Басты жаңалықтар

Экономиканы технологиялық жаңғырту — жақын болашақтағы басты басымдық

Сапар аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе рельс-арқалық зауытының мәжіліс залында облыстағы ірі өнеркәсіптік  кәсіпорындардың өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында өндірісті технологиялық жаңғыру мәселелері талқыланды.

Елбасының халыққа арнаған Жолдауында өндірісті модернизациялау арқылы технологиялық жаңғыру мәселесі ерекше айтылды. Егер біз технологиялық жаңғыру турасында әңгіме қозғасақ, бұл бір ғана кәсіпорынның алдындағы тапсырма емес, әкімдік пен Үкіметпен бірлесе отырып атқарылатын шаруа. Бүгін біз  екі кәсіпорынның жұмысымен таныстық. Олар — «Қазхромның» төртінші цехы мен рельс-арқалық шығаратын зауыт. Шынын айту керек, мен «Қазхромның» цехында болғанда бірде-бір жұмысшыны көрген жоқпын. Ақсу ферроқорытпа зауытымен салыстырғанда, мұнда тіпті бөлек, жаңарған технология негізінде жұмыс жүргізіледі. Ал рельс-арқалық шығаратын зауытта бір ауысымда 50 адам жұмыс жасайды.  Яғни, бұл да бүгінгі күні жаңа талаптарға жауап беретін жаңаша кәсіпорын болып саналады. Алдағы уақытта бұл кәсіпорын әлде де дамитын болады, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Кездесуде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты баяндады.

— Біздің қазіргі таңдағы жұмысымыз — Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында, Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау. Жалпы жылдың басталуы жаман емес, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер былтырғы жылдан жоғары. Біздің болжамымыз бойынша, бірінші тоқсан былтырғы жылмен салыстырғанда 3 пайызға өседі. Экономиканы технологиялық жаңғырту — басты міндет. Бұл орайда біз  кәсіпорын басшыларымен бірге жаңа технологияны, инновацияны енгізу бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Осыған байланысты құны  40 миллиард теңгенің  22 жаңа  технологиялық жобасы, экспортқа шығатын 5 жоба әзірленді. Тұрып қалған 6 кәсіпорын іске қосылады. Барлығы 390 миллиард теңге инвестиция тартылып, оның 55 миллиард теңгесі кәсіпорындарды технологиялық жарақтандыруға жұмсалады.  Бүгінгі күні кем дегенде онға жуық кәсіпорынды модернизациялауға күш салудамыз, — деп Бердібек Сапарбаев аймақта өндіріс көлемінің өткен жылмен салыстырғанда артқанын айтып,  экономиканың басым бағыттарының бірі — ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларының даму қарқынын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Өңір басшысының айтуынша, кәсіпорындарға экономикалық талдау жүргізілгенде 3 мыңға жуық қызметкердің босап қалатыны болжанған. Алайда осы 3 мыңға жуық қызметкерді жұмысқа орналастыру туралы ірі кәсіпорындармен меморандум жасалған.

Кеңес барысында өңірдегі ірі кәсіпорындардың өкілдері —  «ERG» директорлар кеңесінің төрағасы А.Машкевич, «СНПС — Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Т.Есенғұлов, «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС технология және сапа жөніндегі директоры М.Ибрагимов, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары А.Топчиев, «Айс+» ЖШС директоры Қ.Ищанов және басқалары Премьер-Министрге өз кәсіпорындарын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жаңа технологиялардың енгізілуі туралы айтып берді. Баяндамаларды тыңдағаннан соң Бақытжан Сағынтаев дәстүрлі секторлар мен қызмет көрсету саласының тоғысында туындайтын жаңа индустрияларды кеңінен тарату мәселесін әкімдіктің ерекше назарына алу қажеттігін айтты. Сонымен қатар ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында әкімдіктер жұмысының тиімділігін құрылған жұмыс орындарының санымен бағалауды белгілеп бергенін еске салды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономиканы үдемелі технологиялық жаңғыртуды еліміз үшін жақын болашақтағы басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап берді. Атап айтқанда, Үкімет алдына сандық технологияларды және «Индустрия 4.0» төртінші индустриалдық төңкерістің элементтерін қолданумен құрылатын жаңа индустрияларды кеңінен тарату міндеті қойылды. Үкімет бұл жұмысты жүргізу үшін қажетті жағдайларды жасауға кірісті. Дәлірек айтқанда, биылғы жылдың соңына дейін 2025 жылға дейінгі өнеркәсіп секторларын технологиялық жаңғырту бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады. Онда тиісті құралдар мен тетіктер қамтылады, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Жиын барысында Премьер-Министр Бердібек Машбекұлына аймақта отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бойынша шаралар кешенін қалыптастыруды жылдамдатуды тапсырды. Сондай-ақ, ол әлеуметтік экономиканы ырықтандыру, кәсіпкерлікті дамыту жеке секторда жаңа жұмыс орындарын ашу үшін маңызды ынталандыру түріне айналуы тиіс екенін ерекше атап, шетел инвестицияларын тарту үшін «Қазақинвест» компаниясы құрылғанын және инвестицияларды тартуға ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button