Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

«Талант табиғаты — тегінен»

Белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, «көп толғанып, аз жазатын талғампаз талант» (Ә.Кекілбаев) Қажығали Мұханбетқалиұлы 75 жасқа толып отыр.

Ол — кезінде «жарты Жазушылар одағы» атанған Байғанин топырағының перзенті. Кеше Ақтөбедегі Студенттер сарайында жазушының мерейтойына орай «Талант табиғаты — тегінен» атты әдеби кеш өтті. Әдеби кешке облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған облыс және Ақтөбе қаласы басшылары, зиялы қауым өкілдері, студенттер, қалың оқырман қатысты.

Студенттер сарайының фойесінде жиналғандар назарына Ақтөбедегі кітапханалар ұйымдастырған Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығына арналғанкітап көрмесі, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің концерті ұсынылды.

Кешті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді. Кешті аша отырып сөйлеген сөзінде ол:

— Ығылман Шөрековтің: «Ер қамын жеген ерлердің, Сөз білген жанда хақы бар» — деген терең мағыналы сөзі бар. Қаламгер Қажығали Мұханбетқалиұлы да тарихымыздағы даңқты тұлғаларды ескерусіз қалдырмауды парыз деп біліп, Сырым Датұлының күрес жолын паш ететін «Тар кезең» атты роман жазғанын білесіздер. Бұл туынды 2014 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Қажығали Мұханбетқалиұлы — туған жері ерекше мақтан тұтатын қаламгер, — деп атап өтіп, жазушыны сахна төріне шақырды.

Жиналғандар жазушыға орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтап құрмет көрсетті.

Мерейтой иесі жерлестерінің қошеметіне толқи отырып:

— Туған жер — қасиетті ұғым. Туған жердің топырағы, ауасы, жайқалған гүлі, ұшқан құсы, жүгірген аңына дейін адамның бүкіл болмыс-бітіміне өз ізін, әсерін қалдырады. Мен туған жеріме жиі келемін. Осы жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан бастау алған «Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Туған жер» форумына қатыстым. Жан-жақта, еліміз ғана емес, тіпті әлемнің әр түкпірінде жүрген ақтөбелік азаматтар туған жерде бас қосты, туған өлкенің қалай өркендеп жатқанын өз көздерімен көрді, одан әрі өркендету жолында қандай үлес қоса алатындарын ойласып, ақылдасты. Бұл аймақтың бүгініне, болашақ тыныс-тірлігіне серпін беретін айтулы оқиға болды. «Туған жер» форумына оқырмандармен, жас таланттармен кездесулер өткізіп, мен де өз үлесімді қостым. Ал бүгін алдарыңызға мерейтойыма орай, жұртшылықтың өтініші бойынша келіп отырмын, — деді.

Алғашқы құттықтау сөз облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа берілді.

— Әр халықты әлемге өз ортасынан шыққан таланттары — ақын-жазушылар, өнер иелері, спортшылар танытады. Ұлт үшін, әсіресе, туған әдебиеті — рухани қуат көзі, сарқылмас рухани азығы. Осы орайда, Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» туындысы — әдебиетіміздің мақтанышы. Отаршылдыққа қарсы күрестің бастауында тұрған тұлғалардың бірі —Сырым Датұлының өмір жолын,  күрескерлік тұлғасын зерттеу, арман-мақсаттарын бүгінгілерге, болашақ ұрпаққа жеткізу үшін жазушы талмай еңбектенді. Талай жылдарын архив құжаттарын ақтарумен өткізді. Оның қаламгер ретінде халқының алдындағы борышын өтеу жолындағы осы қажырлы еңбегін жастар білуі, үлгі тұтуы керек. Сонымен бірге, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының өз туған жеріне деген сүйіспеншілігін де ерекше айтқым келеді. Оның туған жерге жиі келетінін, осындағы істерге мүмкіндігінше үлес қосуға ұмтылатынын мен жақсы білемін, бұған талай куә болдым, — деп атап өтті облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев жазушыны барлық жерлестері атынан мерейтойымен құттықтап:

—Алла әрдайым абырой беріп, аруақтар қолдасын! Бізді жақсы шығармаларыңызбен қуанта беріңіз, — деп, ақ тілегін жеткізді. Облыс басшысы жазушыға шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.

Бұдан соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 4-курс студенті, жас ақын Қайырхан Жұбаниязов кеш иесін жыр шумақтарымен құттықтады.

Белгілі ақын, көсемсөзші, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығы туралы ой-пікірлерін ортаға салды:

—Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Тар кезеңге» дейін де Қажығали Мұханбетқалиұлы әңгіме жанрының шебері ретінде мойындалған еді.Ол — қазақ прозасын жаңа биікке көтерген буынның өкілі. Әдеби сынға да жиі араласты. Өз өнегесімен де, қаламымен де әдебиетіміздің бүгінгі биігіне үлкен үлес қосты, — деді.

Өз сөзінде ақын Мейірхан Ақдәулетұлы жастарды әдебиетке жақын болуға шақырды:

— Әдебиет — өмір оқулығы. «Үстінде тұрып алтынның, өзгенің күмісіне таңғалдық» — деп Есенғали ақын айтқандай, басқаның руханиятын таңсық көрер жөніміз жоқ. Біздің өз әдебиетіміз, өз ұлттық құндылықтарымыз ғана жастарға адастырмас рухани қазық бола алады, — деді.

Кеште, сондай-ақ, Байғанин аудандық мәслихатының хатшысы Бақтыгерей Тұрлыбаев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Қуанышбек Шүңкеев, т.б. құттықтау сөз сөйледі. Белгілі күйші Жайлау Асылханов Қазанғап күйлерін, Орал Байсеңгір Н.Жүсіповтің «Құтты мекен — Ақтөбе» әнін, Марат Әйтімов Қ.Қожанбаевтың «Ризамын тағдырға» әнін, әнші Мәншүк Мұқанова Ғ.Құрманғалиевтің әндерін тойға тарту етті, сондай-ақ, «Аққу» би ансамблі өнер көрсетті.

Кеш соңында Қажығали Мұханбетқалиұлы оқырмандар сауалдарына жауап берді.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button