«Бақытты бала»Басты жаңалықтар

Қосымша білім беру — дамудың кепілі

Биыл облыста «Бақытты бала» жобасының қосымша білім беруге бағытталған 6-топтамасы аясында дарынды балалардың шығармашылығын дамыту, оларға қолдау көрсету қолға алынуда. Осы орайда облыс орталығындағы Шығармашылық академиясында өз шығармашылығын дамытып, жан-жақты білім алып жүрген бірқатар өнерлі оқушылармен, сондай-ақ үйірме жетекшілерімен тілдескен едік.

 «ЕҢЛІКТІҢ» 500-ГЕ ЖУЫҚ МҮШЕСІ БАР

Бүгінгі күні «Еңлік» үлгілі би ансамблінің есімі көпке таныс. Себебі биді сүйетін кез келген баланың осы ұжымда өнер көрсеткісі келетіні анық. 1993 жылы алғаш фольклорлық топ болып құрылған үлгілі би ансамблінің құрамында қазір 500-ге жуық мүше бар. Ансамбльді құрып, бүгінге дейін жүздеген өнерлі жасқа сан ұлттың биін үйреткен хореограф Гүлнар Байділдинованың айтуынша, ансамбль балаларды алты жастан бастап қабылдайды.

  • «Еңлік» би ансамблі топ болып құрылған кезде оның құрамында алты қыз ғана болған. 2006 жылы ансамбль «үлгілі» деген атақты иеленді. Содан бері ансамбль түрлі байқауларға, фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

«Еңлік» үш бағыт бойынша жұмыс жасайды. Атап айтсақ, классикалық, заманауи және халықтық. Қазір ансамбль құрамындағы бишілердің саны 500-ге жетіп қалды. Бишілер 6 курстан өтеді, кейін емтихан тапсырып, үздіктер ансамбльде қалады. Сөйтіп олар мектеп бітіргенше осы ұжымда өнер көрсетеді, — дейді Г.Байділдинова.

Оның айтуынша, биылғы жылы өнер ұжымы «Жас толқын», «Жас талант», «Қысқы ертегі» сияқты байқауларға қатысып жүлделі орындарды иеленсе, жуырда Хромтау ауданында өткен «Алтын дән» атты байқауда бас жүлдені жеңіп алыпты. Қазіргі таңда «Еңліктің» екі дуэті республикалық «Айналайын» байқауына қатысып жатыр. Байқаудың ақтық кезеңі наурыз айының аяғында өтеді.

Биыл мамыр айында облыста «Бақытты бала» жобасы аясында халықаралық «Би толқынында» атты байқау ұйымдастырылмақ. Оған алыс-жақын шетелдерден бишілер мен би ұжымдары шақырылмақ.

Бүгінде менің жолымды қуып, осы орталықта студия ашып, би өнеріне үлес қосып жүрген шәкірттерім бар. Атап айтсам, Бағдат Әділов, Альбина Аққағазова, Әсел Филатова секілді жас мамандар балаларға би үйретіп, би өнерін насихаттауда. Сондай-ақ қазіргі таңда жеке биші ретінде облысқа, республикаға танымал, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген Әсел Әлібекова, Асылым Көлеңкеева, Айнұр Қойлыбаева, Гүлжан Амирешова, Сабина Мұхамбетова, Әсем Іргебаева, Ақмарал Сарқұлова, тағы басқа шәкірттерім бар. Мен осы шәкірттерім арқылы мақтанамын. Олар елімізде би сияқты бекзат өнерді насихаттап, осы салада еңбек етіп жүр, — дейді ансамбль жетекшісі.

Шығармашылық академиясының директоры Шәмшат Жұбайдың айтуынша, қазір академияда «Еңліктен» басқа «Самғау» балет студиясы мен «Заманауи би» студиясы жұмыс жасайды. Бұл ұжымдарда мыңға жуық бала бар.

«Еңлік» үлгілі би ансамблінің бишісі Альбина Сакиева Ақтөбе қаласындағы №34 орта мектептің 8-сыныбында оқиды. Ол алты жылдан бері «Еңлікте» өнер көрсетіп келеді. Болашақта актриса болуды армандайтын Альбина қазір би ұжымының үлкен тобында қазақ және заманауи би түрлерін үйреніп жатқанын айтады.

  • Топтағы қыздардың барлығы ұйымшыл. Көп жағдайда бір-бірімізді ыммен түсініп, жетекшіміздің айтқанын тез қабылдаймыз. Би өнерін өте жоғары бағалаймын және би билегенді жақсы көремін. Би билеу — үлкен өнер. Алайда болашақта актриса, әнші болғым келеді, — дейді ол.

 «DEFILE»-НІҢ ДАРЫНДЫЛАРЫ

Бүгінде Шығармашылық академиясында 5 факультет бар. Олар: ІТ технологиялар, көркем-эстетикалық тәрбие және қолданбалы өнер, музыкалық, спорт, көркемдік дамыту мектебі. Аталған факультеттер құрамында 40-тан астам үйірме жұмыс жасайды.

Солардың бірі — «Defile» сәндік өнер студиясы. Бұл студияға 10-17 жас аралығындағы оқушылар қабылданады.

Сәндік өнер студиясының жетекшісі Жанна Төлеуованың айтуынша, бүгінгі күні студияда 67 оқушы қосымша білім алады. Олар тоқу, тігу, пішуді үйреніп, киім үлгілерін әзірлейді. Биыл қаңтар айында студияның дарынды оқушылары Алматы қаласында өткен «Қысқы ертегі — 2018» республикалық фестиваль-байқауына қатысып, жүлделі 1-орынды жеңіп алған.

Аталған байқауға біздің студияның оқушылары «Жазғы көңіл-күй», «Жыл маусымы» атты екі топтама апарып, жүлделі орынға ие болды. Оқушылар байқауда өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Алдағы уақытта оқушыларымыз тағы да сән байқауларына қатысып, жетістіктерге жетеді деп ойлаймын. Қазір оқушылар «Дисней әлемі», «Әлем елдері» атты киім үлгілерінен екі топтама дайындап жатыр, — дейді Ж.Төлеуова.

Оның айтуынша, студияда оқушылар аптасына үш рет 3 сағаттан дәріс алады. Нәтижесінде оқу бағдарламасына сәйкес бір оқу жылында 4 топтама дайындалуы қажет. — Киім тігуді үйренудің қыз балаларға берері мол. Себебі мектеп қабырғасынан бастап қыз балаға тігу, тоқуды үйретуіміз керек. Бұл олардың болашағына үлкен азық болады. Топтамалар дайындау барысында оқушылар әдемілікке, ыждағаттылыққа, жан-жақты болуға үйренеді. Біздің студияда қыздар ғана емес, ер балалар да бар, — дейді студия жетекшісі.

Ақтөбе қаласындағы №63 орта мектептің оқушылары Ажар Көшербаева мен Милана Рахат «Defile» сәндік өнер студиясына биылғы жылы қабылданған. Аз уақыттың ішінде бірлесіп жұмыс жасап, байқауға маска мен көйлек әзірлеп, жаңа топтамаларын ұсыныпты. Нәтижесінде облыстың намысын қорғап, 1-орынды жеңіп алған.

Дизайн өнері — қазіргі таңда дамып келе жатқан өнердің бір түрі. Заман талабына сай бүгінгі күні жастар өнердің осы түрін көп таңдайды. Осының ішінде киім дизайны мен үшін өте қызықты. Сондықтан студияда сән, дизайн туралы мағлұматтар алумен қатар киім тігуді де үйреніп жатырмыз, — дейді Ажар Көшербаева.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Бүгінгі күні облыста 49 қосымша білім беру мекемесі бар. Оларда 42 437 оқушы қосымша білім алуда. Ал облыс бойынша жалпы білім беретін 410 мектеп бар. Оның 77-сі Ақтөбе қаласында болса, 333-і — облыс аудандарында. Оларда оқитын оқушылардың саны — 134 678. 

СУРЕТШІ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ…

Балалардың эстетикалық сезімін, көркемдік талғамын оятып, шығармашылық қиялын  дамытатын өнердің бір түрі — бейнелеу өнері. Бұл өнерді меңгерген балалар жарқын, әсем атаулының бәріне жәй ғана ұмтылып қана қоймай, сұлулықты жан дүниесімен қабылдайтын болады. Бейнелеу өнері оқушыларды алға қойған мақсатқа қол жеткізе білу, соған жету үшін кездескен қиындықтарды жеңе білу сияқты қасиеттерге тәрбиелейді. Шығармашылық академиясында осы бағытта бейнелеу өнер студиясы жұмыс жасайды. Бүгінгі күні студияда орыс және қазақ топтарында 143 бала қосымша білім алуда.

Бейнелеу өнері студиясының жетекшісі Салтанат Жайлыбаеваның айтуынша, биылғы оқу жылында үйірмеге қатысатын оқушылар халықаралық, республикалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

  • Студияда оқушылар көркем кескіндеме, мүсіндеме, графика, сән және қолданбалы өнер салаларын қамтитын, ұлттық дүниетанымға негізделген көркем өнер туралы білімдерін тереңдетеді. Өз қиялдарынан сурет салып, қызықты, әдемі дүниелер ойлап табады. Бейнелеу өнері сабағы бір жағынан, белсенділік, өз бетімен қиял, оймен жұмыс істеу сияқты шығармашылық ісәрекетті талап етсе, екінші жағынан, эстетикалық бағытқа тәрбиелейді. Біз осы тұрғыда балаларға еркіндік береміз. Олар еркін тақырыпта сурет салғанды ұнатады, — дейді С.Жайлыбаева.

Маржанбұлақ орта мектебінің 3-сынып оқушысы Гаухар Ерболат бейнелеу өнері үйірмесіне биыл қабылданған. Кішкентайынан сурет салуды ұнататын Гаухар биылғы оқу жылында «Оқу заман» қосалқы білім сайтының ұйымдастыруымен өткен «Қысқы қиял» атты балаларға арналған байқауда 1-орынды жеңіп алды. Ол байқауға «Қыстағы бұғы тіршілігі» атты жұмысын жолдапты.

Ал №21 орта мектеп-гимназияның 1-сынып оқушысы Көркем Төлеуғали биыл «Қысқы ғажайыптар» атты халықаралық, сондай-ақ республикалық «Атамекен» байқауына қатысып, жеңімпаз атанған. Өз тобындағы оқушылардың арасында еңбекқорлығымен ерекшеленген қаршадай қыз болашақта суретші болғысы келетінін айтады.

  • Мен адамдарды, табиғатты, жануарларды салғанды ұнатамын. Маған бұл жерде өзге оқушылармен бірге, бір топта жұмыс жасаған ұнайды. Мен бейнелеу өнерінен үнемі «бес» деген баға аламын. Үйде ата-анам мен ағам да сурет салады. Менің арманым — суретші болу, — дейді Көркем.

Сурет өнеріне деген ынтасы зор, қызығушылығы мол Көркем алдағы уақытта талай жарыстарда топ жарып, жеңіске жетуді армандайды.

Р.S. Өткен жылы облыс орталығында ашылған қосымша білім беру мекемесі бүгінде 6-17 жас аралығындағы балалардың танымдық қызығушылықтары мен шығармашылық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында жан-жақты жұмыс жасауда.

Орталықтағы педагогтар биыл Балалар жылында оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыруда жаңа бастамаларды жүзеге асырмақ.

Данагүл ҚАЗИХАН.   

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button