Жаңалықтар

Астанада — «Көшпенділер» көрмесі

Бүгін Астанадағы Ұлттық музейде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған республикалық іс-шаралардың жоспарына сәйкес ақтөбелік мүсінші Марат Габдрахмановтың «Көшпенділер» атты көрмесі ашылады. Онда мүсіншінің қазақтың мәдениеті мен тарихына, этнографиясына қатысты күмістен, қоладан, темірден жасалған 50-ге жуық шағын мүсіндері қойылған.
Марат — Ресейдің Нижний Тагиль қаласындағы Орал қолданбалы өнер училищесінің металл өңдеу бөлімін бітірген. Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің көркемсурет бөлімінде білім алған. Қазір Ақтөбе облыстық өнер музейінің директоры.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Елбасының «Болашақ» бағдарламасы бойынша Американың Нью-Йорк қаласындағы «PRATT» өнер институтында білімін ұштаған мүсінші Марат Габдрахмановтың дербес шығармашылық көрмелері өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де өтіп жүр.
— Ақтөбе облысының Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық деңгейдегі жеті іс-шарасының соңғысы осы көрме. Көрмеге қойылған дүниелердің ішінде дербес көрмелерімді өткізгенде халықтың назарын аударған күмістен жасалған «Ату алдында», «Амазонка», «Атилла», қоладан жасалған тарихи тұлғалар бейнеленген жұмыстардың сериясы бар.
Ұлттық музейде көрмемнің ұйымдастырылуы мен үшін де мәртебе, әрине, көп көрменің ішінен таңдаудың менің жұмыстарыма түскеніне қуаныштымын. Астаналықтардың бұл көрмені бір ай бойы тамашалауға мүмкіндігі бар, — дейді Марат Рахметоллаұлы.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button