Басты жаңалықтар

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ: Ақтөбе облысында жасалып жатқан жұмыстарға жаның сүйсінеді

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев екі күндік арнайы жұмыс сапарымен біздің облысымызда болды.

Үкімет басшысымен бірге Ақтөбеге «Атамекен» Ұлттық ұлттық кәсіпкерлер палатасының Президиум төрағасы Тимур Құлыбаев, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов, Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов, Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов, тағы басқа лауазым иелері келді.

Бақытжан САҒЫНТАЕВ: Ішкі нарықты өзіміздің өнімдерімізбен қамтамасыз етуіміз керек

Сәрсенбі күні Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ең алдымен «Грин Хаус Қазақстан» жылыжай кешеніне барды.

Бұған дейін Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарына жұмыс сапарымен барған  Премьер-Министр әуелі Ақтөбедегі жылыжайдың жұмысымен танысты. Голландиялық технология бойынша салынған жобаның жалпы құны — 4,9 миллиард теңге. Ал кешеннің аумағы 9,5 гектарды алып жатыр. Сала мамандардың сөзінше, «ҚазАгро» ұлттық холдингі қаржыландырған жылыжай — елімізде теңдесі жоқ жоба.

— Қазақстанда жартылай жабық типтегі жылыжай осы Ақтөбеде салынды. Оның елімізде әзірге баламасы жоқ. Жылыжай құрылысында жаңа инновациялық технологиялар қолданылды. Соның арқасында мейлінше мол өнім алуға мүмкіндігіміз бар. Қазірдің өзінде өнімдерімізбен түгелдей облыс халқын қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Ішкі нарықты толықтай игерген соң экспортқа да кірісуіміз әбден мүмкін.

Біздегі жылыжайдың тағы бір артықшылығы, электрэнергиясын өзіміз өндіреміз. Яғни сол арқылы өнімдеріміздің бағасы, басқалармен салыстырғанда, арзан болады деп күтілуде. Әрі бұл — экологиялық жағынан таза өнім. Сапасы да талапқа сай болмақ. Жылыжай кешені жүз пайыз жұмысқа кіріскенде, мұнда 150 адам еңбек етпек, — дейді жоба директоры Мақсат Бектаев. 

Қызанақ пен қияр өсірілетін жылыжай кешенін аралап көрген Бақытжан Сағынтаев осындағы жылжымалы көрмені тамашалады. Мұнда ауылшаруашылық техникасы мен жергілікті тауарөндірушілердің өнімдері қойылды. Артынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылған міндеттердің орындалу барысы туралы баяндады. Сонымен бірге, өңірдегі ет кластерін дамыту, суармалы жерлерді пайдалану және ұлғайту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, өніраралық ынтымақтастық, т.б. жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар сөз етілді.

Содан соң осы салада тер төгіп жүрген кәсіпкерлермен, сала мамандарымен кездескен Үкімет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің дамуына елімізде ерекше мән беріліп отырғанын, болашақта бұл тіптен басым бағыттардың біріне айналатынын атап өтті. Бір ғана мысал, осы жылдан бастап Үкіметтің бастамасымен 2017-2021 жылдарға арналған осы саланы дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, әсіресе, сала кәсіпорындарының қайта өңдеу, жүктелу үлесін арттыру — басты мақсат.

— Ең бірінші кезекте еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін, әрине, ішкі нарықты өзіміздің өнімдерімізбен 80 пайызға дейін қамтуға тиіспіз. Ең бастысы сол. Еуразиялық одақтың құрамына кірген соң, шығарған өнімдеріміз бәсекеге төтеп беретін болуы керек. Яғни сапасы жоғары, бағасы халыққа қолайлы болуы қажет.  

Сыртқы нарыққа шығуды да бірте-бірте қолға алуымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болуымен тауарларымызды Қытайға жөнелтуіміз мүмкін. Мысалы, қытайлықтарға біздің ұн ұнайды. Олар Қазақстанның ұны өте керемет дейді. Етіміз бен сұйық майымызды да мақтайды. Бұл — сұраныс бар деген сөз.

Ақтөбе негізінен индустриялдық аймақ болса да, ауылшаруашылық саласы бойынша да әлеуеті жоғары. Сондықтан Қазақстанның брендін қалыптастыруда бірігіп күш салуымыз керек. Бұл салада атқарған жұмыстарыңыз жемісті болсын! — деп сөзін түйіндеді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button