Басты жаңалықтар

Ақтөбе кәсіпорындары немесе «Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс»

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болып, өндіріс орнының шығарған өнімдерімен және жобалармен танысты.  

Зауытты аралап көрген ҚР Премьер-Министрі өндірістің жұмыс жасау технологиясымен, кәсіпорынның бұдан кейінгі жоспарларымен танысты. Сонымен қатар, ол зауытта жұмыс істеп тұрған пештерді көріп, дайын өнім тиелетін бөлімде болды.

Еуразиялық топ (ERG) құрамындағы «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-ның ферроқорытпа зауытында жылына шамамен 300 мың тонна ферроқорытпа шығарылады.  Айта кету керек, зауыт пен тау-кен байыту комбинатында шикізатты өндіру, оны өңдеу және металл дайындауға дейінгі толық циклді жұмыстар жүргізіледі.

Кәсіпорынды аралап көрген Б.Сағынтаев облыстың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары Мемлекет басшысының Жолдауында белгілеген тапсырмаларды жүзеге асыруға өз үлесін қосу үшін барлық қажетті мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, өндіріске Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс элементтерін, оның ішінде, автоматтандыруды, роботтандыру, «үлкен көлемді деректермен алмасу» сынды өзге де заманауи жаңашылдықтарды ендіре алады.

Бұдан кейін Үкімет басшысы мінген көлік Ақтөбе рельс-арқалық зауытына келіп тоқтады. Мұнда Бақытжан Сағынтаевқа өндіріс орнының технологиялық ерекшеліктері таныстырылып, дайын өнім үлгілері көрсетілді.

Бүгінгі күні зауытта  «Siemens VIA Metals Techologies» атты жаңа технология қолданылады. Аталған технология зауытта шығарылатын рельстерді жоғары жылдамдықтағы қозғалыс желілерінде және жүк жүктемесі жоғары желілерде пайдалануға мүмкіндік береді. Зауыт өнімдері Алматы-1-Шу теміржол желісінің екінші жолдарын салу кезінде, сонымен қатар салынып жатқан Құрық портының паромдық кешенінің жобаларына апаратын жолдарда және Астана вокзал кешенінде пайдаланылады. Жалпы Қазақстанның магистральді теміржол желісін жаңғырту үшін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС арасындағы рельс сатып алу туралы ұзақ мерзімді келісімшарт аясында 2022 жылға дейін 600 мың тоннадан астам рельсті жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ, ішкі нарықта өнімнің үлесін көбейтуден өзге, өңірде өндірілетін рельс өнімдері Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Грузия, Түркіменстан, Ресей Федерациясы мен Эстония, Иранға экспортталады.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Президенттің Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, елімізде индустрияландыру жұмыстары Ақтөбе рельс-арқалық зауыты секілді жоғарғы экспорттық әлеуеті бар, бәсекеге қабілетті өндірістерді дамытуға басымдық бере отырып, жалғастырылатын болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button