ЖастарЖаңалықтарТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Жастар және рухани тәрбие

Ақтөбеде «Діншілдік, дінішілік келісім және рухани тәрбие» атты республикалық ғылыми конференция өтті.

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған конференция Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен облыстық «Руханият» музейінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді. Жиынға қатысқан ғалымдар еліміздегі және Орталық Азия аймағындағы діни ахуал, діни және рухани тәрбие, дінішілік келісім мәселелері, сондай-ақ Батыс Қазақстандағы діни қайраткерлердің рухани мәдениетке қосқан үлесі, мәдени-тарихи және діни мұраны сақтау мәселелері төңірегінде сөз қозғады.

Пленарлық мәжілісте Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ «Білім мен тәрбиенің дүниетанымдық және әлеуметтік мәселелері» ғылыми орталығының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Айталы, философия ғылымдарының докторы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің профессоры А.Тайжанов, философия ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры А.Әбуов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Смағұлова, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Т.Оспан, Әбілқайыр хан мемориалдық музейінің меңгерушісі Б.Мырзабай, т.б. баяндама жасады.

Профессор Алтай Тайжанов қоғамда діннің руханият бастауы ретінде алатын орнының ерекшелігіне тоқтала келе, жастарға діни білім мен рухани тәрбие беру мәселелері төңірегінде ой қозғады.

— Діни және дінтанулық білім беру жалаң процесс емес,  ол — жастардың рухани тәрбиесімен тікелей байланысы бар маңызды мәселе. Елімізде дінге бойсұнушылардың да, оны насихаттаушылардың да саны күннен-күнге өсіп келеді. Бүгінде білсін, білмесін, дінге құлау етек алды, біздің болмысымызға жат діни ағымдарға бой алдырушылар да аз емес, — деп атап өтті А.Тайжанов.

Жастарымыздың бір бөлігі жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдап жүр, себебі шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз. Осы орайда Алтай Тайжанов:

— Осы сала бойынша білім берумен айналысып жүрген азаматтар, жастар тәрбиесіне бейтарап қарамайтын зиялы қауым өкілдері дінді түсіндіргенде, жастардың өміріне зиян келтіріп алмау жағын ойластыруы  керек. Жат ағымдар өкілдері қас қағым уақытта адамның, әсіресе, жастардың санасын улап, адамгершіліктен жұрдай етіп, өзгертіп жібереді. Соның салдарынан ата-анасынан, бауырынан, бала-шағасынан, ағайын-туысынан, ұлтынан, Отанынан айырады, білімнен, өнерден, қызметінен бас тартқызады. Ал ұлттық дәстүрмен диалектикалық байланыста қалыптасқан дін мен діни білім, ұлттық ұстаным  жастарды имандылыққа тәрбиелейді. Дін — тәрбие, дін — мәдениет дегенде, ол сол адамдардың имандылық бағытындағы дүниетанымымен байланысты. Бұл — діннің тәрбиелік жағы. Көпшіліктің діннен күтетін басты үміті де осы, — деді. Конференцияда Ақтөбе өңірінен шыққан дін қайраткерлері, олардың тағдыры туралы да сөз қозғалды. Айталық, облыстық тарихи-өлкетану музейінің

аға ғылыми қызметкері Л.Нүркеева «Ақтөбедегі алғашқы мешіт: қайраткерлер тағдыры» атты баяндамасында:

— 1900 жылы Ақтөбе бекінісіндегі барлық мұсылмандар кеңесе келе, қаражат жиып, мешіт құрылысын бастауды жөн көреді. Түрлі қиындықтар мен аштыққа қарамастан, 1901 жылдың жаз айында мешіттің іргетасы қаланған. Жаңа мешітте алғашқы намаз 1904 жылы оқылды. Ал енді Ақтөбе қаласындағы алғашқы мешітті көтеріп, ұрпақтың рухани кемелденуіне үлес қосқан азаматтар кімдер болды екен? Жергілікті тұрғын, көнекөз қария Арыстан атаның айтуынша, олар — татар көпес Шахбулатбай Джабаров, оның орынборлық досы Махмұтбай Ибрагимов, Ахмет Садықов, Арынғазы хан әулетінің өкілі Мырзақай Ғаббасов, мешіттің алғашқы имамы Ибрагим Мажитов, алғашқы азаншысы Ғарифолла Януаров, шебер Вали Усманов секілді жандар еді. 1892 жылы Орынбордан көшіп келген ақтөбелік алғашқы молда Ахмет Фазыл Құрбанаев та мешіт құрылысына ақша бөлген. Бұл азаматтардың бір бөлігі, өкінішке қарай, кейін Кеңес өкіметінің солақай саясатының құрбанына айналды. Ақтөбе қалалық мешіті тұрғындарға жарты ғасыр қызмет көрсетіп, 1929 жылы жабылған, мешіттің имамы Нұрмұхамед Имшиев пен 68 жастағы азаншы Ғарифолла қажы Януаров тұтқындалған. Януаровтың балалары оның жинаған құнды жазба мұраларын, саяси қуғыннан қорқып, өртеп жіберген екен, — деп, Ақтөбе қаласындағы алғашқы мешіт пен оның ашылуына атсалысқан азаматтардың тағдырына қатысты деректерді жария етті.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button