Құқық

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Қайным үйімізді тартып алмақ

Күйеуіміз екеуміз бірнеше жыл бұрын «Халық банкінің» қаладағы филиалынан ипотекаға келіскен несиемізге 3 бөлмелі пәтер алғанбыз. Бір жылдан кейін келісім-шарт арқылы осы несиені «Казкоммерцбанкке» төлейтін болдық. Сол кезде құжат толтырып жатып, жеке бір жағдайлармен әлгі пәтерді қайнымның атына аударып қойдық. Бірақ өз арамыздағы ауызша келісім бойынша үй бәрібір өзіміздікі және оған төленетін ақшаны да осы күнге дейін өзіміз аударып жүрміз. Тек үй құжаттары ғана қайнымның атында. Ал енді банкке төлейтін несиеміз еңсеріліп, түбі де көріне бастағанда қайным күйеуіміз екеуімізге «үйді босатыңдар» деген шатақ шығарып жатыр. Айтуынша, бизнеспен айналыспақшы екен. Сол үшін біз отырған осы пәтерді сатуды көздейді. «Пәтер менің атымда, сендер ештеңе істей алмайсыңдар» дейді өзі. Адамгершілік те, туысқандық қатынас та, тіпті ағасы алдындағы ұят, інілері алдындағы жауапкершілік те оған қазір бір тиын. Ал біз енді не істерімізді білмей отырмыз. Айтыңызшы, қайтсек пәтерді өз атымызға аударып ала аламыз? Қайным оған оңайлықпен көнетін емес, оны мақұлдататын амал бар ма? Банкке ақшаны қайным емес, өзіміз төлеп келгенімізді дәлелдесек, шындыққа жете аламыз ба?

Гүлмира,

Ақтөбе.

Бұл істің түйіні сіздер үшін оңайлықпен шешіле қоймайды. Себебі, өкінішке орай, пәтерді қайныңыздың атына өз еріктеріңізбен аударғандықтан, бұл жерде сіздерге заңның көмекке келуі қиын. Сіздер банкке ақша төлегенде алған түбіртектеріңізде өз қолдарыңыз тұрғанымен, ипотекалық несие төлемдері қайныңыздың атынан түсіп жатса және қайныңыз бен сіздердің араларыңызда оны төлеу шарттары жөнінде жазбаша дербес келісім болмаса, жағдайларыңыз шынында да күрделі. Тіпті, ол жігіт «үйді босатсын» деп сотқа арыз түсіретін болса, құжат жүзінде басқадай дәлел-тіректеріңіз болмаса, амал жоқ, оның талабын орындауға тура келеді. Сондықтан сотқа жүгінісіп әуре болғанша, бұл мәселені әлі де ағайын-туыстық түсінушілікпен шешуге тырысқан абзал. Өйткені заң жүзінде үйдің сіздердікі екенін бәрібір дәлелдей алмайтындарыңызды айтуларыңызға қарағанда қайныңыз біліп тұрған сияқты.

Автокөлігіміз тәркілене ме?

Күйеуім жаза басып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Менің атыма сатып алынған жеңіл автокөлігімізді нотариатта куәландырылған сенімхат арқылы сол айдайтын. Тергеуші оған тоқтам (арест) салып, ешкімге сатқызбайтын, еш нәрсеге айырбастатқызбайтын етіп қойды. Егер оның кінәсі мойнына қойылып, сот айыптау үкімін шығарса, автокөліктің тәркіленіп кетуі мүмкін бе?

Жадыра.

ҚР Қылмыстық кодексінің 51-бабында мүлікті тәркілеу дегеніміз — сотталған адамның меншігі болып табылатын мүліктің бәрін немесе бір бөлігін мемлекеттің меншігіне мәжбүрлеп өтеусіз алу екені көрсетілген.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін (сотталған адамның қылмыс жасалғанға дейінгі адал жолмен иеленген меншігінен басқа), қылмыстық жолмен алынған немесе қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған, сотталған адамның басқа адамдардың меншігіне берген мүлік те заңнамада белгіленген тәртіппен тәркілеуге жатады.

Мүлiктi тәркiлеу пайдакүнемдiк ниетпен жасалған қылмыс үшiн белгiленедi және осы Кодекстiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда ғана тағайындалуы мүмкiн. Есіңізде болсын, мүліктің тәркіленуі сот үкімімен ғана белгіленеді. Егер сот тергеуі барысында сіздің атыңызға сатып алынған автокөліктің қылмыстық жолмен алынған қаражатқа қатысы жоқтығы нақтыланса, қауіптенбеуіңізге болады. Онда жұбайыңыз сіздің сенімхатыңыз арқылы жүргізіп жүрген машина тәркіленуге жатпайды.

Компьютерді өз мақсатыма пайдаланып едім…

Жұмыстан кейін кеңседе қалып, қызметтік компьютерді өз мақсатыма пайдаланып жүретінім рас еді. Соны байқап қалған басшылықтың қырына іліктім. Енді осыны негізге алып, мені жұмыстан шығарып жіберулері мүмкін бе?

Ж. Бақытжан.

Еңбек кодексінің 54-бабында жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзудың негіздері санамалап көрсетілген. Сіздің әрекетіңіз ол баптың бірде-бір тармағына «ілікпейді». Дегенмен, еңбек заңдылығы жұмыс берушіге қызметкерлердің жұмыс орындарында қызметтен тыс уақытта болуына тыйым салуына да мүмкіндік береді. Егер ішкі Еңбек тәртіптемесінің ережелерінде және де бәлкім, сізбен жасасқан Еңбек шартында ондай тыйым көрсетілген болса,  тәртіптік жазаға тартылуыңыз әбден ықтимал. Еңбек тәртіптемесінің ережелерін орындау екі жаққа да бірдей — жұмыс берушілерге де, қызметкерлер үшін де міндетті болып табылады (69-бап).

Мына телефондар бойынша хабарласуларыңызға болады:

8 (7132) 51-04-13, 8-702-318-04-13.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button