Басты жаңалықтар

Биыл 700 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болады

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты.

Құрылыс басында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Премьер-Министрге «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тез салынатын, аз қабатты несиеге берілетін тұрғын үй құрылысының барысы мен пилоттық жобаны және оның ерекшеліктерін, ондағы пәтерлердің сапасы туралы баяндады. Бұл — республика бойынша Ақтөбеде бірінші болып жүзеге асырылып жатқан жоба.

Бердібек Машбекұлының айтуынша, тұрғын үй құрылысына пайдаланылатын материалдардың 65 пайызы — жергілікті кәсіпорындарда өндіріледі.

Биыл облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 500-ге жуық аз қабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған 700-ден астам отбасыны қолайлы баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрине, бұл өңір үшін ерекше өзектілікке ие мәселе. Өйткені, Елбасының тапсырмасы бойынша, өңірде ауқымды агломерация дамып, Ақтөбе қаласы заманауи урбанистік орталыққа айналуы тиіс.

Басты мақсат — «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша осы мақсатқа көзделген жерлерді құрылысқа толығымен пайдалану.  Қазіргі таңда бұл маңда 7 мердігер мекеме жұмыс жасап жатыр. Тамыз айына дейін аталған бағдарлама аясында 480 үйдің құрылысын бітіруіміз керек. Бұлар — үш, екі және бір қабатты тұрғын үйлер. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары басталды. Бұл үйлерге жер алу, үй алу кезегінде тұрған адамдар қол жеткізеді. Олар — «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары. Біз аталмыш жоба аясында сапалы материалдардан қысқа мерзім ішінде баспана сала аламыз. Біздің 3-4 жылдың ішінде Қазақстанда баламасы жоқ қалашық тұрғызуға жақсы мүмкіндігіміз бар. Барлық ахуалды ескеру қажет, тұрғын үйлердің шаршы метр құны кезекте тұрғандар үшін қолжетімді болуы шарт. Ол үшін біз әрбір отбасын зерттеп, отбасы мүшелерінің алатын табысына дейін анықтадық. Салынатын үйлердің шаршы аумағы 120 мың теңгеден аспайды. Бұл үйлер блоктан, кірпіштен және газоблоктан салынады. Мұндағы негізгі оператор — үй құрылысы комбинаты. Яғни, бұл компания блок жасап шығарады, дайын үй тұрғызады. Үйлердің тұрғызылу мерзімі — 3 ай. Бұл тек халықтың баспана мәселесін шешіп қана қоймайды, сонымен қатар үй құрылысы комбинаты мен жергілікті өндірушілердің жұмысын 100 пайызға қамтамасыз етеді, — деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімінің айтуынша, жоспар бойынша бұл маңда 100 мыңнан астам халық тұрады.

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруды Үкіметтің таяу келешектегі басымдықты міндеттерінің бірі ретінде атап көрсеткен. Себебі бұл бағдарлама алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Айта кету керек, бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары қамтылған. Бұл — құрылыс салушылар үшін мемлекеттің субсидиялауды ұсынуы есебінен банк несиелерін арзандату, сонымен қатар халыққа арналған ипотекалық несиелерді субсидиялау.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қазір Ақтөбе өңірінде 20-дан астам ірі компания «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысуға әзір. Бүгінгі күні «Танхаус» түріндегі үш қабатты үйлердің құрылысымен «Үй құрылысы комбинаты», «Соллерс», «Крост», «Жидель+» серіктестіктері мен «Нектар» өндірістік кооперативі, «Досқалиев» жеке шаруашылығы айналысып жатыр. Қазіргі таңда мердігерлер бұл маңда алаңдарды қоршап, вагондарды орнату, жер қазу жұмыстарымен айналысып, құрылыс материалдарын жеткізіп жатыр.

Қазір жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін облыста 130 мыңнан астам адам жер учаскесін алу  кезегінде тұрса, Ақтөбе қаласы бойынша 22 мың адам үй алу кезегіне тіркелген. Бердібек Машбекұлының айтуынша, биыл өңірде облыстық бюджет есебінен төрт қабатты 4 әлеуметтік үй салынады. Бұл үйлер де кезекте тұрған азаматтарға беріледі.

Біз «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын әрбір үйге кететін құрылыс материалдарын есептедік. Құрылысқа негізінен жергілікті материалдар пайдаланылады. Өйткені құрылысқа қажетті материалдардың 65 пайызы облыста өндіріледі. Кейбір материалдар көрші облыстан тасымалданады. Сонда құрылысқа қажетті материалдардың 85 пайызы қазақстандық мазмұнды қамтиды. Бізде металл, цемент жоқ. Сондықтан бұл материалдар көрші елден тасымалданады, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс әкімі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлер маңайында демалыс орындарын тұрғызу, бұл маңда шағын және орта бизнесті дамыту, өзен суын мақсатты пайдаланудың жоспарларымен де таныстырды.

Қалаға қарайтын 4 ауылдық округ бар. Сол округтерден кезектегі тұрғындарға жер беруді көздеп отырмыз. Қазір белгіленген жерлердің құжаттары дайындалып жатыр. Біз жыл сайын жеке тұрғын үй салу кезегінде тұрған 10 мың адамға жер беру турасында алдымызға жоспар қойдық. Қазір инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы екі мәселені алға тартты.  «Біз Энергетика және Қаржы министрліктеріне өтініш айтқан болатынбыз. Егер жоспардағы үйлер толық салынатын болса, бұл маңға қосалқы стансаның жарық таратуда күші жетпейді. Сондықтан қосымша станса салу керек. Бұл 2018 жылдың бюджетінде қаралған. Егер мүмкін болса, сол қаражатты бюджетті нақтылау кезінде 2017 жылға ауыстырса деген өтініш бар. Екінші мәселе — жылу жөнінен. Бұл маңда жылу орталығы бар. Егер үйлер толық пайдалануға берілсе, жылу орталығының мүмкіншілігі жетіспейді. Мүмкін болса, 2018 жылы жылу орталығын кеңейтуге қосымша қаржы бөлінсе дейміз», — деді аймақ басшысы.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button