Құқық

Қаруланып, қабан атып…

Өткен жылы Қазақстан Республикасы аумағында 2000-нан астам заңсыз аң аулау фактілері ресми тіркеліп, 105 қылмыстық іс қозғалса, 2205 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Заңсыз аң аулаған 897 адамнан 3 500-ден астам құқық бұзушылық құралы алынса, оның ішінде 1 067-і суық қару болған.

Байғанин аудандық сотында қаралған аңшылар мен балықшылардың облыстық ұйымының басшысына қатысты қылмыстық істің қозғалуына былтырғы жылдың бесінші желтоқсанында орын алған жағдай себеп болған еді.

Айыптау қорытындысына сай, осы күні Анатолий Н. бастаған төрт адамнан тұратын топ облысымыздың Байғанин ауданының Шыжын елді мекені маңында 10 қабанды атып алған. Тергеу құжаттарында бұл жердің арнайы сақтау қорығына енетіндігін, аң аулауға қатаң тыйым салынғанын біле тұра, Анатолий Н. басқа топ мүшелерін ертіп келіп, заңды өрескел бұзғаны көрсетілген. Бір емес, бірден он қабанды атып алып, арнайы жүк көліктеріне тиеген топ мүшелері қасындағы аңшылар мен балықшылардың облыстық ұйымының басшысына сенген болуы керек, арнайы киім киіп, қаруланып, дайындалып шыққан. Аталмыш топтың іс-әрекетінен келген шығын 2 592 000 теңгеге бағаланды.

Аталмыш іс бойынша үкімді Байғанин аудандық соты 10 наурызда жариялап, Анатолий Н. ҚР қылмыстық Кодексінің 288-бабының 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен Анатолий Н. мүлкін тәркілей отыра, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.Үкімге 15 күннің ішінде шағым келтірілуі мүмкін.

Нұрлан КҮНТУОВ,

облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button