

Финляндия білім саласының сапасы жөнінен әлемдегі ең үздік елдердің қатарына кіреді. Халықаралық деңгейдегі рейтингтердің нәтижесі осындай. Мәселен, аса беделді «Оқушылардың білім саласындағы жетістіктерін бағалау бағдарламасы» (PISA) ұйымының үш жылда бір жүргізетін халықаралық зерттеулеріне сай, білім деңгейінің жоғарылығы жөнінен фин оқушылары бірінші орында тұр, кітапты ең көп оқитын да фин оқушылары екен. PISA ұйымының берген бағасынан кейін фин білім саласына әлем елдерінің назары ауды. Бүгінде финдер өздерінің білім беру әдістемесі мен технологияларын өзге елдерге экспорттау мәселесін жолға қойып келеді.

Білім саласындағы фин тәжірибесі жергілікті педагогтардың да қызығушылығын туғызды. Финляндияның Скандинавия академиялық ұтқырлық институтының ректоры, профессор, PhD Элина Ванхемпингтің айтуынша, білім, тәлім-тәрбие беру саласын реттеуді балабақшадан бастау керек.

  • Фин мектептерінде оқытушылар постклассикалық педагогика мен дидактика әдістерін енгізе бастады, оның бір тармағы — ситуациялық білім беру. Ситуацияны сараптау оқытушының шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді, оның қоғамға қажеттілік сезімін арттырады, мұғалім имиджін көтереді. Бұл әдіс бойынша бір рет жұмыс істеген адам бұрынғы дәстүрлі әдіске ешқашан жүгінбейді, — дейді Элина Ванхемпинг.

 

Элина  Ванхемпингтің тренингі бізге не береді?

Конференция барысында тренингтер, семинарлар, шеберлік сыныптары өткізілді. «Ақбөбек» орталығының базасында ұйымдастырылған Элина  Ванхемпингтің «Виртуализация және жаһандану кезеңіндегі білім берудің инновациялық технологиялары: фин тәжірибесі» атты тренингіне жергілікті педагогтар қатысты. Соның бірі Ақтөбе қаласындағы №9 орта мектебінің оқытушысы, жоғары санатты мұғалім, ҚР білім беру ісінің үздігі Т.Михайлова:

  • Финляндияның тәуелсіз мемлекет ретінде 100 жыл ғана тарихы бар, алайда оның білім беру жүйесі әлемдегі ең үздік жүйелердің бірі. Халқының білім деңгейі индексі бойынша Финляндия алдыңғы қатарда, фин оқу орындары тарапынан берілген диплом үлкен сұранысқа ие. «Десек те, бір елдің тәжірибесін бізге әкеліп таңуға бола ма?» деген сұрақ тууы мүмкін. Тренингті жүргізген Элина Ванхемпинг біздің білім беру жүйемізде қандай мәселелер болуы мүмкіндігін, оны қалай шешу қажеттігіне тоқталды. Әсіресе, «үш үстел» мысалы қызық болды, оқу процесіндегі негізгі мүшелер — мұғалім, оқушы мен ата-ана арасындағы келіспеушіліктерді ешкімге зиянын тигізбейтіндей қалай шешуге болады? Бұл сұраққа нақты мысалдармен жауап берілді. Тренингке қатысқан әр адам өзіне қажеттісін алды, — дейді ол.

Аталған тренингтің негізгі мақсаты — оқушылардың әрқайсысының қабілеттерін тану, соны әрі қарай дамыту мақсатындағы әдістерді үйрену, білім беру мен бала тәрбиесіне қатысты қазіргі уақыт талабына сай жұмыс істеу.

  • Элина Ванхемпингтің бұл бағытта тәжірибесі өте мол. Қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берді. Шеберлік сыныбының екінші бөлімінде Финляндиядағы білім беру саласының артықшылықтарына тоқталды. «Оқу процесінің барлық қатысушысына деген ерекше құрмет, сыйластық, ешкімді кемсітпей, барлығына бірдей қарауға, яғни, гуманизм принциптеріне негізделген қолайлы орта — фин білім беру саласының үздік болуының құпиясы осында», — дейді Элина  Ванхемпинг. Тренингке Финляндияда бір жыл білім алған оқушыны да арнайы шақыртты, Юлия бізге бар көрген-білгенін айтып берді, мектеп өмірі туралы бейнематериалдар көрсетілді, — дейді №8 мектептің директоры А.Жақсыбаева.

Хельсинки қаласы білім бөлімінің басшысы Лаура Индрен мен балабақша меңгерушісі Кари Карьялайнен де фин тәжірибесі туралы мол мағлұмат берді. Ресейден келген педагогика ғылымдарының докторы, профессор Светлана Сальцева, педагогика магистрі Наталья Крылова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Галия Игтисамовалар да бала тәрбиесіне, мұғалім беделіне қатысты өз ойларын ортаға салды.

— Финляндия халқы сәби дүниеге келе салысымен оған толыққанды азамат ретінде қарайды. Нәрестеге бірден төлқұжат беріледі. Ата-анаға қоғамдық орындарда баласына дауыс көтеруге тыйым салынған. Бала он айға толған сәттен бастап балабақшаға баруға құқылы. Әдеттегі балабақшаға мүгедек балаларды да қабылдайды, яғни оларды оқшаулап, арнайы мектептерге жібермейді. 6 жасынан бастап баланы мектепке даярлайды.Фин мектептерінің барлығы тек бір ауысыммен жұмыс істейді. Міне, осы сынды озық тәжірибелер бізді қызықтырды, — дейді Ақтөбе қаласындағы «Жұлдыз» мектепке дейінгі ұйымының өкілі Ә.Ердәулетова.

Конференция дәстүрлі түрде өткізіледі

Жергілікті педагогтар осындай бағыттағы конференцияларды дәстүрлі түрде өтткізу қажеттігін алға тартып отыр. Себебі білім саласы озық елдермен байланыс жасау, тәжірибе алмасу уақыттың талабы. Білімі мықты ел ғана дамыған мемлекеттер қатарына қосыла алады. Сондықтан бұл конференцияның жүгі де, жауапкершілігі де жоғары болды.

  • Конференция мақсаты — білім саласындағы әлемдік трендтермен, озық тәжірибелермен танысу, өзара тәжірибе алмасу болатын. Бұл бағытта жұмысымыздың мақсаты орындалды деп есептеймін. Біз тек Финляндияның, Ресейдің тәжірибесін ғана танып қоймай, өзіміздегі барды, өзіміздің озық реформаны да көрсеттік. Шетелдік әріптестеріміз біздің білім саласы жүйесіндегі педагогтардың біліктілігін арттыруға арналған бағдарламаны жоғары бағалады. Мұндай тәжірибенің әлемде баламасы жоқ десті.

Аталған конференцияның бізге берген тағы бір «олжасы» — жаңа идеялардың, жаңа бастамалардың тууына себепші болғандығы. Мәжілістен соң Ақтөбе қаласының педагогикалық шеберлік орталығы тарапынан бірінші рет «мектептің методикалық активі» түсінігі енгізілді. Бұл актив ендігі жерде бағалау жөніндегі мектеп үйлестірушілерінің, жетекшілер мен зерттеулер бойынша мектеп тренерлерінің басын қосатын болады, ал бұл біліктілікті арттыру жүйесін білім беру ұйымдарына барынша жақынтада түсуге септігін тигізеді, — дейді педагогикалық шеберлік орталығы Ақтөбе қаласы филиалының директоры Тәрбия Әкімова.

Филиал басшысының айтуынша, педагогтар тиімді диалог алаңына айналған конференцияны дәстүрлі түрде өткізу туралы ұсыныс білдіріп отыр.

  • Қазақстанның білім саласында қыруар жұмыс істеліп жатыр. «Ақбөбек», «Өрлеу» орталықтары ұйымдастырған педагогикалық форум да осы жұмыстардың бір парасы. Қазір қазақ қоғамы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық бағдарламасын талқылап жатыр. Аталған құжатта білім саласына қатысты тың ойлар айтылған, білім саласының көкжиегін кеңейту үшін, заманға сай білім беру үшін халықаралық тәжірибелерді зерттеу маңызды. Осы тұрғыда бұл мәжілістің ролі зор, — дейді профессор Элина Ванхемпинг.

Пленарлық мәжіліс соңында Ақтөбе қаласы әкімдігі мен Фин білім беру ұйымдары арасында өзара іскерлік туралы Меморандумға қол қойылды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button