Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Жайлы жағдай жасау — тұрғындардың өз қолында

Қобда ауданының селолық округ тұрғындарымен кездесуі кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті халықты мемлекеттік бағдарламаларға белсенді түрде  қатысуға шақырды. Сондай-ақ, кездесу кезінде облыс әкімі ауыл тұрғындарына үйлердің тазалығы мен ауланың абаттандырылуына мән беріп, тал егу ісіндегі кемшіліктерді жою қажеттігін айтты.

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Қобда ауданында болды. Ауданға жасаған сапары кезінде облыс әкімінің жанында облыстық соттың төрағасы Мұратғали Әкетай, облыс прокуроры Марат Қайбжанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Қайрат Сөнтаев, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Әбисатов және өзге де құрылымдардың басшылары болды.

Облыс әкімі бастаған топ Талдысай селолық округіне барды. Қазір округте 949 адам тұрады. Мұнда 38 шағын және орта бизнес субъектісі, 4 ЖШС, 15 шаруа қожалығы жұмыс жасайды.

Облыс әкімінің жергілікті тұрғындармен кездесуі ауыл клубында ұйымдастырылды. Кездесу кезінде Бердібек Машбекұлы былтыр осындай кездесу кезінде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың  қанағаттандырылғанын, енді жайлы жағдайды өз беттерінше жасайтын уақыттың келгенін атап өтті.

Былтыр мен сіздерге келген кезде бірқатар мәселені көтерген едіңіздер. Соның ішінде, ауыл клубын жөндеу, ауызсу, жол, селолық әкімдіктің жоғын алға тарттыңыздар. Біз сіздердің өтініштеріңізге мұқият жауап бердік және қазір олар шешілді. Ауыл клубына күрделі жөндеу жүргізілді, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жалпы құны 73,5 миллион теңге болатын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақындады. Жаңа ғимарат барлық құрылыс, санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес келіп, сондай-ақ, заманауи қондырғылармен жабдықталмақ. Сонымен қатар, ағымдағы жылы елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету шарасы қабылданды. Бұл мақсатқа бюджеттен 300 миллион теңге қарастырылды, ауылдық жол құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілді. Біз Талдысай селолық әкімдігі ғимаратын салу мәселесін де шештік, — деді Бердібек Сапарбаев.

 

Кездесуде облыс әкімі тұрғындарға селолық округ иелігіндегі 33 мың гектар жерді мейлінше пайдаланып, суармалы жер көлемін ұлғайту қажеттігін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігу керектігін айтты.

Сіздермен кездесердің алдында мен ауыл ішін аралап көрдім. Ауылда тал жоқ, үйлердің сыртқы келбеті ауыл ажарын бұзып тұр. Мен былтырғы кездесуімде  сіздерге осы мәселелерді реттеу қажеттігін айтқанмен, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Тым құрығанда бір тал егіп, өз күштеріңізбен үйлердің сыртын әктеп, аулаларды ретке келтіруге болмас па еді? — деді облыс әкімі.

Бұдан әрі Бердібек Машбекұлы ауыл тұрғындарына өзімен бірге келген түрлі ведомство басшыларын таныстырып, оларға көкейде жүрген сауалдарын қоюға болатынын айтты.

Біздің делегация сіздерге арнайы келді. Сіздер осында-ақ өз проблемаларыңызды айтып, мәселеге қатысты нақты жауап ала аласыздар. Облыстық соттың төрағасы, прокурор және басқа да басшылар сіздерге күн сайын келе бермейді, — деп Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарын белсенді болуға шақырды.

Бердібек Сапарбаев бастаған топ Иманғали Білтабанов ауылдық округіндегі орта мектепті аралап, ауылдағы клубта тұрғындармен кездесті.

Құрамында 3 елді мекені бар округте бүгінгі күні 907 адам тұрады. Округте 2 ЖШС, 38 шаруа қожалығы, 28 жеке кәсіпкерлік бар. Ауылшаруашылық маңызы бар жер көлемі — 67 мың гектар.

Мен мектептеріңізде болып, оның жағдайын көрдім, — деді облыс әкімі тұрғындардың сауалдарына жауап бере отырып, аудан басшысына ескерту жасады. —  Мектеп мәселесін алдағы уақытта шешеміз, ескі ғимаратқа ақша жұмсаудың қажеті жоқ, дұрысы, жаңасын салу керек. Бұл мәселені жақын арада оқу ғимаратының жағдайын көрген соң комиссия шешеді. Айта кету керек, егер ауыл және аудан әкімдері осы мәселені тиісті деңгейде көтергенде, бұл проблеманы бұған дейін шешуге болатын еді. Ал газ тарту және жол мәселесіне келсек, мұны алдағы уақытта шешеміз.

Қобда ауылдық округінде облыс орталығынан барған топ Қобыланды батыр ескерткіші орнатылған сквер мен Исатай Тайманұлына арналған ескерткішті көріп, аудандық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті.

Бүгінде аталған округте 6 мыңнан астам тұрғын тұрады, 375 кәсіпкерлік кешен,  ауылшаруашылық маңызы бар 66 мың гектар жер бар.

Кездесу барысында ауыл ақсақалдары  Бердібек Сапарбаевқа облыстық бюджеттен ауданның дамуына 3 миллиард теңге қарастырылғаны  үшін өз ризашылықтарын білдірді.

Өздеріңізге белгілі, облыс аудандарында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында республикалық, кейін облыстық жұмыс топтары іс-шаралар өткізді. Бұл жоба ауыл тұрғындары үшін өте тиімді. Жоба бойынша 400 мың адамды қамтыған 7 мыңнан астам іс-шара өткізілді, 14,5 мың ақтөбелікке көмек берілді. Халық пен билік арасындағы өзара бірлескен жұмыстың нәтижесінде  қылмыс саны 28 пайызға дейін төмендеді. Бұл өте жақсы нәтиже, сондықтан осындай бірлесе атқарылған жұмыс кез келген қиындықты жеңуге мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі.

Кездесу соңында Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарына мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отырып, мал, өсімдік шаруашылықтарын, кәсіпкерлікті дамыту керектігін жеткізді.

Санат РАШ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button