Басты жаңалықтар

Сұйытылған газ тапшылығын жою шаралары алынды

Ақтөбе қаласындағы барлық газ құю стансаларында сұйытылған газды беру басталады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ сұйытылған газды жеткізіп, өткізумен шұғылданатын компаниялардың басшылары қатысуымен өткен кеңесте осындай тапсырма берді.

— Энергетика министрлігі бізге қажетті мөлшерде квота бөлгеніне қарамастан, соңғы бес күнде газбен қамтамасыз етуде проблема болып тұр. Қаңтар-ақпан айларында мұндай проблема туындаған жоқ, ақпан айымен салыстырғанда автокөлік санының күрт өсуі байқалмайды, сонда бүгінгідей ахуал неге туындайды? Біз осы жағдайдың туындау себептерін анықтап, болашақта оған жол бермеу үшін шараларын алуымыз керек. Біз жүргізушілерді көліктерін газға көшіруге үгіттейміз, ал өзіміз оларды қамтамасыз ете алмаймыз, — деп атап көрсетті облыс әкімі.

Облыс әкімінің орынбасары Жаңабай Бексары облысқа бөлініп отырған квотаның өңірдің нақты қажеттілігін толығымен жаба алмайтындығын айтты.

— Министрлік тарапынан облыс үшін 5200 тонна мөлшерінде квота белгіленген, ол 4 газ желісі ұйымы арасында бөлінеді. Сонымен бірге,  облыстың сұйытылған мұнай газына қажеттілігі қазіргі сәтте 7 мың тоннадан астам мөлшерді құрайды, оның ішінде тұрғындардың қажеттілігі — 228 тонна, автокөлік құралдарының қажеті 7000 тонна шамасы. Бұл, бірінші кезекте, газға көшірілген көліктер санының өсуімен байланысты, ол 2016 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 20696-дан 31871-ге дейін өсіп, 54% құрады. Бұдан басқа, жағдайға жанама түрде әсер етіп отырған бір жай — сұйытылған газды өндіруші «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ газ желісі ұйымдарымен арадағы келісімшартқа сәйкес 100% алдын ала төлемді талап етті, осындай себептен газ желісі ұйымдары мен газ құюшыларда қажетті өнімді дер кезінде сатып алуда проблемалар туындады, — деп хабарлады Жаңабай Бексары.

Сондай-ақ, Ақтөбеде газ тапшылығы туындауының бір себебі — қаланың газбен жабдықтаушылары арасында газды бөлу бойынша газ желісі ұйымдары теңдігін бұзу, газ үшін алдын ала төлем жасауға қажетті ауқымды қаржыны қамтамасыз ету үшін соңғысының талонды алып-сатуы   болып табылады.

Облыс әкімі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы, табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департамент басшылығын тиісті дәрежеде жұмыс жүргізбегені және осындай жағдайға жол бермеу шараларын дер кезінде қабылдамағаны үшін сын тезіне алып, орын алған деректер бойынша тиісті органдар тарапынан тексеру жүргізіліп, оның нәтижелері бойынша қатаң әкімшілік шаралар қолданылатындығын атап көрсетті.

— Біз қосымша газ мөлшерін бөлетін өндіруші-компанияның басшылығымен байланыстық. Жалпы алғанда бұл салада тәртіпті қолға алып, қалыпты есептесулер жүргізіп және мұндай проблемаларды алдағы уақытта болдырмау үшін барлық шараларды қабылдауымыз керек. Бүгін барлық газ беру стансалары сұйытылған газды шектеусіз беруді бастауы керек, — деді жиын қорытындысында Бердібек Сапарбаев.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button