Басты жаңалықтар

Премьер-Министр облыста жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік жаңғырту бағдарламасының орындалуына арналған жиынға қатысты. Басқосуға аудан әкімдері, денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет саласының басшылары, қызметкерлері жиналды.

Кездесу алдында Үкімет басшысы Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданында салынып жатқан облыстық Оқушылар сарайының құрылысымен танысты.

Алдымен сөз алған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев біздің облыста жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.

Кешеден бері Ақтөбенің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып жатырмыз. Жасалып жатқан жұмыс көп. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ақтөбе облысында жасалып жатқан жұмыстарға жаның сүйсінеді. Жыл сайын Ақтөбеге келемін. Әр келген сайын ел игілігі үшін  жасалған, қолға алынған көптеген жұмыстардың куәсі боламын. Бұл — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларының жоғары деңгейде орындалып жатқанының айғағы. Сондай-ақ, өңір экономикасының қарқынды дамуының, халықтың әл-ауқатының  артуының көрсеткіші. Бердібек Машбекұлына, ақтөбеліктерге ризашылығымды айтамын, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Жиында Үкімет басшысы Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жасалып жатқан жұмыстарға да көңілі толатынын жеткізді.

Үкімет басшысы әлеуметтік саланы бәсекелестік ортада дамытуға болатынын айтты. Сонда ғана бұл салаларға мемлекет жауапты деген түсініктен арылуға болады. Бастысы — кәсіпкердің ісін жүргізуге мүмкіндік беру, қолайлы жағдай жасау.
Кәсіпкер мемлекеттік тапсырыс арқылы пайда табады. Жалпы, кәсіпкерлер әлеуметтік салаға қорықпай-ақ инвестиция құюларына болады. Өйткені адам капиталын дамыту — мемлекеттің басты байлығы. Ал адам капиталы үшін бұл саланың маңызы зор, — деді Үкімет басшысы.

Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы туралы жан-жақты баяндады.

Мемлекет басшысының, Үкімет басшысының тапсырмаларын орындау — біздің ең басты міндетіміз. Бірінші тоқсандағы өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен болмайды. Жалпы экономиканың дамуы 3 пайыздың деңгейінде болады. Жылды да осындай көрсеткіштермен аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі білім беру саласындағы жетістіктерді де тілге тиек етті. Қазір балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші — 96 пайыз. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында жаңа балабақшалар салу арқылы 2019 жылға дейін балабақшамен қамтуды толықтай орындау жоспарланып отыр. Апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі келесі жылы шешіледі. Үш ауысымда оқытатын мектептер 2019 жылы жойылады.

— Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы айырманы жоюда Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін пайдаланамыз, — деді өңір әкімі.

Жиында сөз алған  Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Тамара Дүйсенова наурыздың 1-інен бастап «Азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы іске асырыла бастағанын айтты.

Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты — азаматтарды еңбек нарығына қажетті мамандықтарда оқыту, несие беру арқылы өз жұмысын ашуға мүмкіндік жасау.

Бағдарлама үш бағытта жүзеге асырылады. Біріншісі — жаппай оқыту және соның нәтижесінде жұмысқа орналастыру. Екіншісі — оқуды тәмамдаған азаматтарға несие беру, сөйтіп, өз кәсіптерін ашуға көмек көрсету. Үшіншісі — әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың мүшелеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Тамара Дүйсенова.

Одан кейін сөз алған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім саласындағы өзгерістерді, жаңа жобалар туралы жан-жақты айтып берді. Балабақшаларға жолдама беруді автоматтандыру қалай жоспарланып жатқанын, нөлінші сыныпты оқыту бағдарламасының қалай енгізілетінін түсіндіріп берді. Сондай-ақ, министр мектептерде қазақ тілін оқыту мәселесін де тілге тиек етті.

Қазір ұлты қазақ балалардың 90 пайызы (!) ана тілінде білім алады. Дегенмен, орыс мектептеріндегі 500 мыңнан астам баланың қазақ тілін білмейтіндігі өзекті мәселе болып отыр. Біз бұл мәселені шешу мақсатында арнайы әдістеме әзірледік. Бұл әдістеме пилоттық жоба ретінде еліміздегі 100-150 мектепке енгізілетін болады, — деді Ерлан Сағадиев.

Жиын барысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі бағыттарын түсіндірді.

Басқосу барысында жиынға қатысушылар министрлерге сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Жиынды Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев түйіндеді. Ол өз сөзінде Ақтөбе еліміздегі төрт ірі агломерация қатарына енген шаһардың бірі екендігін, мұның облыс үшін үлкен абырой болуымен қатар, жауапкершілік жүгі де ауыр екендігін тілге тиек етті.

— Ақтөбе облысының әлеуеті жоғары. Экономикалық көрсеткіштері көңіл қуантады. Мұнда Елбасы міндеттеген тапсырмалар жүйелі орындалып жатыр, —деді Бақытжан Сағынтаев.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button