Басты жаңалықтар

Тексеру жабдықтарын шығару өндірісі жоспарлануда

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «NUCTECH» компаниясының вице-президенті Ли Цзянминмен кездесті.

Кездесу барысында Ақтөбеде тексеру жабдықтарын шығарудың келешегі талқыланды. Жобаны «Ақтөберентген» АҚ базасында бірлескен кәсіпорын түрінде немесе «Ақтөбе» индустриялық аймағында жаңа зауыт салу негізінде енгізу жоспарланып отыр. Осы мәселе бойынша алғашқы келіссөздер өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Бейжіңге жасаған жұмыс сапары барысында өтті.

— Сіздің компанияңыз Қазақстанмен 10 жылдан астам ынтымақтастықта. Ақтөбе облысы осы жобаны жүзеге асыруға мүдделі және қолданыстағы заңнама аясында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, — деді Бердібек Сапарбаев қонақтарды қарсы алу сөзінде.

Облыс басшысы компанияның вице-президентін аймақтың инвестициялық артықшылықтарымен, оның ішінде географиялық орналасуы, көлік және логистикалық инфрақұрылымы дамуы және инвесторларға берілген артықшылықтарымен таныстырды. Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» индустриялық аймағы, «Ақтөбе» ӘКК және Инвесторларға қызмет көрсету орталығы туралы әңгімеледі.

Өз кезегінде, Ли Цзянминь ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылығын айтып өтті. Ол бұл жоба іске асырылған жағдайда «Нұрлы жол» бағдарламасын «Бір белдеу — бір жол» бастамасымен біріктірудің сәтті мысалдарының бірі болуы мүмкін екенін атап өтті.

— Бір күн бұрын біз «Ақтөберентгеннің» өндірістік базасын тексердік. Біздің көргеніміз қызығушылық туғызып, сондықтан біз зауыттың қызметкерлерін біздің қызметімізбен кеңірек танысу үшін Қытайға шақырдық. Осыдан кейін ынтымақтастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылай аламыз, — деді Л.Цзянминь.

1997 жылы құрылған «NUCTECH» компаниясы жоғары технологиялық қауіпсіздік техникасын әзірлеуге және өндіруге маманданған. Бүгінгі күні компания өнімдері бүкіл әлем бойынша 122 елге жеткізіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button