Басты жаңалықтарМереке

Мереке қарсаңындағы шуақты кездесу

8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әрқайсысы өз саласының үздігі ретінде танылған 40 әйел «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен «Көктем шуағы» атты салтанатты шарада бас қосты.

Салтанатты жиын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өтті.

Жиынға түрлі салаларда жемісті қызмет еткен еңбек ардагерлері, басшылық қызметтерде жүрген ханымдар мен қарапайым жұмысшы, дәрігер, мұғалім, т.б. мамандық иелері шақырылды. Ұйымдастырушылар ұрпақтар сабақтастығын да ойластырыпты: мұнда білім алып жүрген жастар да, тәжірибелі мамандар да, зейнеткерлер де болды.

Ал құттықтау сөз алған облыс басшысы алдымен:

— Бүгін бұл жерге өңіріміздегі ең белсенді қыз-келіншектер шақырылды, — деп атап өтті.

Сондай-ақ облыс әкімі:

— Қазір қыз-келіншектер барлық салада ер-азаматтармен бірдей еңбек етсе, ал отбасында, үйдегі тірлікте, бала тәрбиесінде әйел-аналар жүктің неғұрлым ауыр жағын көтеріп жүргені жасырын емес. Соған қарамастан, біздің арулардың қоғамдық өмірге де белсене араласатынына таңғаламыз әрі қатты сүйсінеміз. Мысалы, өткен жылы көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ұйымдастыру мақсатындағы жұмыстардың басы-қасында күні-түні жүрген қыз-келіншектердің күш-қайратына, ақ ниетіне, елдік іске деген жанашырлығына қалай сүйсінбессің?! — деді.

Сөзінің соңын ол ізгі тілектермен бітірді.

Сондай-ақ, жиында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы Шалқия Бақытжанова, білім саласының ардагері Инна Клявина, «Оксана» ұлттық-мәдени орталығының мүшесі Любовь Нешко, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің студенті, Тұңғыш Президент қоры стипендиясының иегері Ақерке Бейсенова, т.б. құттықтау сөз сөйлеп, өңіріміздегі, әр саладағы бүгінгі жаңалықтар, облыс басшылығы қолға алған бастамалар төңірегінде ой-пікірлерін жеткізді.

Ал соңынан салтанатты шара қонақтарына гүл шоқтары, «Ваниль» кондитер цехынан мерекелік сый мен «Француз үйі» сауда үйінен сертификаттар табысталды.

Айта кетелік, салтанатты шара облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, облыстық ішкі саясат басқармасының және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button