Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Отпантаудағы Амал мерекесі

НАУРЫЗ-2018

Маңғыстауда көп жылдан бері жергілікті аумақта аталатын ынтымақ пен бірлікке шақырар дәстүрлі мейрам — Амал мерекесі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл тұңғыш рет  республикалық деңгейде өткізілді.

Павлодардағы Мәшһүр-Жүсіп, Семей жеріндегі Абай-Шәкәрім, Қызылордадағы Қорқыт ата, Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Қожа-Ахмет Яссауи, Атыраудағы Сарайшық, сондай-ақ Бекет ата кесенелерінің және Орталық Қазақстан жеріндегі Ұлытау кешені шырақшыларының қатысуымен, еліміздің әр аймағынан келген үш жүздің ұрпақтары мен ресми делегациялар өкілдері Отпан таудың бауырында бас қосып, Бірлік отын жақты.

Бұл өңірде Амал мерекесін барлық сән-салтанатпен Отпан таудың басында тойлау 2008 жылдан бері үрдіске айналған. «Амал-2018»  мәдени көпшілік шарасының мақсаты — халық бірлігін және тұтастығын нығайту, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу деп атап көрсетілді.

Қазақы дәстүрді ту етіп көтерген мұндай тәлім-тәрбиелік мәні зор шараның бастамашысы «Әр қазақ — менің жалғызым!» деп дүбірлі дүниеге жар салған ақын Сабыр Адай екен. Ол биылғы жиынның да рухани дем берушісі болып жүрді.

— Рухани жаңғыру қазақтың тарихында рухтың өлмегендігін білдіреді,  тәуелсіз ел болып отырғанымыз да соның басты айғағы. Бізде салт-дәстүрлерді, қазақы қағидаларды ұрпақтан-ұрпаққа бесігінен үйретіп, одан әрі отбасында, елдің ішінде, ақсақалдардың аясында, азаматтардың ауқымы шеңберінде ұлттық мүддені бірінші қойып отырған. Бұл ұстаным одан әрі жалғасын табуы тиіс.

Отпан тау Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары тізіміне кірді. Болашақта Амал көрісуді қазіргіден де ұлғайтып, жалпы халықтық деңгейде жаңғыртайық. «Ағайын араласпаса, жат болады» дейді  халқымыз. Қарашаңырақ негізінде бүткіл қазақты, шетелдерде жүргендерді де біріктіру керек деген маңғыстаулықтардың тілегі бар, — деп ол көпшілік алдында ақ тілегін айтты.

Екі күнге жалғасқан бағдарламада «Амал мерекесі — рухани жаңғыруымыздың жаршысы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, «Армысың, Амал!» атты облыс жыршыларының қатысуымен жыр кеші өтті. Мерекеге қатысушылар аударыспақ, құнан жарыс және аламан бәйге сынды қазақтың ұлттық ойындарынан бақ сынасты.

Отпан таудың биігінде алпыстан астам киіз үй тігіліп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам өнерпаз өнер көрсетті. Ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өтіп, жүлделерге бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақы берілді.

Күн қабағы қатулау болғанымен жиналған жұртшылық ат бәйгесін қызығушылықпен тамашалады. Бұл сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жүйріктер әкелінді. Нәтижесінде жиырма бес шақырымдық аламан бәйгеде Жамбыл облысының Қордай ауданынан келген шабандоз бала мәреден бірінші болып қиқулап өтті. Бас жүлдеге тігілген «Toyota Hilux» шетелдік қымбат жаңа көлігі Қазақстанның оңтүстігіне осылайша жол тартты.

Мерекелік шарада «Шашу боп жырым шашылсын» деген атаумен Жетісу, Арқа, Батыс, Алтай-Тарбағатай жыр мектептері өкілдері мен «Мен қазақпын» мега жобасы жүлдегерлерінің концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ шара аясында «Аялы ағаш – саялы» тал отырғызу акциясы өтті.

Отпан тауға қатысты бірсыпыра деректерді келтіре кетсек, артық болмас еді. Мұнда 12 құлпытас ортасынан қос күмбез көтеріліп, ол алтынмен апталған. Биік құлпытасқа «Адай ата» деп көрнекті етіп жазылған. Адай ата кесенесінің екі жағында екі баласы — Келімберді мен Құдайке аталарға арналған кесене орналасқан.

Отпан таудың басында халықтық наным-сенімдерге қатысты киелі ескерткіштер көп қойылған. Солардың бірі — Көкбөрі ескерткіші. Бабаларымыз Көкбөрінің бойындағы ерекше қасиеттерді өз ұрпағының болмысында болуын қалаған.

Тау басындағы «Қарашаңырақ» ғимараты да назар аударып, келушілерді өзіне тартады. Бұл сарай ұлы істердің алаңы, орталығы болсын деген ниетпен салынған. «Қарашаңырақтың» ортасында Түркістандағы Тайқазан үлгісінде жасалған қазан орнатылған.

Биік тауға беттеген 362 баспалдақ та ойға қалдырады. Ол Маңғыстаудағы 362 әулие рухына бағышталған. Бұл баспалдақтар Ақсарай мен Адай ата кесенесін жалғастырады.

«Адай Ата-Отпан тау» рухани тарихи-мәдени кешені сан-салалы. Мұнда Ақсарай Адай атаның сегіз немересінің құрметіне арналған сегіз бөлмеден тұрады. Бұл бөлмелерде елдің елдігін ұлықтайтын ас-жиын, елдің елдік, ұлттық мүдделеріне байланысты салиқалы кеңестер өткізіледі  және бұл сарайда өлкенің өткен өмір тіршілігін бейнелейтін тарихи мұражай бар.

Орталық залда Қазақстан мемлекетінің даму тарихына арналған тұрақты көрме орналасқан. Онда қазақ хандықтары, хандар шежіресі, ұлт қаһармандары, қазіргі заман бейнелері, ұлттық рәміздер, тәуелсіздік көріністері, тұңғыш Президент — Елбасы туралы деректі көріністер ұлттық мәнермен безендірілген.

«Маңғыстау және жеті жұрт» тақырыбындағы көрме залы Маңғыстау тарихына арналып, ол жердің археологиялық сараптамасы, картасы, макеттер, аңыз-әңгімелермен айқындалып, тас дәуірінен осы күнге дейін мекендеген халықтар мен тайпалардың тарихы, мәдениеті бойынша жинақталған мәліметтер жүйеленіп жасақталған.

«Маңғыстау және маңғыстаулықтар» көрмесінде өткен және жаңа тарихтағы өнегелі істермен өлкеге, республикаға белгілі маңғыстаулықтардың өмір тарихы айқындалды.

«Қол өнер көрме залы» қазақ қолөнерінің соңғы ғасырдағы даму сатылары мен бүгінгі күнге арналған. Бұл залда өлке жерінде өте ертеде салынып, күні бүгінге дейін сақталған көне тарихи-архитектуралық ескерткіштерді салған есімі елге кеңінен мәлім маңғыстаулық шеберлер туралы деректер көрсетілген.

Маңғыстау — еліміздегі тарихи ескерткіштердің 70 пайызы орналасқан белгілі әулиелі, киелі мекен. Бұл жерде, әсіресе жерасты мешіттері көптеп кездеседі. Келесі көрме залы Маңғыстаудағы ислам дінінің таралу тарихына арналған.

Биік жотаның бел  ортасында өзі ақын, өзі батыр саналатын Қалнияздың бейіті орналасқан. Ел аузында «Жорық жыршысы» аталған Қалнияз Шопықұлы 1870 жылғы патша билігінің басқыншылық саясатына қарсы бас көтерген Иса-Досан көтерілісіне қатысқан өжет ерлердің бірі ретінде қудаланған. Содан кейін тәжік жеріне көшіп кеткен. Өмірінің ақырына дейін туған жері Маңғыстауды сағынып, оған келуді армандап, жырлап өткен. Ұрпақтары оның аманатын орындап, 2015 жылы мамыр айында ақынның сүйегін Отпан таудың баурайына әкеліп қойған екен. Қалнияз батыр ғұмыры туған жерге тартылудың бір үлгі-мысалы іспетті.

«Отпан» тарихи-мәдени кешенінде тарих бөлімінің меңгерушісі ретінде Жомарт Айдарбек өткенді зерттеп, жас буынның жадында жаңғырту бағытында көп істер тындырып жүр екен.

— Маңғыстаудың тарихы тереңде. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы кезінде Маңғыстау ауданында өткеннің жәдігерлері туралы мол мәліметті көпшілікке ұсыну мүмкіндігі туды.

Экспедиция мүшелері ең бірінші Отпан таудың ұшар басында орналасқан Адай ата кесенесіне барып, Адай атаның тарихымен танысып, Ақсарай мұражайын аралады. Отпан тау тарихи этномәдени кешені, тарих сахнасында ХV ғасырда пайда болған Адай атаның тұлғасы туралы ақпарат осында айтылды.

Біз үшін маңыздысы — тарихымызды түгендеп қана қоймай, ұлттық салт-дәстүрлерімізді байытып, келешектің игілігіне ұсыну, олар өткеннің тасасында қалып қоймауы керек, — деді тарихшы.

 

Жалпы қатысушылар саны бес мың адамды құраған бұл жиында қазақ даласының өнері, салт-дәстүрі, ұлттық болмысты бейнелейтін қойылымдар қойылып, ән-күйден, жыр-термеден шашу шашылып, қолөнер және түрлі тақырыптағы көрмелер жұртшылыққа таныстырылды.

Бұл үлкен мерекеде Ақтау аймағында еңбек етіп жүрген ақтөбелік азаматтар да үлкен істердің ұйытқысы болды. «Ақтау Интерстрой» ЖШС бас директоры Нұрдәулет Сәдуов бастаған азаматтар алты киіз үй тігіп, қонақтарды қабылдады.

— Өткен жылы күз айында Ақтөбеде өткен «Туған жер» республикалық форумына қатысып, көп әсер алып келгенмін. Мен біраз жылдан бері Ақтауда еңбек етіп, құрылыс жұмыстарына басшылық етіп келемін. Өзім туып-өскен Шалқар өңіріне хабарласып, елге қолдан келген көмегімді жасап келемін. Алда да ой-жоспарларым бар, оның орындалуын уақыт көрсетеді.

Амал мерекесі — жыл басындағы жақсы жолығысулардың, адамдардың бір-біріне ақ тілек айтып, көрісуінің мүмкіндігі. Маңғыстауда бұл шараға ерекше көңіл бөлінеді. Биыл осы іске қатысуды жөн деп тауып, біраз ұйымдастыру жұмыстарын қолға алдық. Сонымен бірге қонақ ретінде Ақтөбеден, Қызылорда облысынан, Астанадан біраз азаматтарды шақырдық, — дейді ол.

Атап өтерлік жайт, Амал мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыру жыл сайын сегіз арыс Адай ата ұрпақтарының біріне міндеттеледі. Сол жауапкершілікті биыл Құнанорыс ұрпақтары қолдарына алыпты.

Жазушы Сайлаубай Жұбатыров үлкен жиынға қазақтың белгілі жазушысы, абыз ата Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ақ тілегін, ыстық ықыласын ала келді. Сонымен бірге өзінің «Абыржы» деп аталатын трилогиясын маңғыстаулықтарға сыйлыққа ұсынды.

— Мен толқынданып жатқан Каспий теңізін көріп, қатты тебіреніп тұрмын. Әдейі барып суына қолымды малдым. Қасіретті күй кешіп жатқан Арал теңізі ойыма оралып, көңілім құлазығандай болды. Өзім Арал теңізінің жағасында дүниеге келдім, қаламгерлік жолымда Арал тағдырын қаламыма арқау етіп келемін. 1967 жылы «Білім және еңбек» журналында «Аралды қайтсек сақтаймыз?» деген проблемалық мақалам жарияланып еді. Одан кейін де бұл тақырыптан ауытқыған кезім болған емес.

Ал Отпан тау биігіне шығып, ата-бабаларымыздың ел қорғаған, биік шыңның басына от жаққан сәттерін көргендей болдық. Амал күнін осында қарсы алғаныма қуаныштымын, жақсылықтың нышаны деп ойлап тұрмын, — деді ол.

Халықаралық «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы Батыс аймақтық филиалының директоры Ізімғали Көбенов бұл жиыннан үлкен әсер алып қайтқанын айтады.

«Мен Қазақстанның қай аймағында да болып жүрмін. Осында болғанымда Адай ата ұрпақтарының руды мақтан тұтумен бірге, татулық, бірлікті жоғары ұстанатындығына, тіпті Алты ата Әлім баласын жасы кіші болса да, жаппай аға баласы деп құрмет тұтатын ізеттілігінің куәсі болдым. Алыстан келген басқа қонақтарға да құрмет, ізет ерекше болды. Ауызбіршілігіміз осындай болса, қазақты жау ала алмайтындығына сеніп қайттым», — деп ойын білдірді ол.

Отпан таудың басында белгілі күйші Нұрболат Жанаманов Қазанғап күйлерін төгілтіп, тыңдаушыларын тебірентті. Ол кейінгі жылдары пайдалануға берілген «Шалқар-Бейнеу» теміржолы қызметін пайдаланып, Ақтауға тез жеткенін қуанышпен айтты. Күйшінің өнерпаз інілері Өмірқұл Айниязов, Әділбек Сарин, Шымберген Сүлейменов айналаны әнге бөледі.

«Мен қазақпын» мегажобасының жеңімпазы, жас таланттар арасынан үздік күйші деп танылған ақтөбелік Ардақ Елеусіз де ел ықыласына бөленді.

Айгүл Елшібаева, Елмұра Жаңабергенова сынды талантты әнші қыздарымызды тыңдармандар сахнадан түсірген жоқ деуге болады.

Алтыбақан жанындағы жастардың мерекелік шарасы көпшіліктің көзайымына айналды. Түпқараған, Қарақия, Бейнеу аудандарынан келген «Алтыбақан» этнографиялық ұжымдарының қойылымдары көрермендер көңілінен шықты.

Мұнайлы, Түпқараған және Қарақия аудандары өнерпаздарының концерттік бағдарламасы әр қырынан көрінді. Сүгір жыраудың термесі сан түрлі нақышта орындалып, өнерпаздар шеберлік сынына түскендей болды.

Ал «Отпан» фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасы жиналған жұртшылықты өзгеше әсерге бөледі.

…Ерте замандарда ел шетіне жау тигенде, бұл жерде Ұран оты жағылып, жалпы жұртқа хабар берілген екен. Тау басындағы отты көрген ел жедел жиналып, қалың жауға тойтарыс беретін болған. Сол Ұран оты бүгінде тағы да жағылуда. Оның мақсаты — қазақ баласын біріктіру, татулыққа, бірлікке шақыру, Мәңгілік ел болуға үндеу.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Маңғыстау облысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button