Ресми

Астана қаласындағы «Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезіңінде көліктік қамтамасыз ету және қозғалысты ұйымдастыру жөніндегі ақпарат

Қалалық қажеттілік шеңберінде қоғамдық көліктің қолжетімділігін қамтамасыз ету (ескірген және жарамсыз автобустарды істен шығаруды есепке алумен), сондай-ақ «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне  қатысушылар мен келушілерді көлікпен ойдағыдай қамтамасыз ету, халықаралық және өңірлік делегациялар үшін тапсырысты автобустарды ұйымдастыру мақсатында 423 автобус (оның ішінде 270 — қалалық, 110 — жұмсақ және 43 — мектептік) сатып алынды.

Қолданыстағы маршруттар күшейтіледі, бұл қозғалыс аралығын  10-15 минуттан 5-7 минутқа қысқартуға мүмкіндік береді. Жолаушылар тасымалдарының сапасы мен қауіпсіздігін жоғарылату үшін көлік легін басқарудың бірқатар жаңа тәсілдері енгізіледі.

«ЭКСПО-2017» қарсаңында Астананың көше-жол желісінің 12 жаңа учаскесіне «BusLane» қоғамдық көлік жолақтары енгізіледі:

Биыл  20 мамырдан бастап 3 учаскеде: Сарыарқа даңғылы бойынша (Бөгенбай батыр даңғылынан көпірге дейін); Тұран даңғылы бойынша (көпірден Керей, Жәнібек хандар көшесіне дейін); Бейбітшілік көшесі бойынша

(І.Есенберлин көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейін);

Биыл 27 мамырдан бастап 6 учаскеде: Тәуелсіздік даңғылы бойынша (А.Пушкин көшесінен Б.Момышұлы даңғылына дейін); Сарайшық көшесі бойынша (көлік жол айырығынан Қабанбай батыр даңғылына дейін); Ж.Тәшенов көшесі бойынша

(А. Бараев көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейін); М.Жұмабаев даңғылы бойынша (Қажымұқан көшесінен Р.Қошқарбаев даңғылына дейін); Қабанбай батыр даңғылы бойынша (Сығанақ көшесінен айналма жол айырығына дейін); Орынбор көшесі бойынша (Ш.Айтматов көшесінен Тұран даңғылына дейін);

Биыл  3 маусымнан бастап 3 учаскеде: Ж.Нәжімеденов көшесі бойынша

(Ш.Қалдаяқов көшесінен Обаған көшесіне дейін); Республика даңғылы бойынша («Самал шағын ауданы» аялдамасынан Бөгенбай батыр даңғылына дейін);

А.Байтұрсынұлы көшесі бойынша (Р.Қошқарбаев даңғылынан Сарыкөл көшесіне дейін).

Аталған шешім қозғалыс қауіпсіздігін жоғарылатады, автобустардың жүру жылдамдығын 20 пайызға арттырады, тиісінше жолаушылардың аялдамаларда күту уақыты біршама қысқарады.

Анықтама ретінде: бөлінген қосымша жолақтар мынадай учаскелерге енгізілген:

А.Пушкин көшесінен Таха Хусейн көшесіне дейінгі А.Кравцов көшесі бойынша, Тәуелсіздік даңғылынан Абылай хан даңғылына дейінгі Қажымұқан көшесі бойынша, Ш.Бейсекова көшесінен Ж.Нәжімеденов көшесіне дейінгі Сығанақ көшесі бойынша.

Ұзақтығы: 1-учаскенің — 0,92 км (10 бағдар немесе 2159 автобус); 2-учаскенің —  1,59 км (14 бағдар немесе 2525 автобус); 3-учаскенің — 6,65 км (7 бағдар немесе 1321 автобус).

«BusLane» жобасының мақсаты — жолаушылардың сапарына қолайлы жағдай жасау және қоғамдық көліктің қозғалысына басымдылық беру. Мамандардың бағалауы бойынша аталған жаңа енгізілім: қозғалыс кестесін реттеуге; кесте бойынша бұзушылықтар санын төмендетуге; автобус жүргізушілерінің тәртібін және қозғалыс қауіпсіздігін жоғарылатуға; автобустардың жүру жылдамдығын 20 пайызға  арттыруға мүмкіндік береді.

Апаттылықты төмендету және өткізу қабілетін арттыру бойынша әлемдік тәжірибеде қосымша шаралар ретінде кеңінен қолданылатын, айналма жол айырығынан Сығанақ көшесіне дейінгі учаскеде Қабанбай батыр даңғылы бойынша сол жақ бұрылыстарға уақытша тыйым салу енгізу жоспарлануда.

«ЭКСПО-2017» өткізу кезеңінде қаланың көлік желісіне түсетін жүктемені азайту үшін жаңа 7 «Shuttle Bus» маршруттарын енгізу жоспарлануда, оларға отандық құрастырылымды «Iveco Urbanway» маркалы 167 автобус қызмет көрсететін болады. Олардың қозғалыс аралығы — 5-7 минут. Аталған маршруттарда аялдамалардың саны аз болады (орташа алғанда 8).

«Shuttle Bus» маршруттары «ЭКСПО-2017» көрме орталығын қаланың шеттегі аудандарымен байланыстырады және көпшілік баратын негізгі пункттер — қонақүйлер, жинақтау тұрақ орындары, ірі сауда орталықтар арқылы өтеді. Бір сапардың құны — 150 теңге.

Сауда орталықтарының негізінде халықаралық автобус сапарларына қызмет көрсетуге арналған көлік хабтарын құру жоспарлануда.

Астанаға күн сайын 13 аймақтан (Атырау, Маңғыстау облыстарынан басқа) 118 рейс жасалады, оның ішінде 65-і — қосымша.

Қолданыстағы «Сапаржай Астана» автовокзалы ағымдағы облыс аралық рейстерге қызмет көрсетеді (күніне шамамен 53 рейс).

«Алай» сауда орталығының көлік хабы күнделікті Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Павлодар, Талдықорған, Орал, Ақтөбе және Өскемен қалаларынан келетін 37 қосымша облысаралық рейстерге қызмет көрсетеді.

«КеңМарт» көлік хабы Алматы, Қарағанды қалаларынан және Алматы облысынан келетін 28 қосымша рейске қызмет көрсетеді.

Әрбір сауда орталығының аумағы жолаушыларды отырғызу және мінгізу аймақтарымен, билет кассасымен, күту залдарымен жабдықталады.

Қолайлы тұрақ орны кеңістігін ұйымдастыру жоспарланған. «ЭСКПО-2017» аумағында шамамен 6 мың тұрақ орны қарастырылған.

«Shuttle Bus» маршруттарын енгізуді ескере отырып, күзет бекетімен, ақпараттандыру жүйесімен жабдықталатын 14 жинақтау тұрақ орнын ұйымдастыру жоспарлануда. Жинақтау тұрақ орындары тегін болады.

Анықтама ретінде: 7 «Shuttle Bus» маршруты:

№ 500 — Астана халықаралық әуежайы — «Нұрлы жол» теміржол вокзалы;

№ 501 —  «Рахмет» сауда, ойын-сауық орталығы — клиникалық-сауықтыру орталығы;

№ 502 — теміржол вокзалы (ескі) — «Арнау» тұрғын үй кешені;

№ 503 — «Алай» сауда орталығы — «Арнау» тұрғын үй кешені;

№ 504 —  «Достар-1» тұрғын үй кешені — клиникалық-сауықтыру орталығы;

№ 505  — «Нұрлы жол» темір жол вокзалы — «Арнау» тұрғын үй кешені;

№ 506 — «КеңМарт» сауда орталығы — «Қазанат» ипподромы.

Жүк көлігінің қозғалысына шектеу қою жобасы жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайту және қаланың экологиялық құраушыларын жақсарту мақсатында әзірленген. Көлік легінің қауіпсіздігі мен орташа жылдамдығына жүк көлігінің әсері жылдамдығының төмендігіне, ақырын қимылдауына және ірі көлеміне негізделген. Қала шекарасындағы жүк көлігі құралдары легінің көбеюінен тікелей көлік құралының салмағына байланысты жол төсемі тез тозады.

Жүк көлігінің жүрісіне шектеу қою сағат 6.00-ден 23.00-ге дейін 3,5 тонна рұқсат етілген барынша салмағымен 3.4 «Жүріске тыйым салынған» тиісті белгісімен шартталған Астана қаласының жүктемелі учаскелеріне кіруіне тыйым салуды қарастырады.

Қозғалысты шектеуді енгізу мынадай бірқатар проблемаларды шешеді: сансыз кептелістер мен іркілістер; жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі; рұқсат етілген нормативтік шектен тыс пайдалануға байланысты автомобиль жолдарының тозуы; Астана қаласының экологиялық ортасына теріс әсер етуі.

Сағат 23.00-ден 6.00-ге дейінгі жүк көлігі құралдарының рұқсат етілген жүру уақыты кәсіпорындардың коммерциялық қызметін іске асыру үшін баламалы таңдау қалдырады. Шектеу қою апаттық, құтқару, тазалау қызметтерінің көлік құралдарына, асфальт төсеудің және бетон тасымалдаудың үздіксіз технологиялық циклін қамтамасыз ететін көліктеріне таралмайды.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button