Басты жаңалықтар

«Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымы Наурыз мейрамын атап өтті

«Ұлттық дәстүрлерімізді ұлықтайық!»

Күн мен түн теңеліп, Жыл келгенін білдіретін Наурыз мейрамы «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымында да кеңінен аталып өтті. Мұнда серіктестік аясындағы облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері, «Адырна», «Үш таған» журналдары, «Ақтөбе Ньюс» сайты қызметкерлері бас қосып, бұл күні ұлттық киім киіп, сән-салтанатпен жиналды.

Ғимарат фойесі ерекше жабдықталды. Ұлттық қолөнер бұйымдары мен тарихи жәдігерлер бір қабырғаны ала орналастырылған. Әсем әуен салтанатты сәттің шырайын келтіріп, жиналған жұртшылықтың көңіл күйін көтерді. Бұл жиынға ұжым мүшелерімен бірге газет оқырмандары мен жанашырлары да шақырылды.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин биылғы жылдың ерекшеліктеріне тоқталып, облысымызда «Анаға құрмет», «Бақытты бала» бағдарламалары қолға алынғанын, сонымен бірге облыстық «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығы аталып өтетінін, келер жылы «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығы келе жатқанын тілге тиек етті.

Наурыз мейрамын ұлықтауға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, журналистика ардагерлері  Нұқы Қартбайұлы, Идош Асқар, Қуаныш Кенжеғалиев,  Жанғабыл Қабақбаев, Бақыт Ешбаева,  ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп мәдени-әлеуметтік сала ардагерлері, Келдібай Еспағамбетов, Серік Ботағарин, Балғожа Әйтпенбетұлы, Қанатбай Елеусізұлы, Рысжан Ілиясова және басқалары келді.

Сонымен, рет-ретімен баяндасақ…

Ұлттық құндылықтар көнермейді   

Салтанатқа жиналғандарды ұлттық қолөнер туындыларының сан алуан түрлері қызықтырды. Мәртөктегі балалар техникалық-шығармашылық орталығының мұғалімі, үйірме жетекшісі Еділбай Оразымбетов осында өзі қолдан жасаған бұйымдарын алып келіп қойды. Оның ішінде қымыз, шұбат құятын, бауырсақ салатын, қойдың басын ұсынатын, ет беретін дейсіз бе, әйтеуір ағаштан ойып жасалған небір түрлі ыдыстар көздің жауын алады.

— Мен бұл жұмыста жергілікті қара ағаш, қайыңды пайдаланамын. Үйірмемде отыз екі оқушы бар, оларды шеберлікке үйретемін. Әрине, бұл — өте қиын шаруа, оған төзімділік керек. Менің мақсатым — ұлттық бояуымызды жоғалтпай, халықтық салт-дәстүрлеріміздің сақталуына үлес қосу, — дейді шебер.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Нұрсәуле Серікқызы тас диірменнен бастап, келі-келсап, қамшы, сандық, көрпе-төсек, бесік, жастық ағаш секілді қазақтың ежелгі тұрмыстық бұйымдарын көпшілікке таныстырды. Белгілі қолөнер шебері Күлипа Жұбаниязованың қолынан шыққан сырмақ та осы көрмеде қойылды.

Наурыз дастарқанын наурыз көжеден бастап, жеті нан, бауырсақ, қазы-қарта, жал-жая, құрт-ірімшік, жент, қаймақ, тары-талқанға дейінгі ұлттық тағамдар көмкеріп тұрды. Әрине, қазақтың басты тағамы — ет молынан тартылып, ақсақалдарға бас ұсынылды.

«Актюбинский вестник» газеті редакциясында ұзақ жылдар қызмет істеген Галина Трофимованы 70 жасқа толуымен құттықтау салтанат сәнін арттыра түсті. Мерейтой иесіне арнайы сыйлық тапсырылып, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның төсбелгісі табыс етілді.

Қыдыр ата келгенде

Жиналған қалың қауымды Қыдыр атаның құттықтауы ерекше бір тебіреністі сәтке айналды. Ақ сақалды, жүзі игі бабаның жақсы тілегі жақсылық пен игілікке бағышталды. «Жылдарың жақсы болсын!» деген тілегін білдірді Қыдыр ата.

Қыдыр атамен бірге биылғы жылдың иесі — екі тазы еріп келуі игі нышанның көрінісіндей еді.

Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы Наурыз мерекесі қарсаңында тоғызқұмалақ, шахмат және дойбыдан жарыс өткізді. Сонымен бірге гір көтеру, басқа да спорттық сайыстар мейрам мәнін көтере түсті. Бір шетте балғындар асық ойнап жатты.

Ал кішкентай Жібек Төлеулі қобызда «Желсіз түнде жарық айды» орындағанда айнала бір сәтке тынып қалды.

Барлық жеңімпаздарға сыйлықтар берілді. Ал «Ақтөбе Медиа» ЖШС кәсіподақ комитеті еңбекте алғы шептен көрінген, өзінің қызметтік міндеттерін адал және шынайы атқарып жүрген бір топ қызметкерлерді Алғыс хаттармен, сыйлықтармен марапаттады.

Игі тілектер, жылы лебіздер

Нұқы Қартбайұлы, журналистика ардагері:

— Ұлттық дәстүрлеріміздің жаңа мазмұнмен байытылып, ортамызда орнығуы бәріміз үшін сүйінішті. Сол игі іске журналистеріміз де өз үлестерін қосуда, мұны көзбен көріп отырмыз.

Облыстық газетте мен де қызмет атқарғанмын, сондықтан бұл ұжым мен үшін ыстық, басылымдардың әр қадамына назар аударып отырамын. Әріптестеріме тынымсыз қызметтерінде жемісті еңбек тілеймін. Журналист үшін ең маңыздысы — уақыттың сөзін айту, айта білу. Сіздер осы жоғары деңгейден көрініп келесіздер.

Рысжан Ілиясова, мәдениет саласының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері:

— Мен облыстық газеттердің байырғы оқырманымын. 1968 жылы сол кездегі «Коммунизм жолы» газетіне алғашқы мақалам шыққаны есімде. Содан бері баспасөзбен тығыз байланыста келемін. «Газеттің өзі — бір күндік, сөзі — мың күндік» деген сөз бар. Журналистер еңбегін ерекше бағалаймын.

Сіздердің Наурызды қарсы алу дайындықтарыңыз көңілімді тебірентті. Көрмелерді жақсы ұйымдастырғансыздар, мен музейге келгендей әсер алдым. Осының бәрінің тағылымдық-тәрбиелік мәні зор.

Газет — үлкен күш, халықтың сөзі, құлағы, жақсылықтарды жария етуші.

Өлкемізге, тарихи тұлғаларымызға қатысты «Қазына», «Арулар — аналар, даналар», «Далам тұнған шежіре» атты кітаптарым жарыққа шықты. Осы еңбегімнің бәрінің насихатшысы сіздер болып келесіздер.

Қайыржан Тоқышев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы:

— Наурыз — уақыт лебімен қайта жаңарып, жаңғырған мереке. Ата-бабамыз осы күнді тектен-текке атап өтпеген. Бұл — табиғаттың ояну кезеңі. Біз журналистерді көбінесе жұмыс барысында ресми кездесулерде көреміз. Ал бүгін бәріңіз ұлттық киім киіп, өзгеше түрге еніп, халқымыздың салт-дәстүрін сөзбен емес, іспен көрсетіп отырсыздар. Ұлттық тағамдармен берекелі дастарқан жайып, сырттан газет жанашырларын шақыруларыңыз да құптарлық үрдіс деп ойлаймын.

Қазақта «Сыртыңда жау болмасын, ішіңде дау болмасын» деген ұлағатты сөз бар. Осы бағытта қалам иелері көзге көріне бермейтін көп жұмыстарды атқарып келеді. Біз соған ырзашылық білдіреміз.

Балғожа Әйтпенбетов, ардагер-құрылысшы:

— Мен кешегі бір тұстарда Ақтөбедегі жол құрылысы материалдары комбинатына бас инженер,  Ақтөбе жүк тасымалы автобасқармасы бастығының құрылыс жөніндегі орынбасары, «Ақтөбетрансстрой» зауытында, жол құрылысы тресінде, жол құрылысы материалдары бірлестігінде бас инженер ретінде жемісті еңбек етіп, содан кейін Ақтөбедегі іргелі кәсіпорындардың бірі — силикат-қабырғалық құрылыс материалдары зауытының бас директоры болып, облыс орталығындағы алып құрылыстардың бой көтеруіне мүмкіндігімше үлес қостым.

Осы жылдардың бәрінде де облыстық газеттердің тұрақты оқырманымын. Менің еңбегім туралы да газет беттерінде жарияланып жүр. Сіздерді Наурыз мерекесімен құттықтап, қаламдарыңызға сарқылмас қуат тілеймін.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button