Жаңалықтар

Кінәлілер анықталады…

Ақтөбе облыстық прокуратурасында денсаулық сақтау мекемелеріндегі заңсыздықтарға қатысты баспасөз брифингі өтті.
Облыстық прокуратураның бірінші басқарма басшысы Маратбек Мырзамұратовтың айтуынша, жыл сайын медициналық қызметтің сапасына қатысты шағым көбейіп барады. Мәселен, 2013 жылы 24 дерек тікелсе, 2014 — те 48, 2015 жылы 61 дерек тіркелген.
— Тексеру жұмыстары кезінде түрлі заңбұзушылықтар анықталды. Оның ішінде нақты диагноз қоймау, тегін көрсетілетін көмектің орнына ақылы түрде қызмет көрсету секілді деректер жиі тіркелді. Мәселен, Мұғалжар ауданында дәрігерлердің салғырттығынан оқушылар туберкулез ауруын жұқтырған. Қазіргі күні қылмыстық іс қозғалып ішкі істер органдарының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүрігізіп жатыр. Кінәлілер анықталады, — деді Маратбек Мырзамұратов.
Сондай-ақ Алға ауданында да осыған ұқсас жағдай орын алған. Прокуратураға баласы қайтыс болған ана шағымданды. Тексеру кезінде баланың өліміне дәрігерлердің кінәлі екені белгілі болады. Нақты диагноз қойылмаған. Ыстығы көтеріліп, кеуде тұсы ауырған баланы дәрігерлер үйіне қайтарып жіберген. Баласының қызуы түспей, әлсіреп бара жатқанын көрген ана бірнеше рет аудандық ауруханаға барады. Алайда нәтиже болмаған. Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасына шағымданғаннан кейін барып, Астана қаласына жіберіледі. Дәрігерлер ақ қан ауруы екенін анықтайды. Алайда диагноз кеш қойылғандықтан 11 жастағы бала көз жұмады.
Облыстың денсаулық сақтау мекемелері арасында тегін көрсетілетін медициналық көмектің орнына ақылы түрде көмек көрсету дерегі жиі орын алған. Әйтеке би ауданында медициналық көмекке 6,1 миллион теңге бөлінген. Емдеу мекемесі денсаулық сақтау басқармасына барлық қаражаттың толық игерілгенін көрсетіп, есеп береді. Бірақ тексеру кезінде өмірде жоқ қайтыс болған он адамды тізімде көрсеткен. Ақтөбе қаласындағы №3 емханада да осындай оқиға орын алған. Жалпы аталған емханаға қатысты арыз-шағымдар көп. Оның ішінде қызметкерлер қан тапсыру, ультра дыбыстық зерттеу, В, С гепатиті бойынша сараптама жүргізу сияқты тегін қызмет түрлерін ақылы түрде көрсеткен. Ал Шалқар ауданында тегін берілетін дәрі-дәрмекке қатысты 12 дерек тіркелген. Шағымданушылар бірнеше рет тегін дәріні алмақ болғанымен, емдеу мекемелері «дәрі жоқ» деген сылтаумен кері қайтарған. Ал Хромтау ауданында бронх демікпесімен ауыратын екі адам жыл бойы тегін берілетін дәрі-дәрмекті сатып алып келген. Қазіргі күні осы деректер бойынша іс қаралып жатыр. Жалпы тегін көрсетілетін медициналық қызметке қатысты 208 дерек тіркелген. Оның ішінде 49 дерек Ақтөбе қаласы бойынша тіркелген.
Сондай-ақ облыстық прокуратура биыл 38 тексеру жұмысын жүргізіп, 369 заң бұзушылықты анықтап, жойған. Ал 51 заңбұзушылық дерегі бойынша ұсыныс қаралып, 1 арыз қанағаттандырылған және екі дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сонымен бірге бұл күні облыс әкімінің орынбасары Асқар Шерияздановтың қатысуымен облыстық прокуратурада денсаулық сақтау саласындағы заң талаптарының сақталуына қатысты алқа мәжілісі өтті. Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасы, медициналық бақылау және фармацевтикалық қызмет департаментінің басшылары мен аудандық ауруханалардың бас дәрігерлері қатысты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button