ЖаңалықтарТәуелсіздіктің 25 жылдығы

«Тәуелсіздік — тірегім»

Байғанин ауданында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Ғ.Жұбанова атындағы филармонияның әншісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаеваның «Тәуелсіздік — тірегім» атты жеке концерті өтті.
Бұл шараны ҚР мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев пен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұйымдастырған болатын. Жоспарлы 25 іс-шараны олар Байғанин ауданынан бастады, одан әрі барлық аудандарды аралайды.
Байғанин аудандық Мәдениет үйінде ине шаншар орын қалмады, халық тайлы-таяғы қалмай жиылды.
Концертті ҚР мәдениет саласының үздігі Орал Байсеңгір жүргізді.
Алдымен «Арайлы Ақтөбе» (көркемдік жетекшісі — Олжас Кәртен) фольклорлық ансамблі Қазанғаптың «Ақжелең» күйін шалқытты. Бұрын осы ауданда Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрі болған еді, байғаниндіктер халық композиторының аты аталғанда, дүркірете қол соқты.
Бұлбұл көмей әнші Светлана Айтбаева концерттің алғашқы бөлімінде «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен қазақтың «Әриайдай», «Ағажай Алтай», «Ақтамақ», «Жалт-жұлт еткен дүние-ай», қырғыздың «Таң сыры», орыстың «Ах, Самара, городок» сияқты халық әндерін шырқаса, екінші бөлімінде қазіргі заманғы композиторлардың және Қанат Айтбаевтың эстрадалық әндерін орындады.
Орал Байсеңгір Светқали Нұржановтың Жем-Сағыздың аруларына арнаған «Ай, қалқа» өлеңіне жазылған Есенбай Құлиевтің әнін және «Біздің ауыл тамаша» әнін айтты.
Өнерге сусаған халық Светалана Айтбаевадай сүйікті әншісінің тамаша әндерін тыңдап, бір жасап қалды.
Концерттің соңында аудан әкімі Мамырғали Аққағазов сөз алып, С.Айтбаеваға ықылас гүлі мен Алғыс хат табыс етті.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button