Құқық

Сот жүйесі: қандай өзгерістер енгізілді?

Еліміздің сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша 2009 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс  жүргізу  және  Азаматтық іс жүргізу Кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңы қабылданып, аталған заң 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа заңның негізгі мақсаты — іс жүргізу заңнамаларын «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына енгізілген өзгерістермен үйлестіру, үш сатылық сот жүйесін қалыптастыру.

Осы орайда, барлық істер бірінші сатылы аудандық, қалалық және оларға теңестірілген соттарда қаралады. Сонымен қатар жаңа заңға сай, облыстық және оларға теңестірілген соттардың құзыреті және өкілеттігі ауқымды түрде өзгертілді. Мысалы, облыстық және оларға теңестірілген соттардың бірінші сатыда немесе қадағалау тәртібіндегі істерді қарау өкілеттігі көзделмеген. Жаңа тәртіп бойынша облыстық соттар істерді апелляциялық және кассациялық тәртіппен ғана қарайтын болады. Ал қадағалау тәртібіндегі істерді қарау тек қана Жоғарғы сот құзырында.

Қылмыстық, азаматтық істер бойынша процеске қатысушы мүдделі тұлғалар, заңда көрсетілген жағдайда олардың өкілдері, қорғаушылары, сондай-ақ прокурор бірінші сатыдағы соттың заңды күшіне енбеген сот актісімен (үкім, шешім, қаулы және ұйғарыммен) келіспеген жағдайда он бес тәулік ішінде облыстық және оларға теңестірілген соттарға апелляциялық (жеке) шағым (наразылық) беруге құқылы деген сөз.

Жаңа заң апелляциялық сатыдағы сот ролін ауқымды түрде күшейтіп, Қазақстан толыққанды апелляциялық сатыдағы сотты қолданысқа енгізіп отыр.

ҚР ҚІЖК-нің 405-бабының талабына сәйкес, апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық шағымдар, наразылықтар бойынша істе бар және қосымша табыс етілген, апелляциялық сатының отырысында зерттелген материалдар бойынша істің нақты мән-жайы анықталуының, іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңы нормаларының сақталуын бірінші сатыдағы сот үкімінің немесе қаулысының заңдылығы мен негізділігін толық көлемінде тексереді. Сондай-ақ апелляциялық сатыдағы сот істі қараған кезде үкімнің азаматтық талап қою бөлігінің заңдылығын, негізділігін де тексереді, қылмыстық және қылмыстық істер жүргізу кодекстерінің талаптарын сақтай отырып, тиісті шешім қабылдайды.

Ағымдағы жылдан бастап енген тағы бір жаңалық – бірінші сатыдағы сот шешіміне апелляциялық шағымдарды немесе наразылықтарды облыстық соттың судьясы жеке-дара қарап, шешім қабылдайды. Апелляциялық тәртіппен келіп түскен іс бір айдан кешіктірілмей қаралуға тиіс. Сот негізге алар ретінде танылған себептер болған жағдайда бұл мерзім іс жүргізіліп жатқан апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы бойынша бір айға ұзартылуы мүмкін. Қажет болған жағдайда істі апелляциялық сатыда қарау мерзімін одан әрі ұзарту тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың алқа төрағасының қаулысы бойынша жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта ҚР ҚІЖК-нің 446-1-бабының (10.12.2009 жылғы редакциясы) қағидалары бойынша облыстық соттың кассациялық алқасы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың істерді алқабилермен қараған кезде шығарған, заңды күшіне енбеген үкімдерін (қаулыларын), сондай-ақ облыстық және оған теңестірілген соттың осы Кодекстің 423-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген қаулыларды қоспағанда, істі апелляциялық тәртіппен қараған кезде шығарған үкімдері мен қаулыларын ғана қарауға өкілетті.

Кассациялық сатыдағы сот үкімді (қаулыны) шығарған соттың қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарының нормаларын cақтауын тексереді және соның негізінде үкімнің (қаулының) заңдылығын және негізділігін тексереді. Кассациялық сатыда істі кассациялық алқаның үш судьясы қараса, оның біреуі төрағалық етуші болып табылады.

Іс кассациялық сатыға келіп түскен күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қаралуға тиіс. Бұл мерзім істің қиындығына немесе көлемінің үлкендігіне байланысты, сондай-ақ өзге де дәлелді себептер болған кезде істі қарайтын соттың қаулысымен, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.

Ал ҚР ҚІЖК-нің 458-бабының 1-бөлігінің 1-тармағының (10.12.2009 жылғы редакциясы) талабы бойынша, заңды күшіне енген бірінші және апелляциялық соттардың үкімдері мен қаулылары, кассациялық сатыдағы соттың қаулылары сот қадағалау тәртібімен қайта қаралуы тікелей Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының құзырында.

Мемлекеттік айыптаушының және жеке айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына және оның мерзімін ұзартуға санкция беру мәселелері бойынша, анықтауды немесе алдын ала тергеудi жүзеге асыратын тұлғалардың iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне немесе прокурордың iстi алдын ала тергеу сатысындағы iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне берiлген шағымдарды шешу жөнiнде шығарылған, заңды күшiне енген сот қаулылары қадағалау тәртiбiмен қайта қаралуға жатпайды.

Сонымен қатар, қылмыстық және азаматтық істер бойынша заңды күшіне енген сот актілері (үкімдер, шешімдер, қаулылар, ұйғарымдар) 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап процеске қатысушылардың өтініштері бойынша қадағалау тәртібінде тек қана Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қадағалау алқасында қаралуға жатады. Азаматтық және қылмыстық істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарауға облыстық соттың құзыреті жоқ. Осыған байланысты, қадағалау шағымдарды ҚР Жоғарғы сотының қадағалау алқасына жолдау қажеттігін тағы бір мәрте ескерткім келеді.

Руслан ЖАНЫСБАЕВ,

облыстық соттың судьясы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button